21-ші тур аңдатпасы: «Астана» жеңіс сериясын жалғастыра ма?
21-22 қыркүйек күндері аралығында OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 21-ші туры жоспарланған. Орталық ойын «Тобыл» мен «Ақтөбе» арасында өтеді.
21 қыркүйек
«Атырау» - «Жеңіс»
Уақыты: 17:00
Тікелей эфир: Sport+ Qazaqstan телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары
Өтетін жері: «Мұнайшы» стадионы (Атырау)
Төрешілер: Абдуллаев Бағдат (Қаратау), Васютин Сергей (Алматы), Филоненко Дмитрий (Тараз)
VAR төреші: Тевяшов Денис (Орал)
AVAR төреші: Суликанов Саят (Ақтөбе)
Қосалқы төреші: Сұлтанғалиев Руслан (Атырау)
Инспектор: Заякин Виктор (Семей)
«Атырау» клубының өз алаңында оңайшылықпен жеңіле бермейтіндігін білеміз. Оған осы маусымда тек «Жетісуден» ғана ұтылғаны дәлел. Тіпті голды оңайлықпен жібере бермейді. Құрамында Николай Сигневич сынды сұрмергені бар ұжым керекті сәттерде 1 ғана гол соғып, жеңіске жетуі мүмкін. Ал Акис Вавалис баптайтын астаналықтар кейінгі турда 3 ұпай алғанымен, ұшу аймағынан әлі толық қауіпсіз деңгейде деп айта алмаймыз. Трансфер кезінде жаңа ойыншыларды қатарына қосқанымен, әлі де шабуыл шебінде гол соғу мәселесі өзекті болып тұр. Алғашқы айналымда «Атырау» клубы 0:1 есебімен жеңіске жеткен.
«Қайрат» - «Қайсар»
Уақыты: 19:00
Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары
Өтетін жері: Орталық стадион (Алматы)
Төрешілер: Байымбет Сәкен (Тараз), Конивец Артем (Қарағанды), Бейжанов Рустам (Петропавл)
VAR төреші: Кучма Антон (Көкшетау)
AVAR төреші: Сысоев Антон (Көкшетау)
Қосалқы төреші: Сержанұлы Біржан (Алматы)
Инспектор: Горда Александр (Көкшетау)
Қызылордада өткен алғашқы айналымның кездесуінде «Қайсар» соңғы минутта жеңісті жұлып алып еді. Салдарынан бас бапкер Кирилл Кекер отставкаға кетуге мәжбүр болды. Содан бері алматылықтарда тағы да өзгерістер болып, алдағы кездесуге Рафаэль Уразбахтин команданы бастап шығады. «Қайрат» ұлттық құраманың үзіліске кетуінен бері әлі бірде-бір матч өткізбеді. Бұл футболшылардың физикалық дайындығына әсер етсе де, алдағы кездесуге тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік береді. Алаң иелерінің шабуыл шебі өте мықты. Бірақ қорғаныста да мәселелер бар. Бір аптаның ішінде 2 ойын өткізген қызылордалықтардың 90 минут бойы қарсыластан көз жазбай, қақпасына гол жібермеуге шамасы келер ме екен?
22 қыркүйек
«Шахтер» - «Елімай»
Уақыты: 17:00
Тікелей эфир: Qazsport телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары
Өтетін жері: «Шахтер» стадионы (Қарағанды)
Төрешілер: Омаров Рустам (Алматы), Лабашов Денис (Атырау), Навроцкий Иван (Астана)
VAR төреші: Горда Данил (Көкшетау)
AVAR төреші: Карлов Евгений (Павлодар)
Қосалқы төреші: Бильдинов Михаил (Қарағанды)
Инспектор: Ордабаев Құрманбек (Түркістан обл.)
Төрт жеңіс сериясымен келе жатқан «Елімайға» нағыз сынақтың басталатын уақыты келді. Егер еурокубокқа үмітті болса, семейліктер мүлдем ұпай жоғалтпауы керек. Қарағандылықтар болса, өткен турда басты қарсыласынан жеңіліп, турнир кестесіндегі жағдайын ушықтырып алды. Енді кеншілер OLIMPBET QFL Премьер-лигада қалу үшін, кемі 2 жеңіс тіркеуі шарт. Қос клуб та жеңіске ұмтылатындықтан, жеңімпазды анықтау оңайға түсе қоймас. Қағаз жүзінде «Елімай» айқын фаворит. Осы маусымда командалар 2 мәрте жолығып, соңғы минуттарда Андрей Карповичтің шәкірттері жеңісті жұлып алған.
