KZ
KZ RU
24 шілде 2024 10:00

Тікелей эфир тағы да көбейеді: Q Football мобильді қосымшасы іске қосылды

24 шілде 2024 10:00

Qazaqstan Football League жаңа Q Football атты мобильді қосымшасының іске қосылғанын хабарлайды. Ол App Store және Google Play онлайн дүкендерінде қолжетімді. Мобильді қосымшаны QFL-дің ресми серіктесі – Q Sport медиахолдингінің мамандары әзірледі.

 

Мобильді қосымша арқылы қазақстандық пайдаланушылар QFL-дегі барлық турнирлердің (OLIMPBET QFL Премьер-лигасы, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасы, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогы, 1ХВЕТ QFL Лига кубогы, OLIMPBET QFL Қазақстан Суперкубогы, QFL Екінші лигасы, QFL Әйелдер кубогы, QFL Әйелдер лигасы) матчтарын тікелей эфирде көре алады. Матчтар жоғары сапада көрсетіледі, сондай-ақ, эфирді кері айналдыру функциясы және фондық режимде тамашалау мүмкіндігі бар. Оған қоса футбол сүйер қауым ойындардың жазбасын, шолуларын және Q Football, Q Arena, Q League отандық спорттық телеарналарды көру мүмкіндіге ие болады.

 Приложение описание.jpg

«Отандық жанкүйерлердің басым бөлігі матчтарды тікелей эфирде көруді қалайды. Сондықтан біз Q Sport медиахолдингімен бірге трансляция сапасын жақсартуға және тікелей көрсетілімнің қолжетімді болуы үшін күнделікті тығыз жұмыс жасаймыз. Біздің серіктес ұсынған өнімдер желісінде енді мобильді қосымшаның енгізілгеніне қуаныштымыз. Біздің футбол одан әрі қолжетімді бола түсті және бұл лиганы танымал етудегі маңызды қадам», - деді Qazaqstan Football League президенті Ғани Қайназаров.

 

Естеріңізге сала кетейік, осы маусымнан бастап алғаш рет QFL-дегі барлық турнирлердің трансляциялары көрермендер үшін қолжетімді. Ойындарды тікелей эфирде 15 платформада 5 отандық спорттық телеарна көрсетеді. Матчтардың көрсетілімі бойынша толық ақпарат арнайы кестеде көрсетілген.

 Artboard 1.jpg

платформ.jpg

«Мобильді қосымша тегін, матчтар HD форматында таратылады, ал трансляцияның сапасы пайдаланушының интернет жылдамдығына қарай автоматты түрде бейімделеді. Біздің әзірлеушілер жанкүйерлерге ойындарды барынша ыңғайлы көруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Сонымен қатар, мобильді қосымшаның мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біз QFL-мен ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтерілгеніне қуаныштымыз», - деді Q Sport телеарналары тобының жетекшісі Әлібек Сәрсембаев.

 

Айта кетейік, мобильді қосымшамен бірге QFootball.kz сайты да іске қосылды. Ойындардың тікелей трансляциялары QFL.KZ сайтында да қолжетімді. Q Football мобильді қосымшасын еліміздегі пайдаланушылар төмендегі сілтемелер арқылы жүктей алады - iOS пайдаланушылары үшін және Android пайдаланушылары үшін.