KZ
KZ RU
18 сәуір 2013 10:55

«Шахтердің» қарқыны қайда кеткен?

18 сәуір 2013 10:55

 

"Шахтердің" қорғанысынан береке кетті. Біріншілікте ең көп гол жіберіп алған да осы қарағандылықтар. Биыл "Шахтердің" Чемпиондар лигасына қатысатынын ескерсек, бұл жайт тек қарағандылықтарды ғана емес, отандық футболсүйер қауымның барлығын да алаңдататыны жасырын емес. Сондықтан, команданың бүгінгі халі мен сәтсіздіктерінің себебін бас бапкері Виктор Кумыковтан сұраған едік.
 
- Виктор Балютович, соңғы кездері "Шахтер" жанкүйерлерін қуанта алар емес. Командаға не көрінген?
- Командадағы жағдай бір қалыпты. Ешкім бұл жайында баз кешіп жүрген жоқ. Өйткені, футбол тек жеңістерден ғана тұрмайды. Тіпті, чемпиондар да жеңіледі. Оның үстіне, алаңдауға негіз жоқ. Алда әлі талай ойын бар. Қуып жетеміз. Жалпы дайындығымыз жаман емес. Өз ойындарымызды сараптаудан өткізіп, қателіктерімізді зерттеп жатырмыз. Жігіттердің физикалық жағдайы да, психологиялық жағдайы да жақсы. Дегенмен, сәттіліктің жолдас болмай жүргені рас. Мәселен, "Астанамен" болған кездесуде  гол соғатын талай мүмкіндіктерді жіберіп алдық. Бірақ, болашақта бәрі қалпына келеді деп үміттенемін.
 
- "Шахтер" бәрінен де көп гол жіберіп алған команда. 10 доп деген аз емес. Осының салдарын талқылап көрдіңіздер ме? Мәселен, талай жылдан бері "Шахтердің" орталық қорғаныс шебінде Джидич пен Василевич ойнады. Бірақ Джидич жарақат алып қалды да, орнын басқа ойыншы алмастырды. Бәлкім, бар себеп осында жатқан шығар?
 
- Иә, біз де осы жағын ойлағанбыз. Өткен маусымда біз чемпионат бойы қақпамызға 14-ақ гол жіберіп алғанбыз. Ал қазір небәрі бес-ақ ойында қақпамызға 10 гол жіберіп үлгердік. Әлбетте, бұл жақсылықтың нышаны емес. Дегенмен, бұл проблеманың ар жағында Джидич тұр деп ойламаймын. Рас, Джидич командамыздың негізгі ойыншысы. Жарақат алып қалғаны жаман болды. Бірақ оның орнын басқан Сергей Малый да осал емес. Басқа да салдары бар. Мәселен, қақпа шебі де ойлантады. Болмашы доптардың барлығы қақпамызға соғылып жатыр. Оның үстіне, жоғары атап өткенімдей сәттіліктің де жетіспей тұрғанын айта кету керек. Өз мүмкіндіктерімізді голға айналдыра алмай жүрміз.
 
- Джидичтен хабар бар ма? Оны қашан алаңнан көре аламыз?
- Иә, ақырындап жаттығуды бастады. Шамамен екі-үш турдан кейін, яғни мамыр айының басында алаңға шығып қалуы мүмкін.
 
- Қақпа мәселесін де айтып қалдыңыз. Жастар сапында жасындай жарқылдап жүрген Сергей Ткачукты негізгі құрамға шақыртып көру жайлы ойланбадыңыз ба?
- Мұны да естен шығармаймыз. Ол команда сапында "Жетісумен" болған кездесуде алаңға шыққан. Дегенмен, өздеріңіз білесіздер, қақпа шебіне барынша мұқият болуымыз керек. Біз Ткачукты бірден командаға қосудан гөір ақырындап шақыруды дұрыс көреміз.
 
