KZ
KZ RU
16 қыркүйек 2024 12:32
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

20-шы тур қорытындысы: «Ақтөбе» бірінші орынға көтерілді

16 қыркүйек 2024 12:32

14-15 қыркүйек күндері аралығында өткен OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 20-шы турында «Тұран» клубы осы маусымда алғаш рет Түркістан қаласындағы стадионда ойнап, маңызды жеңіске қол жеткізді.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 6 матчта 14 гол соғылды.

- 26 сары қағаз көрсетіліп, 3 футболшы алаңнан қуылды.

- «Астана» клубы осы маусымда ең көп 7 пенальти теуіп, оның төртеуін голға айналдырды.

- «Жеңіс» осы маусымда 3 мәрте жеңіске жетіп, барлық голдарын тек бірінші таймда соққан.

- «Жеңіс» араға 12 тур салып және шамамен 5 айдай уақыттан кейін 3 ұпай еншіледі.

- Барлық 6 кездесуде алаң иелері басым түсті.

- «Жетісу» клубы ғана осы турда бірде-бір тура соққы бағыттамады.

- «Ақтөбе» клубы 4 матчқа созылған сәтсіздік сериясын тоқтатты.

- «Елімайдың» жеңіс сериясы 4 матчқа жалғасып жатыр.


«Жеңіс» - «Қайсар» - 1:0

Гол: Гиорги Панцулая, 34 минут (1:0)

Жан сақтау үшін күрес жүргізіп жатқан «Жеңіс» клубының өз жерінде «Қайсарға» қолайсыздық тудыратыны сөзсіз еді. Себебі, осы маусымда өткен қос ойында да астаналықтар айтарлықтай қарсылық көрсеткен болатын. Әйтсе де бұл кездесу шабуылдарға толы болды деп айта алмаймыз. Командалар 90 минутта небәрі 3 қана тура соққы жасай алды. Абырой болғанда, 34-ші минутта сондай соққының бірін Гиорги Панцулая өкшесімен теуіп, өз командасына маңызды 3 ұпай әперді. Осы жеңістің арқасында «Жеңіс» пен көш соңындағы «Шахтердің» арасы 4 ұпайға ұзады. Ал елордалықтар араға 5 айдай уақыт салып, жеңістің дәмін татты.

 

«Астана» - «Қызылжар» - 2:1

Голдар: Чинеду Чарльз Джеффри, 44 минут (1:0), Олексий Щебетун, 45 минут (1:1), Чинеду Чарльз Джеффри, 59 минут (2:1)

Соғылмаған пенальтилер: Чинеду Чарльз Джеффри, 44 минут, Усман Камара, 63 минут (екеуі де «Астана»)

Ұлттық құрама сапына бірнеше ойыншысы шақырту алған «Астана» клубының футболшылары үзіліс кезінде тынығудың орнына, ел намысын қорғады. Клубтық деңгейде де эмоцияға толы матч өткізіп жатқан елордалықтар алдағы матчқа толық дайын болмады. Бірақ алаң иелері алғашқы таймда-ақ басымдықты қолдарына алып, 2 гол соқты. Алайда 2 сәтте де доп Марин Томасовтың қолына тиіп, төреші голды санамады. Тек үзілістің алдында ғана «Астана» тарапына пенальти белгіленді. Чинеду Чарльз Джеффри допты сәтсіз тепсе де, қақпашы қайтарған допты қайта сүңгіте алды. Бірақ басымдық 1 минутқа ғана сақталды. «Қызылжар» командасы стандарттық шабуылмен лезде жауап қайтты. Екінші таймда «Астана» клубының шабуылшысы кезекті рет гол соғып, қайта алға шықты. Артынша «Қызылжар» қақпашысы Вадим Петров тағы да пенальти қайтарды. Бірақ қонақтардың қақпашысы қанша белсенді болғанымен, қонақтар 1 ұпай да ала алмады. Бір қызығы - осы маусымда «Астана» клубының пайдасына 7 пенальти белгіленіп, 5 түрлі ойыншы пенальти тепті.

 

«Тұран» - «Шахтер» - 2:1

Голдар: Иван Хомуха, 27 минут (1:0), Имеда Ашортия, 68 минутта пенальти (1:1), Александр Мишов, 90+9 минут (2:1)

Алаңнан қуылған: Богдан Савкив, 59 минут («Шахтер»)

