Юсуп Шадиев: көп клубтардың күштері теңесті
Жаңа турнирлер, сенсациялық нәтижелер, бапкерлердің ауысымы - осы футбол маусымы күтпеген жайттарымен таңғалдырып жатыр. Бұған не себеп болды? Жеңіске кімнің мүмкіндігі жоғары? Осы сұрақтарға отандық футболдың аңызы Юсуп Шадиев жауап берді.
- Юсуп Алаутдинович, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының биылғы маусымына қандай баға берер едіңіз? Көптеген сенсациялық нәтижелер тіркелуде, фавориттерді анықтау қиын, турнир кестесінде барлығы бірдей келе жатыр. Сіздің ойыңызша бұған не себеп болды? Бәсекелестік соңғы турға дейін жалғаса ма?
- Көп командалардың күштері теңесті, құрамдары да жақсы. Анық фаворит жоқ. Тіпті соңғы орындағы ұжымның өзі көшбасшыдан басым түсуі мүмкін. Ойын деңгейі өсті деп айта алмаймын. Тек турнир кестесінің төменгі сатысындағы командалар жоғарыға ұмтылды. Айта кететінім, ақтөбеліктер жақсы өнер көрсетуде. Олардың жанкүйерлері клубтың чемпион болуына лайық екендігін дәлелдеді. «Қайратта» тұрақтылық жоқ, «Елімай» да әжептәуір келе жатыр. Бірақ қазір көшбасшы кім екенін айту қиын.
- Өткен аптада отандық футболшының Еуропа чемпионатына ауысқанына куә болдық. Рамазан Оразов Данияның «Силькеборг» клубының ойыншысы атанды. Бұдан бөлек те, бірнеше қазақстандық футболшының өзге біріншілікке кетуі жайлы ақпараттар айтылып жатыр. Бұл OLIMPBET QFL Премьер-лигасының деңгейі өсіп, бәсекелестіктің артқанын білдіре ме?
- Біреу көрген болар, тек осы күнге дейін байқамай жүрген. Бәлкім сарапшылары өзге елдерге баруды жөн көрген болар. Ұлттық құрама да өздерінің жарнамасын арттырып жатыр. Жалпы біреу бір жерден көрген. Алайда өзге чемпионатқа барғанын құптаймын. Нұралы Әліп «Зенитте» жақсы ойнап жатыр. Өскені көзге көрінеді. Міне осылай кету керек. Сонда ғана құрамамыз күшейеді. Содан кейін бұл жігіттер елге қайтып келеді. Шет елде қалай ойнайтынын көріп, чемпионатымызға тәжірибесін әкеледі. Бұл өте жақсы. Рамазан Оразовты шақырған екен. Барсын. Оған сәл өсу қажет. Дания футболы да қатал, әрі беріспейді. Оған пайдалы. Оның келіскенін құптаймын. Барып, өзін көрсетуі тиіс. Бауыржан Исламхан, Асхат Тағыберген сынды талантты жігіттеріміз біздің чемпионатта біраз бөгеліп қалды. 30 жасқа толмай тұрып, кетулері керек еді. Жас кезінен Ресей, Нидерланд, Бельгия, Түркия чемпионаттарында доп тебер еді. Сәл ертерек ат-басын бұрулары қажет еді. Талантты жігіттер. Әркім өзінше мықты. Бірақ олар қалуға шешім қабылдады. Міне Әліп секілді тәуекелге баруы тиіс. Оған қарап сүйсінемін. Өзім ойнап жатқандай әсер аламын. Сондықтан 30 емес, 25 жасқа дейін жаңа ортада бақ сынаған дұрыс. Өздерін көрсете алмаса, қайтып келеді. Бірақ тәжірибе жинақтайды. Шетелге барып, олардың қалай жұмыс істейтіндігін көреді. Сондықтан Оразовқа жарайсың деймін. Сәттілік!
- OLIMPBET QFL Премьер-лигасының бірінші айналымы әлі бітпеді. Бірақ «Шахтер», «Жеңіс», «Қайрат», «Тобыл» клубтарының бас бапкерлері жұмысынан босап үлгерді. Бұл отандық футболдағы қалыпты жағдай ма? Әлде өзгерістерге бейімделе алмай жатыр ма?
