KZ
KZ RU
19 қазан 2024 15:35
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

29-шы тур қорытындысы: «Оқжетпес» жоғары дивизионға жолдама алды

19 қазан 2024 15:35

17-18 қазан күндері 1XBET QFL Бірінші лигасының 29-шы тур ойындары өтіп, «Оқжетпес» кезекті рет қарсыласын тас-талқан қылса, Алматыдағы орталық ойында «Каспийдің» бағы жанды.

 

Қандай жайттар тіркелді?

 

- 7 матчта 24 гол соғылды.

- 26 сары қағаз көрсетіліп, 1 футболшы алаңнан қуылды.  

- «Ұлытау» сұрмергені Жасұлан Молдақараев 8 ойын қатарынан гол соқты.

- «Ұлытаудың» 9 матчқа жалғасқан жеңіс сериясы Екібастұз қаласында тоқтады.

- «Оқжетпес» клубы 2 тур қатарынан 7:0 есебімен жеңіске жетті.

- «Тараз» клубы осы маусымдағы ең ірі жеңісін тіркеді.

- Осы маусымда ең көп гол соққан «Қайрат-Жастар» командасы 3 айдан кейін қарсылас қақпасынан саңылау таба алмады.

 

«Ақжайық» - «Ұлытау» - 0:3

Голдар: Демият Сламбеков, 12 минут (0:1), Жасұлан Молдақараев, 34 минут (0:2), Жасұлан Молдақараев, 48 минут (0:3)

Орал қаласындағы матчта «Ұлытау» клубы айқын фаворит саналса да, көрерменнің назарын аударатын жайттар бар еді. Біріншіден, «Ақжайық» өз алаңында кейінгі 4 ойында жеңілмеді. Екіншіден, алғашқы айналымда оралдықтар 1:2 есебімен басым түскен. Осы көрсеткіштерден кейін алаң иелері лайықты қарсылық көрсетеді деп ойлағанбыз. Алайда өткен турда ащы жеңіліске ұшыраған жезқазғандықтар қателіктен сабақ алып, кездесу тағдырын жылдам шешуге тырысты. Бірінші таймның өзінде 2 гол басымдығымен алға шықты. Екінші таймның басында клубтың басты сұрмергені Жасұлан Молдақараев дубль авторы атанды. Осылайша 37 жастағы футболшы 8 кездесу қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Ал турнирдің сұрмергендер тізімінде 19 голмен оқ бойы алда тұр. Өкінішке қарай, биылғы маусымды түрлі қиындықпен өткізген «Ақжайық» өз алаңындағы соңғы ойында ірі жеңілсе де, басты мақсаты – 1XBET QFL Бірінші лигасында қалу жоспарын орындай алды.

 

«Алтай - «Екібастұз» - 2:1

Голдар: Константин Горизанов, 18 минут (0:1), Диас Көшкімбаев, 40 минут (1:1), Айдын Металлов, 69 минут (2:1)

Командалар кейінгі үш турды мүлдем басқаша деңгейде өткізді. «Алтай» клубы жеңілістен көз ашпаса, «Екібастұз» OLIMPBET QFL Премьер-лиганың жолдамасына үмітті ұжымдардан айласын асырумен болды. Сондықтан да букмекерлер аз ғана басымдықпен қонақтарды фаворит ретінде таныды. Матчтың алғашқы минуттарында «Екібастұз» сол сөзді дәлелдегендей, жылдам есеп ашуға ұмтылды. Нәтижесінде Константин Горизанов 18-ші минутта көзге түсті. Турнирлік кестеде ешқандай мотивациясы болмаса да, есепті теңестіруге ғана емес, жеңісті жұлып алуға да күш тапты. Екінші таймда қос тарап та 3 ұпай алуға ұмтылғанымен, бұл мүмкіндікті қосалқы құрамнан шыққан Айдын Металлов пайдаланып кетті. Есеп: 2:1. Көпшілік күтпеген жеңіс.

 

«Тараз» - «Түркістан» - 5:1 

Голдар: Бақдәулет Өмірбек, 20 минут (0:1), Мүслім Жұмат, 32 минут (1:1), Абзал Мұқанбетжанов, 58 минут (2:1), Еркебұлан Тойбеков, 61 минут (3:1), Димаш Серікұлы, 70 минут (4:1), Мәди Әбіш, 88 минут (5:1) 

Ешқандай маңызға ие болмаса да, бұл ойын керемет голдарымен жанкүйерлерге ерекше эмоция сыйлады. Осы маусымда өз алаңында соңғы ойынын өткізген «Тараз» футболшылары жеңіс үшін аянып қалмады. Алғашқы минуттардан-ақ қарсыластарын қыспаққа алды. Бірақ күтпеген жерден есепті қонақтар ашты. Айып соққысынан кейін кері серпілген допты Бақдәулет Өмірбек жойқын түрде бағыттады. Қақпашы тек көз қиығымен шығарып салуға ғана үлгерді. Бірақ қонақтардың басымдығы ұзақ сақталмады. 32-ші минутта Мүслім Жұмат айып соққысын тамаша орындай білді. Үзіліске дейін командалар алға шығу үшін барын салғанымен, бірінші тайм тең есеппен аяқталды. Ал екінші таймда «Түркістан» клубы жоғары қарқынын ұстай алмады. Салдарынан «Тараз» жауапсыз 4 гол соқты. Толассыз ұйымдастырылған шабуылдардың арқасында 5:1 есебімен жамбылдықтар осы маусымдағы ең ірі жеңістерін тойлады.

