KZ
KZ RU
20 қараша 2018 18:18

«Қайрат» – жастық пен шеберліктің бірлестігі

20 қараша 2018 18:18

«Қайраттың» трансферлік саясаты – жылына екі рет шығатын танымал сериал сияқты қызықты әрі тартымды. Бірнеше танымал футболшылар әр жылдары сары-қара жолақты жейдені киген болатын. Олардың қатарында Германияның «Бавариясымен» бірге Чемпиондар Лигасында топ жарған Анатолий Тимощук, атақты «Ла Масия» түлегі Сито Риера, испаниялық «Вильярреалдың» экс-футболшысы Сезар Арзо, Тұманды Альбионда бірнеше жыл доп тепкен Любомир Михалик және ешқашан таныстыруды қажет етпейтін Андрей Аршавин болды.

Маусымаралық үзілісте «Қайраттың» құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Бірқатар тәжірибелі ойыншылар маусым аяқталысымен командадан кетті. Халықтық команданың жанкүйерлері жаңа ойыншылардың қол қойғаны туралы хабарды асыға күтті.
 
Өткен жылдың желтоқсан айында орталық қорғаушы Сезар Арзо командадан кеткені жарияланды. Сербиялық бойшаң қорғаушы Жарко Маркович те жанкүйерлермен қоштасты. Ойын тәжірибесін жинау мақсатында Ойбек Балтабаев «Алтайға» ауысты. Көршілес «Жетісуға» Рифат Нұрмағамет пен Ермек Қуантаев қоныс аударды. Сонымен қатар, қорғаушы Тимур Рудосельский де командадан кететінін хабарлады. Кейін ол «Жетісудың» жейдесін киді. Шабуылшы Бауыржан Тұрысбек қостанайлық «Тобылмен» келісімшартқа отырды.
 
Алматалық клуб үшін өте нәтижелі шабуылшы Жерар Гоудың командадан кетуі үлкен соққы болғандай. Ивуарлық шабуылшы үш жыл қатарынан чемпионаттың ең нәтижелі ойыншысы атанып, жергілікті жанкүйерлердің жүрегін жаулап алған еді. Оның өткен жылғы Қазақстан Кубогының финалында соққан голы «Қайратқа» жеңіс әкелген еді. Гоу Қытайды бағындыруға жол тартты.
 
Алайда, командаға деген сенімін жоғалтпаған Владимир Плотников, Станислав Покатилов, Ғафуржан Сүйімбаев, Шелдон Бато, Исаэль, Исламбек Қуат, Акош Элек, Иво Иличевич, Ян Вороговский, Магомед Парагульгов, Георгий Жуков, Станислав Лунин, Чума Анене, Андрей Аршавин және команда капитаны Бауыржан Исламхан қалды. Осы футболшылардың төңірегінде «Қайраттың» 2018 жылғы құрамы жасақталды.
 
Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша команда қатарына «Барселона» мен «Манчестер Сити» сапында ойнаған футболшы Гай Ассулин қосылды. Алайда, бірлі-жарым ойыннан кейін екі жақты келісім бойынша келісімшарт үзілді. Израиль елінен келген футболшының орнын бразилиялық хавбек Хуан Фелипе басты. Атақты таланттар ордасы саналған «Сантостың» түлегі алматылық ұжымның орталық алаңын күшейте түсті. Қара жұмысты көп атқаратын бразилиялық футболшының еңбегінсіз «Қайраттың» ойынын елестету мүмкін емес еді.
 
Шабуылда ойнайтын футболшылардың тізімін 24 жастағы Уругвай елінің өкілі Уго Сильвейра толтырды. Алайда, жанкүйерлер Чума Аненемен арадағы бәсекелестікті көре алмады. Екі футболшы да жиі гол соқпай, жазғы трансферлік терезеде Алматыдан кетуге мәжбүр болды.
 
Жазда «Қайраттың» шабуылына қайрат беруге жылдам ойыншы Адеринсола Эсеола шақырылды. Түпкі тегі Нигериядан шыққан украиналық футболшы Қазақстан чемпионатына бой үйретіп те алған еді. Маусымның алғашқы бөлігін «Ақжайық» сапында өткізіп, 8 рет көзге түсті. Анене мен Сильвейра да бірігіп, дәл осынша гол соққан болатын. Эсеола маусым соңында 17 голмен чемпионаттың екінші сұрмергені атанды.
 
Тамыз айында Қазақстан ұлттық құрамасының экс-қақпашысы Давид Лория «Қайраттың» құрамын толықтырды.
 
Биылғы маусымда бірнеше жас футболшы жасыл алаңға шығып, жақсы қырынан танылды. Олар – Нұралы Әліп, Айбол Әбікен, Александр Соколенко және Вячеслав Швырев. Барлығы да Қазақстан Ұлттық құрамасына шақырту алып шықты. Жас футболшыларға артылған сенім мол. Үмітті ақтау парыз.
 
Чемпионат соңына қарай «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос команданы жаттықтырмайтыны жарияланды. Испаниялық маманмен арадағы келісімшарт тоқтатылды. Мұнайшылармен өтетін маңызды ойында алматылықтар жастық пен шеберліктің қоспасынан құралған құраммен алаңға шығады. Өз кезегінде «Қайраттың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович үшін үлкен сынақ болмақ.