KZ
KZ RU
15 қазан 2024 13:10
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Үздік үштікте аяқтауды көздейміз – Қайсар Бекенов «Астана» клубының маусым соңындағы жоспары туралы

15 қазан 2024 13:10

Елордалық «Астана» клубы OLIMPBET QFL Премьер-лигасының турнир кестесінде сенімді түрде жоғарлап, жүлделі орынға таласуға толықтай мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, команда 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалына шығып, УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Алдағы маңызды матчтардың алдында «Астана» ФК маркетинг және қоғаммен байланыс бөлімінің директоры Қайсар Бекенов QFL.KZ сайтына клубтың қазіргі жағдайымен бөлісті.

 

- Қайсар Рауфұлы, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 21 тур қорытындысы бойынша, «Астана» 31 ұпаймен турнир кестесінде 5-ші орында келеді. Алайда алда тағы 6 ойын. Теориялық тұрғыдан әлі де жүлделі орынға таласуға мүмкіндіктеріңіз бар. Жыл соңындағы тығыз күнтізбені ескеретін болсақ, турнирде чемпион болу мақсаты тұр ма? Әлде еурокубок аймағына кіру жеткілікті ме?

- Сіз дұрыс аңғардыңыз – маусым соңында біздің команда үшін күнтізбе өте тығыз. Шамамен 2-3 күн сайын ойын өтеді. Мысалы, «Ақтөбе» мен Англияда өтетін «Нью-Сэйнтсқа» қарсы кездесудің арасы 72 сағаттан аз. Бұндай сәтте бапкерлік штабтан барлық матчта өте жоғары нәтиже күту ақымақтық болар. Қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Сондықтан маусым соңындағы бірінші кезектегі міндетіміз – OLIMPBET QFL Премьер-лигасында үштікке кіру және келесі маусымда еурокубоктың іріктеуіне қатысу.

 

- Маусым барысында елордалық клубтан бірнеше ойыншылар кетсе де, бапкерлік штаб өзгерістер жасады. Қазіргі сәтте кадрлық мәселелер бар ма? Қай позицияны күшейту керек? Команданың ресурстары OLIMPBET QFL Премьер-лигасы мен УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде лайықты тайталасуға шамасы жете ме?

- Маусым барысында түрлі футболшылар кеткенімен, олардың орнын алмастыра алдық. Қазіргі құрамның шама-шарқын алдын ала бағалап алғанбыз. Өкінішке қарай, команданы күшейту бойынша жоспарымыз клубтың қазіргі мүмкіндіктерімен әрқашан сәйкес келмейді. Бірақ жазғы трансфер кезеңінде бюджеттің тапшылығы сезіліп, қосымша ойыншыларды алуға қаражат болмаған кезде де жаңа ойыншылармен тиімді келісімге келе алдық. Келген футболшылардың барлығы еркін статустағы ойыншылар еді. Осының нәтижесінде құрамдағы балансты сақтай алып, Конференциялар лигасының іріктеуінде өздерін көрсете алды. Тіпті команда қатар өткен түрлі турнирлерде екі құраммен лайықты деңгейде доп тебе алды. Қазір де солай. Құрамды негізгі және қосалқы деп бөлудің қажеті жоқ. Тек әр ойында негізгі құрамға кім шығады деген сұраққа ғана бас қатыруымыз керек.

 

- Кей сарапшылар сіздер тек алаңға шетелдік ойыншыларды шығарады деп айыптайды. Алайда 1ХВЕТ QFL Лига кубогының алғашқы жартылай финалында «Астананың» жас футболшылары өнер көрсетті. Ал клубтың жастары QFL Екінші лигасының «Солтүстік-Шығыс» конференциясында қола жүлдеге ие болды. Қазіргі сәтте клубта жас футболшыларды жетілдіру жұмысы қалай жүзеге асуда? Олар алдағы уақытта өз мүмкіндіктерін ала ма?

- Клубта ұзақ жылдар бойы футбол орталығы жұмысын істеп, жастарды тәрбиелеп келеді. Оның кейбірі негізгі құрамда да жүр. Өкінішке қарай, Астанадағы футбол инфрақұрылымының әлі мүмкіндігі шектеулі. Алдағы уақытта өзіндік академияның құрылысы бойынша сұрақтар оң шешіледі деп үміттенеміз. Себебі, қалада футболдың танымалдылығы артып келеді. Көптеген балалар Исламбек Қуат, Станислав Басманов, Рамазан Кәрімовтың ізін жалғағысы келеді. Рамазанның қосымша минуттағы голы өз клубының Конференциялар лигасының жалпы кезеңіне шығуына тікелей әсер еткенін де айта кетейін. Тығыз күнтізбе бойынша ақылдастық. Алдағы ойындарда жоғарыда аталған футболшылардан бөлек, клубтың резерві, екінші құрамға да уақыт жеткілікті болуы тиіс. Бапкерлік штаб міндетті түрде жастарға мүмкіндік береді. Жастардың болашақтағы тағдыры тікелей өздеріне байланысты.

 

- Осы маусым OLIMPBET QFL Премьер-лигасының турнир кестесіндегі шиеленісімен, сенсациялық нәтижелерімен де ерекше. Қазіргі сәтте чемпиондық атақ үшін сіздерден бөлек, «Ордабасы», «Елімай», «Ақтөбе», «Қайрат» талас жүргізеді. Енді сіздерді «Елімай», «Тобыл», «Ақтөбеге» қарсы өте маңызды әрі қиын кездесулер күтіп тұр. Бәсекелестік деңгейін қалай бағалар едіңіз?

- Әрине, деңгей өскен. Бес команда тек чемпиондыққа ғана емес, келесі маусымдағы еурокубоктың жолдамасы үшін де таласуда. Оның үстіне үміткерлер енді өзара мықтыны анықтайды. Турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі клубтар да алтын медаль тағдырына әсерін тигізіп қалуы мүмкін. Мысалы, «Елімайдың» Талдықорғанда «Жетісуден» жеңілетіндігін, біздің «Жеңіспен» тең түсетіндігімізді ешкім күткен жоқ.

 

- Астана» клубы 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалына да шығып үлгерді. Шешуші матчта «Жеңіспен» кубокты сарапқа саласыздар. Клуб бұл жарыста чемпион атануды мақсат ете ме? Жаңа турнирге қандай баға бересіз?

- Жалпы, қызықты және пайдалы турнир болды деп ойлаймын. Қазақстандағы футбол клубтарының күнтізбеде көп ойыны жоқ екені баршаға мәлім. Бұл қосалқы құрам мен жастардың өздерін көрсетуіне кедергісін келтіреді. Осы орайда 1ХВЕТ QFL Лига кубогы клубтарға қосымша матчтардың қосылуынан бөлек, ақша табу, қосалқы құрам мен жастардың шама-шарқын тексеруге мүмкіндік береді. Бұл алғаш рет ұйымдастырылып жатқан турнир екендігі түсінікті. Әлі өз тарихы мен танымалдылығын арттыруға уақыт қажет. Бірақ, бастама дұрыс және өте қажет. Алдағы уақытта турнирдің демеушілері коммерциялық тұрғыдан немесе еурокубок кезеңінің жолдамасы арқылы қызығушылығын сақтаса деген ниетім бар.

 

- Қазіргі таңда «Астана» халықаралық аренада ел намысын қорғап жатқан жалғыз клуб. Сіздер Конференциялар лигасының жалпы кезеңінін алғашқы турында «Бачка-Тополаны» 1:0 есебімен жеңіп кеттіңіздер. Күнтізбенің тығыздығын, турнирдің жаңа форматын ескерсек, плей-оффқа шыға аласыздар ма?

- Бұған дейін айтқанымдай, маусымның қалған бөлігінде OLIMPBET QFL Премьер-лигасында сәтті өнер көрсетуге күш саламыз. Конференциялар лигасының жалпы кезеңін сәтті бастадық. Бірақ алда сырт алаңда өтетін қиын үш матч және өз жерімізде «Витория Гимарайнш», «Челси» секілді өте азулы клубтар күтіп тұр. Турнирдің келесі кезеңіне шығу міндеті тұрған жоқ. Мақсат орындалды. Бірақ бұл қалған ойындарда қол қусырып отырады дегенді білдірмейді. Барлығы ішкі біріншіліктегі нәтижелерге келіп тіреледі. Алайда халықаралық аренада да ел намысын абыроймен қорғауға тырысамыз.

 

- Осы маусымдағы басты матч Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде «Челсиге» қарсы болмақ. Ойын 12 желтоқсанға белгіленген, ал OLIMPBET QFL Премьер-лигасы қараша айында мәресіне жетеді. Қалған уақытта қалыпты ойын ырғағын ұстау үшін, қандай жоспар ұстанбақшысыздар?

