KZ
KZ RU
21 қазан 2024 19:00

УЕФА стандартына сәйкес: Қазақстан футбол федерациясы оныншы алаңын ашты

21 қазан 2024 19:00

Қазақстан футбол федерациясы ALAÑ жобасы аясында оныншы алаңды қолданысқа берді. Кезекті ауқымды жұмыс Жезқазған қаласындағы «Металлург» стадионында жүргізілді. 6 мың жанкүйер сиятын стадион енді халықаралық стандарттарға сай.

Салтанатты ашылуға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов және жоба серіктестері қатысты. Сонымен қатар іс-шарада жобаның амбассадоры, футболдан ұлттық құраманың экс-капитаны Самат Смақов балалармен ашық жаттығу өткізіп, қолтаңба берді. Сондай-ақ, жас футболшылар ұйымдастырушылар тарапынан сыйлықтар алды.

«Біз бір жыл ішінде еліміз бойынша жаңа 10 алаңды қолданысқа бердік. ALAÑ - бұқаралық фуболды дамытуға арналған жоба. Футбол ойнау арқылы балаларымыз әлеуметтік желілерден басын тартады, денсаулығын көтереді, ал өскелең жас ұрпаққа жағдай жасау - біздің міндетіміз. Сондықтан, еліміздің футболын бірге дамытайық. Ел бірлігі арта берсін», - деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

Футбол алаңдарын реновациялау аясындағы ҚФФ-ның ALAÑ жобасы 2023 жылы басталған болатын. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан футбол федерациясы елімізде футбол алаңдарын қайта жаңартатын ALAÑ бағдарламасын енгізді. Үш жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның басты серіктесі - 1XBET букмекерлік компаниясы, ал мақсаты - футбол инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау. 

Айта кетейік, «Металлург» стадионындағы жасыл алаң соңғы рет 2010 жылы жөндеуден өткен. Енді ALAÑ жобасы арқасында италиялық сападағы төсеніш төселді. Алаңның сапасын бірінші кезекте «Ұлытау» футбол клубының ойыншылары тексерді. Олар осы аптада жаңа алаңда Премьер-лигаға шығу үшін, SD Family клубымен күш сынасады. 

«60 жылға жуық тарихы бар стадион ALAÑ бағдарламасы аясында жөнделді. Мемлекет басшысы биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп нақты тапсырмалар берді. Қазақстан футбол федерациясының басшылығына және ALAÑ жобасына атқарылған үлкен игі іс үшін алғыс айтқым келеді. Жеңісті күндеріміз көп болсын!», - деп Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пікірін білдірді. 

Жалпы ALAÑ жобасы бойынша 2023-2025 жылдары республикамыздағы 20 футбол алаңын жаңарту жоспарда бар. Бұған дейін елімізде Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Петропавл, Өскемен, Аягөз, Ақсу, Балқаш қалалалары мен Жетісу облысындағы алаңдар қолданысқа берілген болатын. Енді жыл соңына дейін Қызылорда, Атбасар, Саран қаласында жасыл алаң берілу жоспарда бар.