- Команда сапында Тәжімбетов пен Финонченко сынды керемет шабуылшылардың болғанына қарамастан "Астанаға" қарсы ойында алғы шепте жап-жас Жаңғылышбай мен Вишняков алаңға шықты. Мұның себебі неде?
- Дәл қазір Дәуренбек екі тайм бойы толық ойнауға дайын емес. Мен мұны мына нәрсемен байланыстырамын. Ол ұлттық құраманың жиынында 13 күн бойы жүрді де, бірақ алаңға шыққан жоқ. "Астанамен" болған кездесуде шабуылды күшейту үшін біз оны екінші таймға шығарамыз деп жоспарлағанбыз. Ал Андрей жайлы айтар болсам, оның жарақаты бар. Тізесін ауыртып алған. Толық жазылып алғаны дұрыс. Сондай-ақ, Луниннің де жарақаты бар. Жалпы, Лунин сияқты жас ойыншылар алтынмен тең. Сондықтан, оның жоқтығы бізге Джидичтің жоқтығынан да қатты білінеді.
 
- Виктор Балютович, тактикалық өзгерістерді енгізу тұрғысынан сіз еліміздегі үздік бапкерлердің бірі болып саналасыз. Бәлкім, "Шахтерге" жаңа тактика ойлап табу керек шығар?
- Әлбетте, ойын өрнегімізді әрдайым түлетуге тырысамыз. Ойын жүйемізді жиі өзгертіп, қарсыластарымыздың басын қатырамыз. Стандарттық жағдайлардың да сан түрін ойлап шығардық. Дегенмен, командадағы жаңа ойыншыларға жаңа жүйеге үйрену үшін әлі де уақыт қажет.
 
- Бәлкім, сәтсіздіктердің бар салдары Теміртаудағы алаңның сапасында болар?
- Теміртауда біз тек қана ресми ойындарымызды өткіземіз. Ал жаттығуларымыз одан да нашар алаңда жүріп жатыр. Теміртауға күніне екі рет барып, жаттығу жасау бар уақытымызды алады. Дегенмен, сөзіңіздің жаны бар. Алаңның сапасы да жақсы ойнауымызға кедергі болып жатыр.
 
- «Шахтер» Чемпиондар лигасында Қарағанды қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын қорғайды. Артылар жауапкершілік зор. Осы орайда "Шахтердің" құрамын әлі де күшейту керек шығар?
- Иә, бұл тұрғыда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ бәрі бізге ғана байланысты емес. Біз Қазақстандағы ең бай клуб емеспіз. Әр ақшаны үнемдеп, ұқыппен жұмсау керек. Әлбетте, команданы міндетті түрде қарымды ойыншылармен толықтыратын боламыз. Жалпы, не болса да, Чемпиондар лигасында бар өнерімізді салуға тырысамыз.
 
- Ендігі турда "Шахтер" "Атыраумен" кездеседі. Бұл команда биыл қақпаларына небәрі 4-ақ доп жіберген. Бұл командаға қарсы қалай ойнайтындықтарыңызды шешіп қойдыңыз ба?
- "Атыраудың" әр ойынын мұқият зерттеп жатырмыз. Тек жеңіске ұмтыламыз. Басқа жоспар жоқ.
 
- Бүгінде "Шахтерге" тек Қарағанды қаласынан ғана емес, бүкіл Қазақстаннан жанкүйерлер табылып жатыр...
- Бізге қазір қолдау қатты қажет. Өйткені, ойынымыз жүрмей жатқаны шындық. Дегенмен, бәрі де уақытша. Мұның алдындағы маусымда да солай болған. Артынан өз ойынымызды тауып, чемпион болдық қой. Қандай қиындық болса да мойымау керек. Ал жанкүйерлердің қолдауы бізге қосымша дем береді. Біз олардың қолдауларын сеземіз. Нағыз жанкүйерлер қандай жағдай болмасын, әрдайымыз қасымыздан табылады.
 
Сәкен Спанов, арнайы КФЛ сайты үшін