KZ
KZ RU
11 мамыр 2013 22:00

10-тур бас бапкерлердің көзімен

11 мамыр 2013 22:00

"Қайрат" - "Ақтөбе" 1:0
Владимир Никитенко, «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері:
- Мүмкіндіктер болды. Бірақ ешқайсысын голға айналдыра алмадық. Ал қарсыластарымыз қорғанысымыздың қателіктерін ұтымды пайдаланып кетті.

Владимир Вайсс, «Қайрат» футбол клубының бас бапкері:
- Бізге бүгін сәттілік жолдас болды. Әйтпесе, "Ақтөбенің" әлеуетін білесіздер. Еліміздегі ең үздік клубтардың бірі. "Тобыл" секілді олардың өз ойын мәнерлері бар. Ал біз өзіміздің ойын үлгімізді әлі іздеумен жүрміз. Командамыз әлі толық құрылып біткен жоқ. Жанкүйерлерге рахмет! Қолдаулары керемет болды. Дегенмен, стадионға көрермен қауым көптеп келуі үшін біз де соған сәйкес, әрдайым жақсы ойынауымыз қажет.


"Тобыл" - "Ертіс" 0:0
Талғат Байсуфинов, «Ертіс» футбол клубының бас бапкері:
- Ойын өте ауыр болды. Екі команда да бірінші ретте жеңіліп қалмаудың қамын күйттеген сияқты. Сондықтан, футболшылар қобалжып, қателіктерге бой алдырып жатты. Ойын соңына қарай бір футболшымыз алаңнан қуылып, кем құрамда қалдық. Ал "Тобыл" осы мүмкіндікті пайдаланғысы келіп, ашық ойынға көшті. Бірақ біз де мұндай өзгеріске дайын едік. Алаң ортасына футболшыларды көптеп орналастырғанымызбен қаптал арқылы шабуылдауды ойладық. Дегенмен, бәрі біз ойлағандай болмады.
Соңына қарай, гол соғатын мүмкіндіктеріміз пайда болып жатты. Алайда, кем құрамда ойнағандықтан әйтеуір бірнәрсе жетіспей жатты. Жалпы, қазір біз үшін әр ұпайдың маңызы зор. Сондықтан, ойынның өте ауыр болғанына қарамастан қоржынға ұпай салған футболшыларыма ризамын.

Тимур Уразов, «Тобыл» футбол клубының бас бапкері:
- Тағы да қайталаймын: ойын бар, мүмкіндіктер туып жатыр, бірақ голға айналдыра алмай әлекпіз. Тағы да қарсыласымыздың ойыншысы қуылды. Бір жағынан бұл бізге де пайдасын тигізбеді. Өйткені, кем құрамда ойнаған "Ертіс" осыдан кейін "жабық ойын" үлгісін көрсетті. Алаң да нашар болды. Жаңбыр. Жалпы, не керек, қарсыласымыздың қорғанысын бұза алмадық қой.


"Тараз" - "Жетісу" 0:0
Омари Тетрадзе, "Жетісу" футбол клубының бас бапкері:
- Асыра сілтегенім емес, команда мүшелерінің жалақы алмағанына бес айдай болды. Тіпті, соған байланысты футболшылардың жаттығуға шықпай қойған кездері де болды. Соның барлығы ойынға кері әсерін тигізді. Алайда гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды. Егер шабуылшыларымызға сәл шеберлік жетіспеді.

Любо Петрович, "Тараз" футбол клубының бас бапкері:
- Футболшылар екі қолын бос қойып, алаңда жаяу жүрді. Ойыншыларымыз нағыз тәжірибелі, өз істерінің хас шеберлері ғой. Осылай да ойнауға бола ма? Өкінішке қарай, командамда футболшыларды алға жетелей алатын көшбасшы болмай тұр. Команданың жүрегі, әрі моторы болатындай ойыншы өте қажет болып тұр.


"Атырау" - "Астана" 1:2
Мирослав Беранек, "Астана" футбол клубының бас бапкері:
- "Атыраудың" әлеуетін жақсы білеміз. Олар биыл өз алаңында қақпаларына әлі бірде-бір гол жіберген жоқ. Сондықтан, кездесуді өте белсенді бастадық. Ал бірінші таймның соңы және екінші таймның басы кездесудің тағдырын шешіп кетті. Алдымен стандартты жағдайдан гол соқтық. Ізін суытпай, есепті еселедік. Дегенмен, осыдан кейін сақ болуымыз керек еді. Болмашы қателіктен кейін қақпамызға бір гол кіріп кетті. Одан сайын рухтанған алаң иелері бізді біраз әбігерге салды.

Миодраг Радулович, "Атырау" футбол клубының бас бапкері:
- Команда жақсы ойнады, бірақ жеңіліп қалдық. Осыдан кейін бірнәрсе деудің өзі ауыр екен. Жалпы, әртүрлі себептерге байланысты бүгін негізгі құрамның төрт ойыншысы кездесуге қатыса алған жоқ. Бірақ, өкініштісі, қақпамызға голдар соғылғанда өте тәжірибелі ойыншыларымыз қателік жіберді. 0:2 есебінен кейін қонақтарға қарсы тұру оңай болған жоқ. Алайда, намысқа тырысқан шәкірттерім есепті қысқарта алды.


"Восток" - "Ақжайық" 1:0
Погос Галстян, "Ақжайық" футбол клубының бас бапкері:
- Кездесудің соңғы минутында гол жіберіп алу жүрекке ауыр тиеді екен. Не айтайын? Екі команда да өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Допты өз бақылауларында ұстап, тізгінді қолдарынан шығармауға тырысты. Матчтың соңына қарай жігіттеріміздің психологиялық әлсіздіктері білініп қалды. Ал "Восток" керісінше, шабуылдарын үдете түсті. Өкінішке қарай, осымен үшінші рет осы маусымда кездесудің соңғы секундтарында қақпамызға гол жіберіп қойып жатырмыз. Бұл психологиялық әлсіздігіміз сияқты. Осы бағытта жұмыс жасау керек.

Владимир Фомичев, «Восток» футбол клубының бас бапкері:
- Қарсыластың қарымды екенін біліп, осы кездесуге бес күн бойы тыңғылықты дайындалдық. "Ақжайықтың" әлеуеті жоғары. Чемпионның өзін тізе бүктірген. "Астанамен" тең ойнаған. Сондықтан, жеңіс үшін аянып қалмадық. Өкінішке қарай, тағы да бірінші таймды нашар өткердік. Мұның себебі, орталық қорғаушыларымыз Молтусинов пен Шевченконың шабуылды бастай алмауында деп есептеймін. Олар өз қызметтерін дұрыс атқара алмай жүр. Соны пайдаланған "Ақжайық" кездесудің алғашқы жартысында біздің футболшыларды әбден сергелдеңге салды. 60-шы минутты шыдамым жетпеді. Тәуекелге бел буып, Молтусиновты алаңнан алып тастадым. Ойынымыз жүрген сияқты болды. Гол соғатын мүмкіндіктеріміз пайда бола бастады. Ақыры қосымша уақытта өз дегенімізге жеттік.