«Тұран» - «Қызылжар»
Уақыты: 17:00
Тікелей эфир: Sport+ Qazaqstan телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары
Өтетін жері: «Түркістан Арена» стадионы (Түркістан қ.)
Төрешілер: Ноженко Сергей (Талдықорған), Ахметов Азамат (Қызылорда), Тергеусізов Самат (Алматы)
VAR төреші: Тасыбаев Айдын (Астана)
AVAR төреші: Павлов Александр (Алматы)
Қосалқы төреші: Жарылқасынов Самат (Шымкент)
Инспектор: Пасько Сергей (Алматы)
Өткен турда «Түркістан Арена» жанкүйерлерге лық толып, «Тұран» соңғы секундта өте маңызды жеңісті тіркеген болатын. Осы жолы да көрермендердің қатары қалың болады деп ойлаймыз. «Тұран» ұшу аймағынан алыстағанымен, өз стадионында оңайшылықпен жеңіле салады деп айта алмаймыз. «Қызылжар» клубы да жоғары орындардан үміттенбегенімен, гол соға алмау мәселесін шешкендей көрінеді. Оның үстіне «Тұранның» қорғанысы да мықты деп айта алмаймыз. Алғашқы айналымда 0:1 есебімен түркістандықтар күтпеген жерден басым түскен болатын.
«Ордабасы» - «Астана»
Уақыты: 19:00
Тікелей эфир: Qazsport телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары
Өтетін жері: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадион (Шымкент)
Төрешілер: Сариев Болат (Орал), Тихонюк Юрий (Ақтөбе), Калачев Сергей (Атырау),
VAR төреші: Сахи Данияр (Қызылорда)
AVAR төреші: Белоградов Дмитрий (Павлодар)
Қосалқы төреші: Филипчук Евгений (Шымкент)
Инспектор: Салий Павел (Өскемен)
Қайта бабына енген Асхат Тағыбергеннің шамасы азулы «Астанаға» жете қоя ма екен? Мотивациясы жоғары елордалықтар әр тур сайын қиын қарсыластарға тап болса да, жеңістің кілтін тауып келеді. Қос команданың Шымкенттегі теке-тірестеріне назар аударсақ, алаң иелері тек 2019 жылы ғана 3 ұпайды еншілеген. Одан бері «Астана» тұрақты түрде ұпай алуда. Шабуыл шебінде қос клуб та мықты. Әсіресе жаңа футболшыларды қатарға қосқан астаналықтардың нәтижесі жоғары болып тұр. Чемпиондыққа үмітті қос клубтың қайсысының асығы алшысынан түседі екен?
«Тобыл» - «Ақтөбе»
Уақыты: 19:00
Тікелей эфир: Q Football телеарнасы, Q Football мобильді қосымшасы, QFootball.kz пен QFL.KZ сайттары
Өтетін жері: Орталық стадион (Қостанай қ.)
Төрешілер: Измайлов Денис (Талдықорған), Бельский Евгений (Тараз), Виноградов Денис (Петропавл)
VAR төреші: Қарабаев Саят (Астана)
AVAR төреші: Долгих Алексей (Павлодар)
Қосалқы төреші: Гриценко Иван (Қостанай)
Инспектор: Доскеев Нұржан (Алматы)
Бірінші айналымда 3:4 есебі тіркеліп, командалар жанкүйерлерге нағыз шоу сыйлап еді. Қазіргі сәтте «Тобыл» сапындағы Ислам Чесноковтың бабы келісіп, әр ойында көзге түсуде. Шабуыл шебі мықты болғанымен, қорғаныстағы өрескел қателіктер қостанайлықтардың ұпай алуына кедергі болуда. Жаңа бапкердің келуімен «Ақтөбе» де ойынына өзгерістер енгізіп, чемпиондыққа таласатындығын ресми мәлімдеді. Өткен турда «Жетісуге» еш мүмкіндік қалдырмаған «Ақтөбенің» нағыз шама-шарқы енді ғана белгілі болады. Қостанайлық ұжым да тур өткен сайын еурокубок аймағынан алшақтап барады. Ал «Ақтөбеге» ұпай жоғалтуға болмайды. Қонақтар соңғы рет тек 2018 жылы ғана жеңіске жеткен.