KZ
KZ RU
05 қыркүйек 2024 08:48
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

Сырт алаңда ойнау жеңілірек – Вахид Масудов

05 қыркүйек 2024 08:48

2024 жылдың 25 маусымынан бастап, «Алтай» клубын отандық футболдың ардагері, тәжірибелі маман Вахид Масудов жаттықтырады. Оның басшылығымен команда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, өткен 9 ойында тек «Ұлытаудан» ғана есе жіберді. Енді алдағы турда «Ақжайыққа» қарсы кездесудің алдында өскемендік клубтың бас бапкері QFL.KZ сайтына сұхбат берді.

 

- Вахид Юнусович, 22 турдың қорытындысы бойынша, «Алтай» ұшу қаупінен құтылды. Жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенімен, команда турнирдің кестесінің 10-шы орынында тұр. Қалған турларда сіздер үшін қандай мотивация бар?

- Ұшу аймағынан алысқа ұзап кеткеніміздің өзі жақсы деп ойлаймын. Ал мотивацияға келетін болсақ, кез келген бапкер тек қана жеңіске жеткенді қалайды. Оның ішінде мен де бармын. Біз командамызбен бірге одан әрі жоғарлауды қалаймыз. Қалай болады? Бұл енді басқа сұрақ.

 

- 23-ші турдың алғашқы матчында «Ақжайықты» қабылдайсыздар. Қарсыласты қалай бағалайсыздар? Кездесу алдында қандай кадрлық мәселелер бар?

- «Ақжайыққа» қарсы матч өте қызықты өтеді. Өйткені мен бұл клубта жұмыс істегенмін және көп футболшылармен таныспын. Дей тұра, бізде де кішігірім мәселелер бар. Жарақатына байланысты Сергей Хижниченко қатыса алмаса, Асылбек Сейітқалиев пен Аслан Жанұзақов ескерту қағазына байланысты алаңға шықпайды, Сергей Иванов ойнамайды. Бұл ойыншылардың барлығы дерлік негізгі құрамның футболшылары және алаңда орындары білінеді. Алайда біз қарсыласуға дайынбыз. Әр матчта жеңіске жеткіміз келеді. Әсіресе өз жанкүйерлеріміздің алдында жеңістер аз болып тұр. Біз «Ақжайықты» жеңіп, алға қадам жасауымыз қажет.

 

- Маусым басында өскемендік ұжымға 33 жастағы Сергей Хижниченко «Алтай» қатарын толықтырып еді. Бұл футболшы құрамға, клубқа қаншалықты оң әсерін тигізуде?

- Сергей Хижниченконы алаңда үнемі көргіміз келеді. Өкінішке қарай, ескі жарақаты сыр беруде. Бірақ ол жасыл алаңда да, жаттығу бөлмесінде де көшбасшы ретінде жауапкершілік ала алады. Сергейді өте тәртіпті әрі жақсы футболшы екенін бұрыннан білемін.

 

- Дәл қазіргі сәтте құрамда қандай мәселелер бар? Қандай ойын стилін қолдануға мән бересіз?

- Командада сапалы футболшылардың болғанын қалаймын. Қазір қолда бар ресурстармен жұмыс істеудеміз. Стиль тұрғысынан жиі шабуылдағанды қалаймыз. Себебі, жаттығу барысында шабуыл шебіндегі тактикаларымызды барынша шыңдауға күш саламыз. Сапымызда жас ойыншылар көп екенін түсінеміз және ойлаған жоспарымыз үнемі жүзеге аса бермейді. Дегенмен, алға ұмтылуға тырысып жатырмыз.

 

- «Алтай» клубының ерекшелігі - өз алаңынан қарағанда, түзде өте жақсы өнер көрсетеді. Тіпті өз жерінде ең көп ұпай жинаған «Жетісайдан» кем түспедіңіздер. Бұның сыры неде?

- Үй мен түздегі матчтарға байланысты айтар болсам, бізге түзде доп тебу жеңілірек. Себебі, алаң иелері шабуылға ұмтылып, бос кеңістік қалдырады. Алайда ойынымыз әлі толыққанды құрылмады. Қарымта шабуылға шығу жеңілірек. Өйткені құрамымызда жылдам футболшыларымыз бар. Әрине, барлығы біздің ойымыздағыдай бола бермейді. Алайда оң нәтиже бар.

 

- Ұзақ жылдық бапкерлік жолда жүрсіз. Көптеген жанкүйерлер қазір футбол алға кетіп қалды десе, бірі бұрынғы футболды аңсап жатады. Сіз маман ретінде отандық 1XBET QFL Бірінші лигасындағы өзгерістерді, даму деңгейін қалай бағалар едіңіз?

- Әрине, 1XBET QFL Бірінші лигасында көптеген өзгерістер болды. Өзіңіз білетіндей, шетелдік футболшылар жоқ. Бұған дейін клубтар 3 легионерді шығара алатын еді. Бұл барлық командалардың мүмкіншіліктерін теңестіреді. Алайда кімнің футболшылары сәл мықтырақ, тәжірибесі көп болса, сол клуб жақсы орынға үміттене алады.

 

Айта кетейік, бүгін 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 23-ші турында «Алтай» оралдық «Ақжайықпен» кездеседі. Матч түскі 14:00-де Өскемен қаласындағы «Восток» стадионында өтеді. Тікелей эфирді Q Arena телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыз.