KZ
KZ RU
25 қыркүйек 2024 23:34
1ХВЕТ ЛИГА КУБОГЫ

«Жеңіс» пен «Астана» 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалында кездеседі

25 қыркүйек 2024 23:34

25 қыркүйек күні 1XBET QFL Лига Кубогының жартылай финалының қарымта ойындарында жеңімпаздар тек пенальти сериясында ғана анықталды. Жаңа турнирдің шешуші ойынында жанкүйерлерді елордалық дерби күтіп тұр.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 7 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.

- «Қайрат» 1XBET QFL Лига кубогы аясында өз үйінде өткізген барлық матчында гол жібермеді.

- «Елімай» 1XBET QFL Лига кубогы аясында 5 матч өткізіп, тек бір кездесуде ғана гол өткізді.

-   «Елімай» мен «Астана» арасындағы қос ойында да семейліктер сапынан футболшы қызыл қағаз алды.

 

«Қайрат» - «Жеңіс» - 2:0 (2:3 пенальти)

Голдар: Гиорги Зария, 32 минут (1:0), Гиорги Зария, 53 минут (2:0)

Алғашқы матч: 0:2

Алматының Орталық стадионында өткен матч көпшілік ойлағандай алаң иелерінің басымдығымен өтті. Акис Вавалистің шәкірттері барынша қорғаныста сауатты ойнап, «Қайраттың» алдыңғы шебін тұсап ұстауға тырысты. Алайда алматылықтар сапынан алыстан керемет соққы бағыттайтын Гиорги Зарияға қонақтардың шамасы жетпеді. OLIMPBET QFL Премьер-лигасында жеңіс голын соққан грузин футболшысы осы жолы да бірінші таймда жойқын соққысымен есеп ашты. Ал екінші таймның басында алыстан орындалған айып соққысын Гиорги Зария тура қақпаға бағыттады. Қақпадан алға шығып кеткен Темірлан Анарбеков дер кезінде артқа қайтып үлгермеді. Есеп: 2:0. Одан кейін алаң иелерінің негізгі уақытта мәселені шешуге мүмкіндіктері жетпеді. Әсіресе Жоао Пауло ұтымды жерден тепкен добы қақпаның дәл жанынан өтті. Овертаймда да «Қайрат» басым болып, пенальтиге жеткізбеуге тырысты. Гиорги Зария, Вячеслав Швырев қауіпті соққыларды жасағанымен, сол күйі астаналықтар шыдап бақты. Ал ысқырық шалынар тұста «Жеңіс» өте қауіпті тұстан айып соққысын орындағанымен, қақпашы Вадим Ульянов допты оңай қақшып алды. Пенальти сериясында «Қайрат» академиясының түлегі Темірлан Анарбеков керемет шеберлігін көрсетіп, елордалықтардың сенсациялық финалға шығуына өлшеусіз үлес қосты.

 

«Астана» - «Елімай» - 0:0 (3:1 пенальти)

Алғашқы матч: 0:0

Алаңнан қуылған: Юрий Перцух, 105 минут («Елімай»)

1XBET QFL Лига кубогының жартылай финалында өз мүмкіндігін алған Мұхаммеджан Сейсен өз міндетін керемет атқара білді. Күнтізбенің тығыздығына орай, «Астана» бұл матчқа кіл мықтыларын шығаруды жөн көрмеді. Ойын уақыты аз футболшыларға сенім артылды. Алайда семейліктер де Никита Корзун, Шина, Давид Майком және т.б көптеген белді ойыншыларын қосалқы құрамға қалдырды. Әйтсе де кездесу іш пыстырарлықтай болды деп айта алмаймыз. Көрермендер гол көре алмағанымен, қауіпті соққыларымен тұрақты түрде алмасып отырды. Негізгі уақыттың соңғы минуттарында қос команда да матчтың овертаймға ұласпағанын қалап, барынша мәселені шешуге тырысты. Бірақ бірде қақпашы, бірде қақпа бағаны көмекке келді. Овертайм да біркелкі өтіп жатқан болатын. 105-ші минутта Юрий Перцух шыдамдылық таныта алмай, эмоцияға жол берді. Алекса Амановичты баспен ұрып құлатқан «Елімай» футболшысы алаңнан дереу арада қуылды. Қалған уақытта астаналықтар басымдыққа ие болғанымен, гол соғылмады. Пенальти сериясында Мұхаммеджан Сейсен барлық дерлік соққылардың бағытын дәл тауып, елордалықтарды финалға шығарды.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалы қай стадионда және қай күні өтетіні туралы қосымша хабарланады.