«Түркістан Арена» стадионына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Тұран» клубы енді ғана доп тебуге мүмкіндік алды. Қала тұрғындарының да үлкен футболды сағынып қалғаны   анық байқалды. Себебі, 7 мыңдық стадионда ине шаншар орын болмады. Сол жалынды қолдаудың арқасы болар, «Тұран» клубы алғашқы минуттан шабуылға шықты. Өткір шабуылдар ұйымдастырса да, алаң иелері стандарттық жағдайларды өте тиімді пайдаланып, 2 голды да бұрыштама арқылы соқты. Өкінішке қарай, «Шахтер» футболшылары бірінші таймның соңғы минутында ғана қарсыластың айып алаңына кіріп, Франсиско Кампоның добы қақпа бағанасынан қайтты. Ал екінші тайм драмаға толы болды. Әуелі кеншілер сапынан Богдан Савкив алаңнан қуылып, кездесудің интригасын өлтіргендей көрінген. Бірақ қонақтар қонақтар қорғаныста жатудың орнына алға ұмтылды. Нәтижесінде пенальти тебуге мүмкіндік алды. Әуелі допты қақпашы қайтарғанымен, төреші бірнеше минуттан кейін қайта тептірді. Екінші мүмкіндікте Имеда Ашортия мүлт кетпеді. Қосымша минутта қонақтар тағы да гол соғатындай шабуыл жасағанымен, Владислав Василючек қақпасын аман алып қалды. Соңғы минутта орындалған бұрыштама Александр Мишовтың тура басына барып, алаң иелері 2:1 есебімен жеңісті жұлып алды. Осылайша, «Тұран» мен «Шахтердің» арасы 7 ұпайға алшақтап кетті.

 

«Елімай» - «Тобыл» - 2:1

Голдар: Ислам Машуков, 10 минут (1:0), Никита Корзун, 89 минут (2:0), Ислам Чесноков, 90+5 минут (2:1)

Осы турдың орталық матчы Семей қаласында өтіп, «Елімай» мен «Тобыл» көрермендерге керемет матч сыйлады. Алғашқы минуттарда қос клуб айтарлықтай белсенділік танытпағанымен, қостанайлықтар жағынан қақпашы мен қорғаушының өзара түсінісе алмай, Ислам Машуков есеп ашып кетті. Шабуыл шебінен ат үркейтін қонақтар тараз басын теңестіруге барынша тырысты. Бірінші таймның өзінде Игорь Ивановичтың айып соққыларын қақпашы әрең дегенде қайтара алды. Тіпті соңғы сәттерде қақпа маңдайшасы мен қорғаушылар көмекке келді. Екінші таймда да «Тобылдың» алдыңғы шебі түрлі шабуылдар жасады. Тек Еркін Тапалов қақпашымен бірге бір шықса да, допты голға айналдыра алмады. Ал «Елімай» командасының соңғы минуттарында маңызды гол соғатын Никита Корзун кезекті рет белсеніп, 89-минутта кездесудің тағдырын шешті. Өкінішке қарай, «Тобылдың» көшбасшысы Ислам Чесноковтың жеке шеберлігімен соғылған гол қонақтарға еш көмегін тигізбеді.

 

«Ақтөбе» - «Жетісу» - 3:0

Голдар: Фредди Гондола, 37 минут (1:0), Жан Жайро, 44 минут (2:0), Әлібек Қасым, 76 минут (3:0)

4 матч бойы жеңіске жете алмаған «Ақтөбе» клубы бас бапкерін отставкаға жіберді. Ал бүгінгі матчқа оларды жаңа жаттықтырушы бастап шықты. Иә, алаң иелері 90 минут бойы қонақтарға түк жасатпады. Жауапсыз 3 гол соқты. Тіпті Максим Самородовтың орнына келген Панама ұлттық құрамасының шабуылшысы Фредди Гондола да ел чемпионатындағы гол есебін ашты. Нәтижесінде 34 ұпаймен турнир кестесінде қайта көш бастады. Десе де, «Жетісудің» екінші айналымда шабуыл шебі әлсіреп, жеңіске жете алмай жүргенін ескерейік. «Ақтөбенің» өзгерісі қаншалықты нәтижесін бергенін алдағы уақытта көретін боламыз.

 

«Ордабасы» - «Атырау» - 1:0

Гол: Асхат Тағыберген, 22 минут (1:0)

Алаңнан қуылғандар: Матеус Барбоза, 71 минут («Атырау»), Айбол Әбікен, 90+4 минут («Ордабасы»)

Шымкентте өткен матчта алаң иелері әупірімдеп жүріп, 3 ұпайын алды. Осы маусымда көп сұрақ туындатқан капитан Асхат Тағыберген өткен жылғыдай алыстан жойқын соққы бағыттап, жеңіс голын соқты. Қонақтардың қақпашысы бұл сәтке дайын болмады. Ал 1 гол кездесудің тағдырын шешті. Шымкенттіктер жеңіске жеткенімен, ойын тұрғысынан көптеген мәселелер бар екендігі көрсетті. Ал «Атыраудың» бар үміті енді тек OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында ғана қалғандай. Өйткені бастапқы 4 команда өзгелерден ұзап барады.

 

Айта кетейік, 18 қыркүйек күні сағат 19:00-де OLIMPBET QFL Премьер-лиганың кейінге шегерілген 15 тур ойыны өтеді. Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы стадионда «Қайсар» мен «Астана» кездеседі. Ал, 21-ші тур матчтары 21-22 қыркүйекке жоспарланған.