KZ
KZ RU
02 мамыр 2024 15:10
ӘЙЕЛДЕР КУБОГЫ

Шымкентте QFL Әйелдер кубогы сарапқа салынуда

02 мамыр 2024 15:10

Шымкент қаласындағы «БИІК» спорт кешенінде QFL Әйелдер кубогы басталып кетті. Алғашқы матч Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Қазақстанда ең көп жеңімпаз атанған «БИІК-Шымкент» арасында өтті. Ойын 0:5 есебімен номиналды қонақтардың пайдасына шешілді. Ал голдарды Гульнара Габелия, Жанеля Ержанова, Валерия Попова және екі мәрте Әселхан Тұрлыбекова соқты.

 

«Ойынның алғашқы бөлігі біз ойлағандай өтпей, жас футболшылар айтарлықтай қарсылық танытты. Алайда бірінші голдан соң, өзімізді сенімдірек сезіндік. Команданы кубоктағы алғашқы жеңісімен құттықтаймын!» — деді, «БИІК-Шымкент» клубының ойыншысы Гульнара Габелиа.

 

QFL Әйелдер кубогының бірінші турында сондай-ақ «Томирис-Тұран» мен «Ордабасы» кездесіп, шымкенттіктер 1:2 есебімен басым түсті.«Ордабасы» сапында Блессинг Оволаби мен Фатима Сатығалиева көзге түссе, «Томирис-Тұраннан» Анель Мамырова тек пенальти арқылы жауап қата алды.

 

«Кездесу тартысты өтті. Барлық ойыншылардың дайындалғаны көзге көрініп тұр. Өкінішке қарай, бүгін біздің жолымыз болмады. Дегенмен бұнымен тоқтап қалмай, ары қарай дайындықты жалғастырамыз. Жеңіс күндер алда деп сенемін!» — деп, «Томирис-Тұран» клубының капитаны Назерке Шалмұханбетова пікірін білдірді.

 

Айта кетейік, тағы бір қатысушы «Ақтөбе» ФК өз матчын 3 мамыр күні 16:00-де «БИІК-Шымкент» ұжымына қарсы өткізеді. Сонымен қатар, екінші тур аясында «Оқжетпес» пен «Томирис-Тұран» жолығады. Қалған ойындар 5-9 мамыр аралығына жоспарланған. Турнирдің барлық матчтарын Q Football, Q Arena, Q League телеарналары мен QFL.KZ сайты тікелей эфирде ұсынады.