KZ
KZ RU
15 маусым 2017 01:24

19 маусымда Еуропа жарыстарының жаңа маусымының жеребесі тартылады

15 маусым 2017 01:24

Қазақстан Кәсіпқой футбол Лигасының клуб-мүшелері Чемпиондар Лигасындағы және УЕФА Еуропа Лигасыдағы іріктеу кезеңінің ойындарын бастайды.

Еліміздің чемпионы "Астана" Еуропаның ең беделді жарысындағы күресін екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Клуб іріктелген командалардың ішіне кірді. Бұл Стойлов командасына рейтингі төмен, мүмкін еуропалық жарыстарда тәжірибесі аз қарсыластардың түсуі әбден ықтимал дегенді білдіреді.

Бұл кезеңнің кездесулері 2017 жылдың 11-12 шілдесінде ойналады, қарымта ойындар 18-19 шілдеде өтпек.

Чемпиондар Лигасының жеребе тастау рәсімі Астана уақыты бойынша 16:00-де басталады. Тікелей трансляцияны ru.uefa.com сайтынан тамашалауға болады.

2017 жылғы Қазақстан Суперкубогының иегері, былтырғы жылғы чемпионаттың күміс жүлдегері "Қайрат" УЕФА Еуропа Лигасындағы жолын бірінші кезеңнен бастайды. Және де осы кезеңнен бастап сайысқа былтырғы чемпионаттың қола медалін ұтып алған павлодарлық "Ертіс" және 4 орын алған шымкенттік "Ордабасы" түседі.

Бұл кезеңдегі ойындар 2017 жылдың 26 маусымында және 6 шілдесінде өтеді.

Еуропа Лигасындағы бірінші кезеңнің жеребе тарту рәсімі Астана уақытымен 17:00-де басталады. Бір жарым сағаттан кейін - 18:30-да жарыстың екінші кезеңінің жеребесі өтеді. Тікелей көрсетілімді ru.uefa.com сайтынан қарауға болады.

Қазақстан Кәсіпқой футбол Лигасы халықаралық аренада еліміздің атынан өнер көрсететін командаларға сәттілік тілейді.

Естеріңізге сала кетейік, "Астана" командасының Чемпиондар Лигасындағы жетістіктері УЕФА-ның тарапынан Қазақстанның балалар және жасөспірімдер футболын дамытудың негізі болды. Аталған жетістіктердің қайталануы бүкіл Қазақстанда жалпы футболдың әрі қарай дамуына мүмкіндік береді.