- Бұл тек бізде ғана емес. Барлық футбол әлемінде ойын жүрмесе, нәтиже болмаса бапкерлер ауысады. Сосын басшылық тізгіндегі капитанды ауыстыруға шешім қабылдайды. Қарағанды бойынша қиын сұрақ. Ол жерде қаржылық жағдай тым қиын. Бапкерлерге обал. Тек осы жылдың өзінде 7-8 футболшымен қоштасты. Мықтылар кетіп жатыр. Команданың жартысы кетіп, ешкімді ала алмасаң, алға жылжу қиын болады. Бұның үлкен маңызы бар. Бір футболшы кетіп, клубтың ойыны өзгереді. Ал бұл жерде бір емес, бірнешесі кетті. Қазір әр клубта шетелдік мамандар істейді. Өзіңіз отандық бапкерлерді санап көріңізші? Екеу әлде үшеу ғана. Андрей Карпович пен Қайрат Нұрдәулетовке керемет деген баға беремін. Футболшы ретінде де жақсы өнер көрсетті. Григорий Бабаян да білікті маман. Қазір ол «Астанада» және талап жоғары. Бірақ Бабаян «Тобылды» чемпион қылды. Ол жігіт жас әрі ақылды. Ескі құрамның да мықты бапкерлері бар. Мысалы, Владимир Никитенко. Қазір олар бар кезде жаттықтырушыларды дайындауға тиіспіз. Олардың барлығы футболды жақсы ойнады. Еш дәлелдеудің қажеті жоқ. Олар көптеген шетелдік мамандардан әлдеқайда жақсы. Ал былайша, 90 % маман шетелден келген. Шетелдік деген кім? Мысалы мен шетелден келіп жұмыс істеймін. Өзіммен бірге үшеуін ерте келемін. Сосын жергілікті кадрлар жұмыссыз қалады. Мен легионермін. Маған осы жердегі футболдың қалай дамып жатқаны маңызды емес. Бастысы ақша тауып, кетсем болды. Одан бөлек, 5-6 футболшыны да шақырамын. Оған ақша кетеді.
- Биылғы маусымда стадионға адамдар көптеп келуде. Әсіресе Ақтөбе, Семей қалаларында ерекше байқалады. «Қайрат» - «Ақтөбе» матчында жанкүйерлердің рекорды да тіркелді. Сіздің ойыңызша отандық футболға деген қызығушылықтың артуына не себеп болды?
- Былтыр «Ордабасының» стадионы лық толы болды. Команда жақсы өнер көрсетті. Егер клуб жақсы ойнаса, халық та барады. Кезінде «Қайрат» өз деңгейін көрсеткенде, тұрақты түрде 15 мың жанкүйер жинады. Солтүстікте адамдар аз барады. Ол жерде футбол басқаша. Бірақ қызық болса, міндетті түрде барады.
- Тек қана OLIMPBET QFL Премьер-лигасында ғана емес, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасындағы турнир кестесі де қызық. Кімнің көтерілетінін білмейсің. Екінші лигадан енді ғана көтерілген «Жетісай», «Ұлытау», SD Family клубтарының қарқыны қатты. Легионерлерге қатысты шектеудің алынуы бәсеке көркін қыздыруда ма?
- Бірінші лигада легионерлер ойнамауы тиіс. Бұл менің ойым. Легионерсіз командалардың деңгейі теңеседі. Мен өзіміздің жігіттердің доп тепкенін қос қолдап қолдаймын. Сонымен қатар, бұл болашаққа жасалған қадам. Футбол бірден бола қоймайды. Бірінші лигада көптеген жақсы клубтар бар екенін ескерейік.
- Ел ішіндегі турнирлердің артуы клубтарға жақсы әсер ететіні сөзсіз. Соның бірі - 1ХВЕТ QFL Лига кубогы. Бұл турнир отандық футболдың дамуына әсер етеді деп ойлайсыз ба?
- Осындай турнирдің болғанын құптаймын. Командалар көбірек ойнайтын болады. Бастысы, бапкер мен футболшылардың көзқарасы дұрыс болса екен деймін. «Бесінші» құрамын алаңға шығармаса болды. Бұл деген тәжірибе ғой. Онсыз футбол болмайды. Бұл жерде біреуге мүмкіндік беріп, біреуді демалдырады. Сол себепті дұрыс жасады. Турнирлер қажет.