KZ
KZ RU
08 маусым 2024 10:00
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

10-шы тур қорытындысы: «Каспий» сенсациялық жеңіліске ұшырады

08 маусым 2024 10:00

6-7 маусым күндері 1XBET QFL Бірінші лигасы аясындағы 10-шы турда көш басындағы «Каспий» өз алаңында Алматының «Хан-Тәңірі» клубына күтпеген жерден есе жіберді.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 7 матчта 22 гол соғылды;

- 34 сары қағаз көрсетілді;

- Осы турда бірде-бір ойыншы алаңнан қуылмады. Бұл осы маусымда тіркелген алғашқы жайт;

- «Каспий» - «Хан-Тәңірі» кездесуінде ең көп 8 ескерту берілді;

- «Каспий» клубы 1XBET QFL Бірінші лигада алғаш рет қарсыласына жол берді;

- «Хан-Тәңірі» кейінгі 2 матчта қарсылас қақпасына 11 гол соқты;

- 8 турда 5 гол жіберген «Каспий» осы ойында 5 рет қақпаларына доп өткізді;

- «Ұлытау» шабуылшысы Бауыржан Тұрысбек бесінші ойын қатарынан қанжығасын майлады;

- «Екібастұз» бірінші рет өз алаңында есе жіберді;

- «Жетісай» футболшысы Бекнұр Рысқұл осы маусымдағы 5 голдың төртеуін пенальти арқылы салды;

 

«Түркістан» - «Ақжайық» - 1:1

Голдар: Дилмурод Паччаханов, 71 минут (1:0), Роман Чирков, 90+3 минут (1:1)

Түркістандағы матчта алаң иелері бірнеше рет шабуыл ұйымдастырғанымен, мүмкіндіктерін сәтті қолдана алмады. Ал Дилмурод Паччаханов кем дегенде 2-3 гол салатындай сәттерін мүлт жіберді. Тек 71-ші минутта «Ақжайық» қорғаушысы Владимир Покатилов қателікпен Дилмуродқа нәтижелі пас шығарып, алаң иелеріне гол сыйлады. Бұл есеп ойын соңына дейін сақталама деп ойлаған едік. Алайда «Түркістан» клубы босаңсып, соңғы секундтарда Роман Чирковтан көз жазып қалды. Есеп: 1:1.

 

«Ұлытау» - «Қайсар Жас» - 4:1

Голдар: Азамат Қалымбетов, 6 минут (1:0), Нұрали Мамырбаев, 22 минут (2:0), Виктор Гунченко, 38 минут (3:0), Нұрдаулет Әмірбек, 44 минут (3:1), Бауыржан Тұрысбек, 81 минут (4:1)

QFL Екінші лигадан келген ұжымдардың арасында едәуір айырмашылық бары бірден сезілді. Бірінші таймда «Ұлытау» толық ойынды бақылап, 3 голмен кездесу тағдырын шешіп тастады. Тек 43-ші минутта алаң иелерінің қателігі «Қайсар Жас» командасына пенальти әперді. Олар есепті қысқартқанымен, жезқазған футболшылары жеңісті уысынан шығармады. Ал Бауыржан Тұрысбек 5 матч қатарынан гол соғып, кездесудің нүктесін қойды.

 

«Каспий» - «Хан-Тәңірі» - 3:5

Голдар: Арман Нүсіп, 13 минутта пенальти (1:0), Диас Қалыбаев, 18 минут (1:1), Диас Қалыбаев, 20 минут (1:2), Мәди Жақыпбаев, 35 минут (1:3), Тимур Құрбанов, 52 минут (1:4), Амандық Набиханов, 54 минут (2:4), Жақып Қожамберді, 86 минут (2:5), Нұргелді Төлеуханов, 88 минут (3:5)

1XBET QFL Бірінші лиганың осы маусымдағы ең тартысты матчы Жаңаөзен қаласында өтті. «Каспий» әдеттегідей бастапқы минуттарда есеп ашты. Небәрі 13 минутта Арман Нүсіп 11 метрлік айып добын сәтті орындай алды. Бұл ақтаулықтардың осы маусымдағы төртінші пенальтиі және барлығын әр түрлі футболшы орындады. Себебі, «Каспий» 4 пенальтидің 2-уін ғана голға айналдыра алған еді. Осыдан кейін алаң иелері тағы да есепті еселейді ме деп отырған «Хан-Тәңірі» шабуылшысы алыстан ғажап соққысымен есепті теңестірді. Араға 2 минут салып, Диас дубль авторы атанды. Бұндай қарымта голдарға «Каспий» дайын болмады ғой деймін. Артынша қонақтар керемет шабуылмен 3-ші голын соғып кетті. Екінші таймның басында ақтаулықтар 3 бірдей ойыншысын алмастырды. Бірақ алаң қожайындарының өрескел қателігі 4-ші голдың кіруіне әсер етті. Қалған уақыттарда командалар алма-кезек гол ауысып, 3:5 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді. Осыған дейін 8 турда 5 гол жіберген «Каспий» күтпеген жерден бір матчта осынша мәрте допты өз қақпасынан алып шығуға мәжбүр болды.

