13 тур бапкерлердің көзімен
"Ақжайық" - "Тараз" 1:0
Радмило Азанияц, "Тараз" футбол клубы бас бапкердің көмекшісі:
- Алаң иелері жеңіске жеткенімен, меніңше біздің жігіттер жақсы ойнаған сияқты. Жүз пайыздық гол соғатын екі мүмкіндікті мүлт жіберіп алдық. Сосын өз қақпамызға доп жіберіп қойдық. Дегенмен, бар күштерін салған жігіттерімізге алғыс айтамын. Ал "Ақжайықты" жеңістерімен құттықтаймын
Погос Галстян, "Ақжайық" футбол клубының бас бапкері:
- Біріншіден, әріптесімнің құттықтауына рахмет. Екіншіден, "Тараз" маған өте ұнады. Жинақы команда екен. Ойын басталғанда-ақ қонақтардың қарымта шабуылға иек артатынын түсіндік. Солай болды да. Допты өз бақылауларында ұстағылары келіп, бір-бірімен пас алмасып жүрді. Сондықтан да шығар, сырт көзге ойын іш пыстырарлықтай болып көрінді. Ал біз олардың әлсіз тұстарын таппай, біраз әбігерге түстік. Қапталмен шабуылдауға тырысып көріп едік. Нәтижесіз болды. Өйткені, "Тараздың" қорғаушылары шетінен бойшаң жігіттер. Әуелете асырылған доптарға тойтарыс беріп жатты. Дегенмен, меніңше қонақтарға қарағанда біздің ойынымыз өрнекті болған секілді. Рас, оларда гол соғатын керемет мүмкіндіктер болды. Бірақ біз де қауіпті шабуылдарды жиі ұйымдастырып жаттық. Ақыры мақсатымызға жеттік. Сәттілік жолдас болғандықтан емес, тартымды ойнағандықтан жеңісті жұлып алдық. Барша жанкүйерлерді, футболшылар мен басшыларды осы жеңіспен құттықтаймын. Қарсыласымыз өте қарымды болғанына қарамастан жеңіске жеттік.
"Тобыл" - "Атырау" 2:1
Миодраг Радулович, "Атырау" футбол клубының бас бапкері:
- Бүгін біз жақсы ойнадық. Бірақ өкінішке қарай, негізгі құрамның жеті ойыншысына үміт арта алмадық. Иә, дәл қазіргі жайымыз осындай.
Тимур Уразов, "Тобыл" футбол клубының бас бапкері:
— Өте ауыр кездесуде үш ұпайға қол жеткізе алғанымызға қуаныштымын. Қателіктеріміз көп болғандықтан ойын да ойдағыдай болған жоқ. Бірінші таймда стандартты жағдайларды голға айналдырдық. Бұған біз жаттығу кезінде де көңіл бөлгенбіз. Ал екінші таймда қақпамызға көбірек көңіл бөлдік. Бірақ қарсыластар қақпамызға бір гол соғып кетті де, одан сайын қыспаққа алды. мұндай қиын жағдайға тап болмас үшін өзімізге де алға атойлау керек еді.
"Восток" - "Ертіс" 1:1
Талғат Байсуфинов, "Ертіс" футбол клубының бас бапкері:
- Тартысты ойын болды. Өткен турдағы ойынға көп күш жұмсап қойыппыз. Бірақ, дайындық кезінде жігіттердің жағдайлары жақсы сияқты көрінген. Алаңға шықпай тұрған кезде футболшыларым алаң иелерін бір аяқпен-ақ жеңіп алатындай болып жүрген. Сол өздеріне деген шектен тыс сенімділіктері өзімізге таяқ болып тиді. Әсіресе бірінші таймда. Тіпті, бір емес, екі доп жіберіп қоя жаздадық. Абырой болғанда алаң иелері бірінші таймда бір-ақ гол соқты. Үзілісте жетелеріне жеткізе түсіндірдім. Нәтижесінде екінші таймды керемет өткердік. Үш-төрт доп соғуымыз керек еді. Біреуін-ақ голға айналдыра алдық. Дегенмен, таблодағы есепке екі команданың да өкпесі болмауы тиіс деп ойлаймын. Бірінші таймда олар жақсы ойнады. Екінші таймда біз тізгінді қолымызға алдық.
