KZ
KZ RU
15 қараша 2021 14:02

2021 жылғы Бірінші лиганың қорытындысы. Үздік ойыншы

15 қараша 2021 14:02

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы 2021 жылғы маусым қорытындысы бойынша Бірінші лиганың үздік бас бапкері мен ойыншысын анықтау мақсатында сауалнама өткізді. Сауалнамағалигаға қатысушы командалардың бас бапкерлері, капитандары және жетекшілері қатысты. Респонденттерге әр номинация бойынша маусымның үздік үш есімі ұсынылды.

Барлық дауыстарды қосу қорытындысы бойынша2021 жылғы маусымның Бірінші лигасының үздік ойыншысы болып «Ақсу» командасының 20-жасар шабуылшысы Мирас Тұрлыбек атанды.

Бұған дейін Мирас Екінші лига аясында тек қана «Ертіс» жастар командасының құрамында өнер көрсеткен болатын. Биыл ол Бірінші лигада дебют жасап, бірден өзін жақсы жағынан көрсете білді. Тұрлыбектің статистикасы керемет: ол біріншіліктің 21 ойынында 21 гол соғып, 6 нәтижелі пас жасады. Сонымен қатар, Мирас OLIMPBET-Қазақстан Кубогының бастапқы кезеңінде екі ойын өткізіп, аталмыш ойындарда екі рет қанжығасын майлады. Оның нәтижелі ойыны Қазақстан жастар құрамасының бапкерлер штабының назарынан тыс қалмады. Мирас 2023 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде Шотландияға қарсы сырт алаңда өзінің алғашқы ойынын өткізді.

2-3 орындарды «Оқжетпестің» қос тәжірибелі футболшысы-Жасұлан Молдақараев пен Санат Жұмаханов - бөлісті. Бір қызығы, лиганың клуб басшыларының көпшілігі өз дауыстарын Жасұланға береді, бірақ сауал қорытындысы бойынша көкшетаулық тәжірибелі ойыншылардың жинаған ұпайлар саны Тұрлыбекті басып озуғажетпеді.

Санат Жұмаханов Бірінші лига аясында 18 ойында 10 гол соғып, 7 нәтижелі пас жасады. Ал оның әріптесі Молдақараев 19 матчта өзінің жеке статистикасына 19 гол мен 5 ассист жазды.

Фото: «Ақсу» ФК баспасөз қызметі