 

«Ақтөбе Ж» - «Жетісай» - 0:2

Голдар: Бекнұр Рысқұл, 33 минутта пенальти (0:1), Бекнұр Рысқұл, 90+6 минутта пенальти (0:2)

Кездесудің фавориттері «Жетісайдың» ортаңғы шептегі Ринат Серікқұл, Ернар Қоспаев, алдыңғы шепте Рамазан Абылайханның жоқтығы көзге көрініп тұрды. Бұған дейінгі кездесудегідей өткір шабуылдары байқалмады. Иә, басымдыққа ие болды. Бірақ команданың штаттық пенальти тебетін Бекнұр Рысқұлы 2 мәрте де өз мүмкіндігін оң пайдаланып кетті. Тіпті «Ақтөбе Ж» екінші таймда қауіпті соққыларымен де көзге түсіп, соңғы минуттарда осы маусымда 1 нәтижелі пас шығарған қақпашы айып алаңына доп асырды. Бірақ қолдана алмады. Есеп: 0:2.

 

«Қайрат-Жастар» - «Арыс» - 2:1

Голдар: Сағди Смайылбек, 32 минут (1:0), Әнуар Төлепберген, 34 минут (2:0), Нұрбақыт Досанов, 49 минут (2:1)

Ұлттық құраманың жолдастық матчтары Қазақстандағы ең үздік футбол академиясына да әсерін тигізді. Алматылықтар айқын фаворит болғанымен, біршама ойыншысы жастар, жасөспірімдер құрамасына шақырту алып, бұл кездесуге қатыса алмады. Мысалы, негізгі құрамда 19 жастағы қақпашы Ефим Аитов, 16 жастағы шабуылшы Кәрім Махаметжан осы маусымдағы бірінші матчтарына негізгі құрамда шықса, қосалқы құрамнан тағы 3 футболшы жасыл алаңда алғаш рет доп тепті. Бірақ бұл «Қайрат-Жастардың» жеңіске деген жігеріне тосқауыл болмады. 22 мәрте шабуыл ұйымдастырып, «Арыстың» қақпашысы шеберлік танытпағанда ірі есепте тіркеліп қалар ма еді... Алайда қонақтар да қарап қалмады. Екінші таймда есепті қысқартып, тіпті теңестірген де болатын. Бірақ ойыннан тыс қалып, гол есепке алынбады. Алматылықтар кезекті рет жеңісті тойлап, доп айырмашылығы бойынша 3-орынға көтерілді.

 

«Екібастұз» - «Оқжетпес» - 0:2

Голдар: Елисей Горшунов, 45 минут (0:1), Шахмарз Арсамаков, 48 минут (0:2)

Осы маусымда өз алаңында жеңілмей келген «Екібастұз» ұжымы 90 минут бойы «Оқжетпеске» қарсы нәтижелі шабуылдың кілтін таба алмай-ақ қойды. Бұған 17 жастағы Тамерлан Агиманов және соңғы пасты айналдыратын сұрмерген жетіспеді. Дегенмен, көкшетаулықтар сапынан үнемі гол соғып жүрген Зикрилло Султаниязовтың да қатыспағанын ескерген жөн. Алайда «Оқжетпес» бастапқы 50 минутта діттеген 2 голдарын соғып алып, нәтижені ұстап қалуға тырысты. Алаң иелері бірге-бір шықты, қақпа маңдайшасына тигізді, сәл қисық тепті. Бірақ барлығында доп кірмеді. Салдарынан «Екібастұз» 3-орыннан 7-орынға сырғыды.

 

«Тараз» - SD Family - 0:0

Турдың нүктесі Тараз қаласында қойылды. Өкінішке қарай, бұл ойынға жиналған көрермендер 90 минут бойы гол көре алмай қайтты. Командалар бірнеше мәрте алыстан теуіп көргенімен, қос команданың қақпашысы да сыр алдырмады. Алаң иелері бұл кездесуден кейін 8-орында тұрғанымен, 3-орында тұрған «Қайрат-Жастардан» 2 ғана ұпай қалып тұр.

 

Айта кетейік, «Алтай» - «Қыран» матчы шымкенттік команданың ойынға келе алмауына байланысты өтпеді. Ал, 11 маусым күні сағат 17:00-де кейінге шегерілген «Ақжайық» - «Каспий» 3-ші тур матчы өтеді. 1ХBET QFL Бірінші лиганың 11-ші тур ойындары 13-14 маусым күндері жоспарланған.