Владимир Фомичев, "Восток" футбол клубының бас бапкері :
- Өте қызықты ойынның куәсі болдық. Командамның бірінші таймдағы ойыны ұнады. Бас жүлдеден үміткер команданың бірі ғой "Ертіс" деген. Біз оларды әбден қыспаққа алдық. Бірақ екінші таймда кейін шегіне бердік те, "Ертістің" қарқынды шабуылдарына төтеп бере алмадық. Ойынның соңғы жағы керемет болды. Ал тең есепке екі команданың да көңілі тоқ.
"Шахтер" - "Ақтөбе" 1:2
Владимир Никитенко, "Ақтөбе" футбол клубының бас бапкері:
— Еліміздің екі ең үздік командалары кездесті. Дегенмен, мойындауымыз керек, жолымыз болды. Жылдам гол соғып алдық. Әйтпесе, алаң иелері әдемі ойнаған. Стандартты жағдайлары да қауіпті болып жатты. Бірақ біз де қарап қалмадық. Бірінші таймда да, екінші таймда да жеңіс үшін барымызды салдық. Ал ойын соңына таман босаңсып, есепті қысқартуға мүмкіндік беріп қойдық. Тең дәрежеде өткен ойында неге "Ақтөбе" жеңді дейсіз бе? Өйткені, біз бір допқа артық соқтық.
Виктор Кумыков, "Шахтер" футбол клубының бас бапкері :
— Өкінішке қарай, жеңіліп қалдық. Матчтың басынан-ақ бәрі сәтсіз басталды. Одан кейін есепті теңестіру үшін алға лап қойған едік, артқы шебімізі ашылып қалды. Қауіпті шабуылдарды көптеп ұйымдастырдық. Бірақ шамамыздың жеткені бір ғана гол болды.
"Қайрат" - "Астана" 1:2
Мирослав Беранек, "Астана" футбол клубының бас бапкері:
- Өте қызықты, әрі тартысты ойын болды деп есептеймін. Алматы Орталық стадионының алаңы Қазақстандағы ең үздік алаң. Сондықтан, өте жылдам ойынның куәсі болдық. Сәйкесінше, қателіктер де аз болған жоқ. Бірінші таймда менің жігіттерім жақсы ойнап, гол соға алды. Одан кейін тағы бір гол соқтық. Төреші санамай тастады. Сәл босаңсып қалғанымыз сол екен, алаң иелері есепті теңестіріп кетті. Дегенмен, екінші тайм қанша тең дәрежеде өтсе де, Дамир Кояшевич соққан голдың арқасында жеңісті жұлып алдық.
Владимир Вайсс, "Қайрат" футбол клубының бас бапкері:
- Мирославпен келісемін. Командасы жеңіске лайықтырақ болды. Ал маған біздің командададығ кейбір футболшылардың әрекеттері түсініксіз. Қорғанысымыз құлдырады. Төрт қорғаушымыз да тактикалық қателіктерге бой алдырып жатты. Бұл — катастрофа. Жеңіске құлшынып тұрдық. Бірақ Аддоның ебедейсіз пасы бәрін құртты. Допты теуіп жіберудің орнына қонақтардың қыспағында тұрған Кнежевичке пас сырғытқаны несі... Екінші таймда тең есепті ұстап қалуға тырысқан едік. Алайда "Астана" жақсы ойнады. Ал біз осы маусымдағы ең нашар ойынымызды көрсеттік.
"Ордабасы" - "Жетісу" 1:2
Омари Тетрадзе, "Жетісу" футбол клубының бас бапкері:
- Әлбетте, бұл үш ұпай бізге ауадай қажет болды. Клубтың қиын жағдайда тұрғанына қарамастан футболшыларым жігерлік көрсетті. "Ордабасы" бізді қыспаққа алып, қорғанысымызды бұзып жарғысы келді. Бірақ қателіктер жібермедік. Керісінше, қарымта шабуылдар арқылы алаң иелерің қапы қалдырып кеттік. Футболшылар бапкерлердің тапсырмасын бұлжытпай орындағанда ғана нәтиже болады. Бүгін соған тағы бір рет көздеріңіз жетті.
Виктор Пасулько, "Ордабасы" футбол клубының бас бапкері:
- Түсіне алар емеспін, футболшыларым мына команданы қалай жеңе алмай қалды? Бұл жайлы әлі талай сараптармыз. Құдды бір, командамды бір тылсым күш дуалап тастағандай әсерде жүрмін. Ойынымыз мүлдем жүрер емес. Қалай тартсақ та, тығырықтан шыға алмай жүрміз. Меніңше, бұл қиындықтан шығу үшін командаға екі мықты жаңа футболшы керек секілді. Үлкен өзгерістер қажет. Бүгін жігіттердің көздерінен мүлдем от көрмедім.