- Барлығы «Астана Аренадағы» төсеніштің қаншалықты тез аяқталатынына байланысты. Ойынның Алматы қаласында өту мүмкіндігі жоғары болса да, «Витория» мен «Челсиге» қарсы матчтардың алдында Астанада қысқа оқу-жаттығу жиынын өткіземіз деп үміттенемін. Форманы ұстап тұру үшін, жолдастық матчтар ұйымдастырып, өзара ойындар өткіземіз. Басқа амал жоқ. Өйткені басқа отандық клубтар маусымды аяқтап қояды.

 

- Ойындарды Алматы қаласындағы стадионда өткізудесіздер. Өзге қалада доп тебу нәтижеге қаншалықты әсерін тигізді? Әлде қалыптасқан жағдайға үйрендіңіздер ме? Еурокубоктың матчтары желтоқсан айында өтетіндігін ескерсек, маусым соңын «Астана-Аренада» аяқтайсыздар ма?

- Әрине, теріс әсерін тигізді. Алматы әсем, тұруға ыңғайлы қала болғанымен, біздің ойыншылар Астанада тұрып, жұмыс істейді. Оның көпшілігінде отбасысы бар. Балалары балабақшаға, мектепке барады. «Хан-Тәңірі» стадионының жасыл алаңы да шабуылға емес, қорғаныстағы командаларға өте тиімді. Маусымның шешуші бөліктерінде бұдан екі есе көп ұпай алуға мүмкіндігіміз болып еді. Егер байқасаңыз, біз өз үйімізден қарағанда, түзде көп ұпай жинағанбыз. Бұл футбол үшін дұрыс емес жағдай. Дәл қажет сәтте жағдайды дұрыстап үлгерген бапкерлік штаб пен футболшыларға алғысымды айтамын. Маусымның қорытынды бөлігіне келетін болсақ. Қазіргі сәтте матчтың өтетін орны Алматы қаласы деп белгіленген. Астанаға ауыстырылу мүмкіндігі бар. Бірақ үміт аз. Өйткені УЕФА-ның регламенті, футбол алаңың тіркеу мен сертификациялау, қонақ команда мен УЕФА-ның ойынды ұйымдастыру сұрақтары сынды мәселелер бар.

 

- Сізбен бірге «Астананың» еурокубоктағы тарихи жетістігінің тығыз байланысы бар. Сіз осы жылдың мамыр айының соңында қайта клубтың құрылымына оралдыңыз. Бұған дейін елордалық команданың басшылығы 2026 жылға қарай, клуб тұрақты түрде еурокубоктың топтық кезеңінде доп тебуі керек деп мәлімдеме жасап еді. Бұл қаншалықты шындыққа жақын? Осы мақсатта қандай жұмыстар жүргізілуде?

- Кез-келген команданың негізін қалау – ұзақ әрі маңдай терді, сабырлылықты талап етеді. Клубтың қазіргі құрамын, басшылығын өзгерту ақырындап жүзеге асады. Бір сәтте оң нәтижені талап ету кәсібилік емес. Сондықтан ойыншылардың өнеріне баға беру, селекциялық жұмыстар, кадрлық өзгерістерге уақыт қажет. Оның үстіне клубта буын алмасып, еңбегі сіңген ойыншылар өзге командаға ауысып, кейбірі мансаптарын аяқтады. Ал кейбірі енді осындай шешімді қабылдайды. Сол себепті олардың орнын алмастыратындай жаңа команда дайындауымыз қажет. Осы орайда басшылық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, уақыт, ресурс, шыдамдылық қажет екенін атап өтті. Конференциялар лигасының топтық кезеңіне шығу керемет жетістік болғанымен, бұл команданың ерік-жігерінің арқасында ғана мүмкін болды. Алайда еурокубокқа қаһармандық, эмоциялық тұрғы жағынан ғана шыға бермеу үшін, құрамның тұрақтылығы, өзара түсіністігі, клубтың басқару деңгейін белгілі бір деңгейге жеткізу керек. Дәл осы жұмыс қазіргі сәтте жүргізіліп келеді. Әр сәтті сараптап, қазіргі жұмыстарға өзгерістер енгізудеміз. Бұның барлығы клубтың түрлі құрылымының нәтижелілігін арттыру үшін өте қажет.

 

Айта кетейік, OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 22-ші турында «Астана» өз алаңында «Шахтер» клубымен кездеседі. Ойын 16 қазан күні кешкі 18:00-де «Хан-Тәңірі» (Алматы қ.) стадионында өтеді. Матчты тікелей эфирде Sport+ Qazaqstan телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары мен Q Football мобильді қосымшасынан тамашалай аласыздар.