KZ
KZ RU
06 қазан 2024 12:14
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

27-ші тур қорытындысы: «Ұлытау» осы маусымда алғаш рет көш басына шықты

06 қазан 2024 12:14

3-4 қазан күндері өткен 1XBET QFL Бірінші лигасының 27-ші тур ойындарында көшбасшы ауысты.


Қандай жайттар тіркелді? 

 

- 7 матчта 22 гол соғылды.

- 39 сары қағаз көрсетіліп, 4 футболшы алаңнан қуылды.

- «Ұлытау» клубының жеңіс сериясы 9 матчқа жетті.

- «Түркістан» клубынан 3 бірдей футболшы алаңнан қуылып, осы маусымдағы антирекордты тіркеді.

- «Қайсар Жас» осы маусымда бірінші рет сырт алаңда жеңісті тойлады.

- «Ұлытау» шабуылшысы Жасұлан Молдақараев 6 матч қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тауып келеді.

- SD Family клубы ғана осы турда бірде-бір дәл соққы бағыттай алмады.

 

«Қайрат-Жастар» - «Оқжетпес» - 1:0

Гол: Аруп Саутов, 90+2 минут (1:0)

Турдың орталық ойыны Алматы қаласында өтті. Бірер күн бұрын ғана 19 жасқа дейінгілер арасындағы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне қатысқан «Қайрат-Жастар» физикалық тұрғыдан шаршаңқы әрі құрамға өзгеріс жасады. Футболшылар сапасы жағынан да көкшетаулықтар басым болып, фаворит саналды. Бірақ қағаз жүзінде мықты болғанымен, «Оқжетпес» сырт алаңда айтарлықтай сәтті доп тебе алмайтын. Оған Өскемендегі жеңіліс айқын дәлел бола алады. Осы жолы да сол көрініс қайталанды. Әуелі командалар соққы алмасқанымен, қонақтардың қақпашысы Қажымұқан Төлепберген еш қателікке жол бермеді. Өз кезегінде көкшетаулықтарға дәлдік пен соңғы пастар жетіспеді. Олар 10 соққы жасағанымен, тек екеуі ғана тура бағытталды. Батырхан Тәжібай, Дмитрий Мирошниченко тиімді позициядан допты әуеге жіберді. Матч осылайша тең аяқталуға жақын болған. Бірақ қосалқы құрамнан шыққан Аруп Саутов қосымша минутта қорғаушыдан сәтті өтіп, қақпашы қайтара алмайтындай соққы жұмсады. Есеп: 1:0. Бұл жеңіс қос ұжымның арасын 1 ұпайға қысқартып, «Оқжетпестің» көшбасшылық орынынан айырды.

 

«Ақтөбе Ж» - «Қайсар Жас» - 1:3 

Голдар: Әлішер Кенжеғұлов, 6 минут (1:0), Мағжан Бауыржан, 66 минут (1:1), Нұрдәулет Әмірбек, 77 минутта пенальти (1:2), Өркен Махан, 90+1 минут (1:3)

Ақтөбе қаласындағы ойын қос команда үшін де өте маңызды болды. Қызылордалықтар «Ақтөбе» жастарынан 7 ұпай ұзап тұрса да, дәл осы кездесудегі жеңіс ұпай алшақтығын қысқартар еді. Сондықтан қос тарап та ұпай алу үшін аянып қалмады. Жалпы футболшылар 90 минут бойы 37 соққы жасады. Бірінші тайм қонақтардың үстемдігімен өткенімен, алаң иелері пенальтидің арқасында алға шықты. Екінші таймда да қызылордалықтар басымдықты бермеді. Дамылсыз соққыларды қайтарумен болса да, қақпашы Саятхан Құсайынов ақыры допты тура алдына қайтарып, екінші соққыға дайын болмады. Артынша пенальтидің бағытын дұрыс таппады. Бұл басымдықты қолға жіберіп алған соң, ақтөбеліктер кемі 1 ұпай алу үшін алға ұмтылған. Бірақ қорғанысты ұмыт қалдырып, қарымта шабуылда Өркен Махан кездесудің нүктесін қойды. Бұл «Қайсар Жас» командасының осы маусымда түзде тіркеген бірінші жеңісі.

 

«Ұлытау» - «Арыс» - 4:1

Голдар: Жасұлан Молдақараев, 44 минут (1:0), Нұрбақыт Досанов, 51 минут (1:1), Автогол, 63 минут (2:1), Нұрбол Ануарбеков, 85 минут (3:1), Рафкат Аслан, 90+1 минут (4:1)

OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығуға ұмтылып жатқан «Ұлытау» клубы жеңіс сериясын 9 матчқа жеткізді. Осы турда олар басты аутсайдерлердің бірін қабылдап, сенімді жеңіске жетті. Бірақ таблодағы ірі есеп пен статистикада әлдеқайда басым болғанымен, «Ұлытау» командасына бастапқыда гол соғу оңай болмады. Тек бірінші таймның соңғы минуттарында ғана Жасұлан Молдақараев белсеніп, алаң иелерін алға шығарды. Бірақ екінші таймның басында қонақтар тараз басын теңестіріп кетті. Одан кейінгі уақыттарда жезқазғандықтар допқа иелік еткенімен, қайта алға шығуда біршама қиындықтар туындады. Осы орайда «Арыс» қақпашысы Сержан Құрманас қателікке жол беріп, допты сызықтың ішінен ұстады. Артынша Нұрбол Ануарбековтың да соққысына тосқауыл бола алмады. Қосымша минутта Рафкат Аслан кездесудің нүктесін қойып, «Ұлытау» осы маусымда бірінші рет турнир кестесінде көш басына шықты.

