KZ
KZ RU
11 қыркүйек 2024 08:46
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

«Тобылды» есептен шығаруға болмайды - Данияр Мұқанов

11 қыркүйек 2024 08:46

«Тобылдың» аңыз қорғаушысы Данияр Мұқанов екі апта бұрын қостанайлық клубтың спорт директоры лауазымына тағайындалды. Қазіргі сәтте бұл команда OLIMPBET QFL Премьер-лигасының турнир кестесінде 6-шы орында тұр және әлі де алтын жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар. Кезекті турдың алдында Данияр Мұқанов QFL.KZ сайтына клубтың қазіргі жағдайымен бөлісті.

 

- Данияр Жексенұлы, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының аяқталуына 7 тур ғана қалды. Алайда бәсекелестік деңгейін ескерсек, әзірше алтынға таласу мүмкіндігі әлі де белгісіз. Қазіргі сәтте «Тобыл» турнир кестесінде 6-орында тұр. Ал кейінгі 5 матчта небәрі 8 ғана ұпай еншіледіңіздер. Команданың ТОП-3-ке еніп, еурокубокқа қатысуға мүмкіндігі бар ма? Басшылық тарапынан қандай мақсат қойылды?

- «Тобыл» үнемі алдына үлкен мақсаттар қояды. Турнир кестесінің жоғарғы бөлігіндегі шиеленіске қарамастан, командамызға қажетті ұпайын алып, жоғарғы нәтижеге көрсетуге шамасы жетеді. Бәсекелестік күшейді. Алайда «Тобылды» есептен шығаруға болмайды. Футболшыларымыз соңына дейін талас жүргізеді.

 

- «Тобыл» OLIMPBET Қазақстан Суперкубогында чемпион атанып, маусымды сәтті бастап еді. Бірақ кезекті OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында финалға өте алмай, 1ХВЕТ QFL Лига кубогында топтық кезеңнен-ақ бәсекені аяқтады. Еурокубок маусымы да сәтсіз болды. Сонымен қатар, команда бас бапкерін ауыстыруға шешім қабылдады. Сіздің ойыңызша, клубтың сәтсіздігі немен байланысты?

- Түрлі факторлар бар. Бір жағынан маусымды сәтті бастадық. Бірақ жекелеген себептер мәселені ушықтыруы мүмкін. Бұған жарақат, агрессияның жетіспеуі т.б жайттар кесірін тигізеді. Кей ойыншылардың дайындығының жеткіліксіздігі жалпы командаға әсер етеді.

 

- Біршама клубтың бас бапкерлері мен сарапшылар OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымында бәсекелестік жоғары екенін атап өтті. Сіз де бұл оймен келісесіз бе? Команданың нәтижесіне не әсер етуі мүмкін?

- Бәсекелестік өсті деген оймен келісемін. Нәтижеге не әсер етеді? Бірінші кезекте шеберлік, жекелеген футболшылардың әрекеті мен алаңдағы өзара түсіністік деп ойлаймын. Ойыншылардың жиынтығы өте маңызды. Осындай сәттер команданың көрсеткішіне тікелей әсер етеді.

 

- Жазғы трансферлік кезеңде Александр Зуевтың қайта клуб сапын толықтыруы назарды аудартты. «Тобыл» осы маусымда толыққанды күшейе алды ма? Әлде тағы да мәселелі позициялар бар ма?

- Александр Зуев «Тобыл» клубының түлегі. Оның келуі команданы күшейтеді деп ойлаймын. Ол тек осы жылы ғана емес, алдағы уақыттарда да көмектеседі. Александр жоғары жылдамдығы, дриблингімен ерекшеленеді.

 

- Сіз жақын арада ғана қостанайлық клубтың спорт директоры лауазымына тағайындалдыңыз. Басшылық тарапынан қандай міндеттер қойылды? Командадан өзгерістер күтеміз бе?

- Мақсатымыз үлкен. Маусымның соңын күтейік.


Айта кетейік, 15 қыркүйек күні OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 20-шы туры аясында «Тобыл» сырт алаңда «Елімаймен» ойнайды. Матч кешкі 17:00-де Семей қаласындағы «Спартак» стадионында өтеді. Тікелей эфирді Q Football телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыз.