KZ
KZ RU
18 ақпан 2024 17:40

100 млн үшін шайқас: Маусым алдындағы турнир қалай басталды?

18 ақпан 2024 17:40

Премьер-лига клубтарының жылда өткізетін Түркиядағы қарапайым оқу-жаттығу жиыны алғаш рет жүлде қоры 100 миллион теңгені құрайтын маусым алдындағы 1XBET WINTER CUP турниріне ұласты. Жеребе қорытындысы бойынша алғашқы жартылай финалда ел чемпионы «Ордабасы» мен Бірінші лиганың жеңімпазы «Елімайдың» жолдары түйісті.

 
Ойын бойынша көрсеткіштер: 
 
— Ұзақ жылдардан соң, Премьер-лигаға оралған «Елімай» бұл сәтті құр жібермей, осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан чемпионы атанған сәттегі ретро жейдесімен алаңға шықты. 
 
— Семейлік команда трансферлік ауысымда 15 жаңа ойыншымен толықты. Олардың қатарында Робер Ндип Тамб, Квентин Корнетт, Шина, Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып жүрген Иван Свиродов, Роман Муртазаев және т.б футболшылар бар. Жан сақтауға емес, еурокубокқа шығу үшін жасақталған құраманы ел чемпионы «Ордабасы» клубымен қалай ойнайтындығы көпшілікке қызық болды. 
 
— Бұл кездесудің тағы бір ерекшелігі - Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев арнайы барып, тамашалады. 
 
— Ойынға Түркия төрешілері қазылық жасады. 
 
— Ел чемпионы «Ордабасы» барлық голдарын стандартты жағдайдан соқты. 
 
— Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асхат Тағыберген кезекті рет айып добын сәтті орындады. Былтырғы маусымда бұл футболшы рекордтық 11 гол соғып, 13 нәтижелі пас берген еді. 
 
— «Елімай» клубы алғаш рет өз қақпасына 4 гол жіберді. Неге? Себебі, 2022 жылы құрылған клуб Бірінші лигада 24 мәрте жеңіске жетіп, 4 мәрте тең түскен еді. Тіпті жолдастық ойындарда 2 доптан артық гол кіргізбеген. 
 
«Елімай» – «Ордабасы» – 0:4
 
Голдар: Сергей Малый ‘9, Асхат Тағыберген ‘45+1, Владислав Васильев ‘69, Всеволод Садовский ‘87
 
Андрей Карпович, «Елімай» клубының бас бапкері:
 
– «Ел чемпионымен ойнау біз үшін қызық болды. Әйтсе де, көптеген жоспарымыз жүзеге аспады. Әсіресе бұл стандартты жағдайларға қатысты. Қақпамызға гол соғып, нәтижелі пас шығарған Асхат Тағыбергенді де ерекше атап өткен жөн. Әрине, ірі есеппен жеңілгеніміз өкінішті. Дегенмен, сабақ аламыз деп ойлаймын. Қатарымызды толықтырған легионерлер де Қазақстан чемпионатындағы алғашқы әсерін сезінді. Алдағы ресми ойындарға қателіктерімізді жөндеуге тырысамыз».  
 
Өткен маусымның соңында жарақат алып, ұлттық құраманың шешуші кездесулеріне қатыса алмаған «Ордабасы» клубының капитаны Асхат Тағыберген де өз әсерімен бөлісті: 
 
– «Жақсы турнир, лайықты қарсылас. Осындай жарысқа қатысып жатқаныма қуаныштымын. «Елімаймен» өткен ойынды Премьер-лига алдындағы емтихан ретінде санауға болады». 
 
Ал, екінші жартылай финалда ел чемпионатының қола жүлдегері «Ақтөбе» мен Қазақстан кубогының иегері «Тобыл» клубы кездесті. 
 
— «Тобыл» ел чемпионатын 8-ші орында ғана аяқтағанымен, кубоктық ойындарда оңай есе жіберетін команда емес. Оның бір дәлелі, былтыр Швейцарияның азулы «Базельді» тізе бүктіруі еді. 
 
— «Тобыл» 10 жаңа футболшыны алды. Соның бірі — Марокко өкілі Ахмед Эль-Массауди осы турнир барысында 2 гол соққан алғашқы футболшы ретінде тіркелді. 
 
— «Ақтөбе» сапында былтыр 3 бірдей клубта доп тепкен Рамазан Оразов негізгі құрамда алаңға шықты. 
 
— «Ақтөбе» клубынан Қазақстан азаматтығын алуға үміткер Идрис Умаев гол соқты. 
 
— Жартылай финалдық 2 ойында да жеңімпаздар 4 голдан соқты. 
 
— Енді «Ордабасы» мен «Тобыл» клубы финалда жолығады. Бір қызығы, қос клуб 25 ақпан күні Қазақстан Суперкубогын сарапқа салатындығын айта кетейік.
 
— Соңғы рет «Ордабасы» мен «Тобыл» күзде ел кубогының финалында ойнап, Қостанай ұжымы басым түскен еді. Осы жолы қалай болар екен? 
 
«Ақтөбе» – «Тобыл» – 2:4
 
Голдар: Идрис Умаев ‘22, Уче Анри Агбо ‘56 – Ахмед Эль-Мессауди ‘10, 71, Ислам Чесноков ‘35, Игор Иванович ‘62
 
21 ақпан күні 1XBET WINTER CUP турнирінің бас жүлдесі «Ордабасы» мен «Тобыл» арасында сарапқа салынады. Ал «Ақтөбе» мен «Елімай» жүлделі үшінші орынға кездесу өткізеді. Доп додасының жеңімпазы 60 миллион теңге, екінші орын алған клуб 40 миллион теңге сыйақы алады. Үшінші орын үшін матч Астана уақытымен сағат 15:30-да, ал финал сағат 20:30-да басталады. Ойындар «Qazsport» телеарнасы мен PFLK TV YouTube-арнасында көрсетіледі