KZ
KZ RU
11 маусым 2024 17:18
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Юрий Логвиненко: әр тур финал секілді өтеді

11 маусым 2024 17:18

Осы маусымдағы QFL турнирлерінде ең сенімді ойын үлгісін «Ақтөбе» көрсетуде. Клуб OLIMPBET QFL Премьер-лигасында көш бастап келеді. OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының финалына шығуға жақын тұр және 1ХВЕТ QFL Лига кубогын сәтті бастады. Осы орайда «Ақтөбе» ФК басқарма төрағасының орынбасары Юрий Логвиненко QFL.KZ сайтына маңызды ойындардың алдында клубтың алдағы мақсаттарымен бөлісті.

 

- Юрий Анатольевич, «Ақтөбе» барлық бағытта сәтті өнер көрсетуде. OLIMPBET QFL Премьер-лигасында көшбасында тұр, 1ХВЕТ QFL Лига кубогын жеңіспен бастады, ал OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының финалына шығуға жақын тұр. Бұған бапкер мен футболшыларды дұрыс іріктеуі әсер етті ме? Әлде тағы да өзгеріс қажет пе?

- Әлі қорытынды шығаруға ерте. Иә, біз OLIMPBET QFL Премьер-лигасын тәуір бастадық. OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында жарысты жалғастырып жатырмыз. Ал 1ХВЕТ QFL Лига кубогы атты жаңа турнирдің алғашқы ойынында жеңіске жеттік. Балапанды күзде санайды деген сөз бар ғой. Әлі алдымызда өте көп матч күтіп тұр және өзімізді жетілдіру үшін тағы да жұмыс істеуіміз қажет.

 

- Сіз «Ақтөбе» клубының аңыз ойыншысы ретінде команданы дамыту мақсатында түрлі кезеңдерді бастан өткердіңіз. Сіздің ойыңызша, «Ақтөбенің» құрамы мен менеджменті былтырғыдан қаншалықты ерекшеленеді? Әкімшілік қандай мақсат қояды және табысқа жету үшін не қажет?

- Әр маусым әртүрлі өтеді. Менеджмент және спорттық тұрғыдан да айтарлықтай айырмашылығы бар. Бірақ бұл жерде кім жұмыс істесе де, «Ақтөбе» клубы әрдайым алдына үлкен мақсат қояды. Сондықтан оны орындауға тырысамыз. Себебі, жалынды әрі талапшыл жанкүйерлеріміз басқа ешнәрсені талап етпейді.

 

- «Ақтөбе» OLIMPBET QFL Премьер-лигасында тек «Жетісуге» есе жіберіп, «Астана» мен «Ордабасымен» тең түсті. Бірақ әр тур сайын турнир кестесі жиі өзгеріп жатыр. Бәсекелестік соңғы 26-шы турға дейін жалғаса ма?

- Иә, клубтардың тартысы соңғы турға дейін жалғасады деп ойлаймын. Өйткені осы маусымдағы ойындар өте қызықты. Сондай-ақ көптеген командалар күтпеген жерден ұпай жоғалтуда. Оның қатарында біз де бармыз. Әр тур финал секілді өтеді. Барлығы турнир кестесінде иық тіресіп тұр. Көшбасшылар да жиі ауысады. Сондықтан соңғы турға дейін бәсекелестік жалғасатыны сөзсіз.

 

- Қазір «Ақтөбе» клубының селекциялық жұмысы қалай жүргізіледі? Футболшыларды іріктегенде қандай басымдыққа мән бересіздер?

- Селекциялық жұмыс өмір бойы тоқтамайды. Үнемі футболшыларды қарап жүреміз, лайықты кандидатураны сараптаймыз. Футболшыны таңдағанда көптеген факторларға жүгінеміз. Қандай чемпионатта доп тепті? Қандай елдің тумасы? Қандай мақсатқа талпынған? Тіл жағынан қиындық болмай ма? Чемпионатқа тез бейімделе ала ма және т.б факторлар ескеріледі.

 

- «Ақтөбе» ішкі 3 турнирден бөлек, УЕФА Лига Конференциясының іріктеу кезеңінде бақ сынайды. Клуб еурокубокқа дайын ба? Әлде тағы да өзгерістер бола ма?

- Еурокубоктың басталуына бір айдан астам уақыт қалды. Клуб еуропалық алаңда ойнауға дайындалуда. Бірақ ішкі турнирлерде де көптеген матчтарымыз бар. Ойыннан ойынға жылжи береміз. Біз үшін барынша көп ұпай жинау қажет. Өйткені клубтың алдында үлкен мақсаттар тұр. Дегенмен, біз Конференция лигасында сәтті өнер көрсету үшін, бізді күшейте алатын футболшыларды қарастырамыз.

 

- «Елімайға» қарсы «трилогияның» бірінші матчында 2:0 есебімен сенімді түрде басым түстіңіздер. Алда әлі екі кездесу бар. «Ақтөбені» фаворит ретінде санауға бола ма? Андрей Карповичтің шәкірттері де мықты шығар?

- Иә, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының қарымта кездесуінің алдында екі гол басымдығымыз бар. Бірақ бізді әлі финалға шығатындардың қатарына қосуға ерте. Себебі, екінші матч бар. «Елімай» өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеп, жоғары орынға таласуға қауқары бар екендігін көрсете білді. Біз өз кезегімізде финалға шығу үшін, қолдан келгеннің барлығын жасаймыз.

 

- Қобыланды батыр атындағы стадиондағы әр матч жанкүйерлерге лық толы. Сіздің ойыңызша, клубтың және отандық футболға деген қызығушылықтың арту себебі неде? OLIMPBET QFL Премьер-лигасының осы маусымын ең қызықты деуге келе ме?

-  Ақтөбеде жанкүйерлердің қарасы көп және оны барлығы біледі. Әр матчта стадион толады. Қазақстан ұлттық құрамасына да отандық жанкүйерлердің қызығушылығы зор.

 

Айта кетейік, «Ақтөбе» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 11-шы турында сырт алаңда «Елімаймен» кездеседі. Матч 16 маусым күні кешкі 20:00-де Семейдегі «Спартак» стадионында өтеді. Ойынды тікелей эфирден Q Football, Q Arena телеарналары мен QFL.KZ сайты көрсетеді.