 

«Түркістан» - «Жетісай» - 1:2

Голдар: Шерзад Примбердиев, 6 минут (1:0), Димаш Құдайберген, 28 минутта пенальти (1:1), Даниэль Мәуленов, 30 минут (1:2)

Алаңнан қуылғандар: Станислав Курьян, 25 минут, Шерзад Примбердиев, 67 минут, Артем Литош, 82 минут (барлығы «Түркістан»)

1XBET QFL Бірінші лигасының жарқын командалары жанкүйерлерге тағы да нағыз шоу сыйлады. Турнирлік кесте жағынан «Түркістанға» 3 ұпай қажет еді. Ал қонақтар OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шыға алмайтындықтан, қатты өзекті болмады. Нәтижесінде алаң иелерінің көшбасшысы Шерзад Примбердиев жеке шеберлігімен жылдам есеп ашты. Бірақ басымдық ұзақ сақталмады. 23-ші минутта «Түркістан» қақпашысы Станислав Курьян допқа талас барысында қонақтардың шабуылшысы Дінмұхаммед Омаровты нокаутқа құлатты. Салдарынан Дінмұхамед бірден алмасуға мәжбүр болса, қақпашы қызыл қағазбен жазаланды. Артынша Димаш Құдайберген пенальтиді сәтті орындап, есепті теңестірді. Қосалқы құрамнан шыққан қақпашы Алексей Повышев бірден қателікке жол беріп, алыстан орындалған айып соққысына да тосқауыл болмады. Екінші таймда алаң қожайындары сапынан эмоциясын сақтай алмағаны үшін Шерзад Примбердиев және өрескел ойнағаны үшін Артем Литош қуылды. Бірақ бұл қызыл қағаздар түркістандықтардың сағын сындырмай, соңына дейін шабуылдауға тырысты. Алайда «Жетісай» қақпашысы барлық соққыларға тойтарыс беріп, жеңісті сақтап қалды.

 

«Каспий» - «Ақжайық» - 3:0

Голдар: Ален Айманов, 14 минут (1:0), Дамир Марат, 17 минут (2:0), Дамир Марат, 62 минутта пенальти (3:0)

3 жеңіс сериясы бар «Ақжайық» турнир кестесіндегі қауіпті аймақтан шығып, биылғы маусымды орындап қойып еді. Сондықтан оларға бұл кездесудің нәтижесі айтарлықтай әсер етпеді. Ал «Каспий» клубы алдағы қарсыластарынан 5 ұпайға қалып тұрса да, теориялық тұрғыдан OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығудан үмітін үзбеген. Сондықтан ақтаулықтар алғашқы минуттан қысымды үдетіп, 20 минуттың ішінде 2 доп басымдығымен алда тұрды. 62-ші минутта Дамир Марат пенальтимен ойынның нүктесін қойды. Үшінші голдан кейін ғана қонақтардың шабуылдауына жол ашылып, 81-ші минутта пенальтимен есепті қысқартуға мүмкіндік алды. Алайда ардагер қақпашы Александр Мокин допты ұстап алды. «Каспий» сенімді жеңіске жетті.

 

«Хан-Тәңірі» – «Алтай» - 2:1

Голдар: Гаврил Кан, 45+5 минутта пенальти (0:1), Мәди Жақыпбаев, 74 минут (1:1), Нұрдәулет Ағзамбаев, 83 минутта пенальти (2:1)

Алаңнан қуылған: Диас Қалыбаев, 37 минут («Хан-Тәңірі»)

OLIMPBET QFL Премьер-лигаға шығудан үмітін үзбеген «Хан-Тәңірі» клубы ақтаулықтардан еш қалыспай, бірге келеді. Әйтсе де, кейінгі 3 турда көшбасшылардан 5 ұпай ара қашықтығын қысқарту оңай болмайды. Осы матчта алаң иелері айқын фаворит саналғанымен, тек матчтың соңғы минуттарында ғана камбэк жасай алды. Бірінші таймда команданың сұрмергені Диас Қалыбаев алаңнан қуылып, артынша «Алтай» пенальтиді сәтті орындап, үзіліске басымдықпен кетті. Екінші таймда 10 футболшымен қалса да, «Хан-Тәңірі» клубы жігерлік танытып, жеңісті жұлып алды. Өз кезегінде қонақтардан Артём Тетерин мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады. Есеп: 2:1

 

SD Family - «Екібастұз» - 0:3

Голдар: Азамат Еркінбек, 67 минут (0:1), Нұрлан Әлхам, 77 минут (0:2), Нұрлан Әлхам, 90 минут (0:3)

Турнирлік кестеде ешқандай мотивациясы жоқ SD Family клубы өз алаңында екібастұздықтарға қарсы еш қауқар көрсете алмады. Тіпті 90 минутта гол соқпақ тұрмақ, бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Әйтпесе олар осы маусымда Sydykbek Arena-да «Хан-Тәңірі», «Түркістан», «Арыс» және т.б ұжымдарды талқандағанын көпшіліктің есінде. Ал қонақтар дамыл таппай шабуылдағанымен, есепті тек 1 сағаттан кейін ғана ашты. Айып соққысы кезіндегі қарбаласты Азамат Еркінбек сәтті пайдаланды. Осыдан кейін қонақтар футболшыларын ауыстырып, Нұрлан Әлхам алаңға шықты. Оның шығуының арқасында команданың шабуылы нәтижелі болып, Нұрлан 20-25 минутта дубль авторы атанды. Есеп: 0:3. Қонақтардың сенімді жеңісі.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 28-ші тур ойындары 10-11 қазан күндері өтеді.