 

«Арыс» - «Жетісай» - 2:2

Голдар: Нұрбақыт Досанов, 44 минут (1:0), Нұрбақыт Досанов, 57 минут (2:0), Тимур Зуфтаров, 62 минут (2:1), Ринат Серікқұл, 65 минут (2:2) 

Алаңнан қуылған: Бақыт Қалыбай, 79 минут («Жетісай») 

QFL Екінші лигасына төмендеп кету қаупі бар «Арыс» үшін қалған ойындарда 1 мәрте жеңіске жетуі тиіс. Әйтпесе 1ХВЕТ QFL Бірінші лигамен қоштасады. Міне өз көрермендерінің алдында доп тепкен «Арыс» футболшылары бұл мақсатты орындау үшін барын салды. Нұрбақыт Досанов алғашқы бір сағатта 2 доп басымдығымен алаң иелерін алға шығарғанымен, ешқандай мотивациясы жоқ «Жетісай» клубы айналдырған 4 минуттың ішінде тараз басын теңестіріп кетті. Бірақ қонақтар сапынан дөрекі ойнағаны үшін 79-шы минута Бақыт Қалыбай қуылып кетті. Алайда қолда бар басымдықты «Арыс» командасы пайдалана алмай, 1 ұпайды қанағат етуге мәжбүр болды. Олар қорытынды турда OLIMPBET QFL Премьер-лиганың жолдамасына таласып жатқан «Каспийге» қонаққа барады. 1ХВЕТ QFL Бірінші лигадан ұшпау үшін, кемі тең есепке қол жеткізе ала ма екен? Ал маусымды алғаш болып аяқтаған «Жетісайға» ешкімнің өкпесі жоқ шығар деп ойлаймыз. Жарқын ойынымен керемет эмоция сыйлаған жетісайлықтар келесі маусымда бұдан да жақсы өнер көрсететініне сенеміз.

 

«Қайсар Жас» - «Қайрат-Жастар» - 0:0

Турнир кестесінде екінші орында тұрған алматылықтар Қызылордаға айқын фаворит ретінде барғанымен, күтпеген жерден ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Ұлттық құраманың ойындары «Қайрат-Жастар» командасының физикалық жағдайына да әсерін тигізді ме екен? Әйтсе де, қонақтар 90 минут бойы қауіпті соққыларымен 21 жастағы қақпашы Нұрмат Сәрсеновке маза бермеді. Бірақ екінші таймның соңында жас сұрмерген Рамазан Бағдат қақпашы мен қорғаушыдан айласын асырғанымен, тепе-теңдік ұстай алмай, бос қақпаға допты енгізе алмады. «Қайсар Жас» футболшылары бірде-бір дәл соққы бағыттамағанымен, қарымта шабуылда белсенділік танытты. Есеп: 0:0. Тарихи чемпиондыққа ұмтылған алматылықтар турнир кестесінде үшінші орынға төмендеді.

 

SD Family - «Оқжетпес» - 0:7

Голдар: Алияр Мұхаммед, 13 минут (0:1), Алияр Мұхаммед, 27 минут (0:2), Дәурен Жұмат, 33 минутта пенальти (0:3), Нияз Идрисов, 45+1 минут (0:4), Захар Порох, 52 минут (0:5), Дәурен Жұмат, 58 минут (0:6), Зикрилло Сұлтаниязов, 89 минутта пенальти (0:7) 

Sydykbek Arena стадионында өткен матчқа қонақтар ерекше құлшыныспен келді. Чемпиондық атақ жақын тұрса да, көкшетаулықтар тек жеңісті ғана қанағат тұтпай, соңғы минутқа дейін барынша көп гол соғуға тырысты. Олай дейтіндей жөндері де бар. Шешуші турда қызылордалық аутсайдер болғанымен, тең есеп тіркеліп қалуы да ғажап емес. Міне осындай сәтте доп айырмашылығы саналады. Осы жағынан да «Оқжетпес» жақсы жұмыс істеп, кейінгі екі турда жауапсыз 14 гол соқты. Енді соңғы турда тең түскен жағдай да, «Ұлытау» 4 доп айырмашылығын еңсеруі керек. Ал Астанадағы матчтың біржақты өткені таблодағы есептен де аңғару қиын емес. Әзірше, «Оқжетпес» клубын OLIMPBET QFL Премьер-лигаға оралуымен құттықтаймыз.

 

«Хан-Тәңірі» – «Каспий» - 0:1 

Гол: Бекзат Қабылан, 74 минутта пенальти (0:1)

OLIMPBET QFL Премьер-лиганың жолдамасы үшін қарсыластарын тоқтаусыз жеңіп келген қос команданың жолы Алматы қаласында түйісті. Бірінші таймда алаң иелері алға ойнауға тырысқанымен, қонақтардың қарымта шабуылдары айтарлықтай қауіп төндірді. Алайда үзіліске дейін гол соғылмады. Командаларда тәжірибелі футболшылар жинақталған ұжымдарда әрбір қателіктің құны өте жоғары еді. Міне сол қателік «Хан-Тәңірі» жағынан кетіп, ақтаулықтардың пенальти тебуіне жол беріп қойды. Осы маусымда ең көп пенальтиді орындаған Бекзат Қабылан мүмкіндікті мүлт жібермеді. Бұл жалғыз гол кездесудің тағдырын шешіп, «Каспийдің» тағдыры шешуші турда анықталатын болды. Турнир кестесінде 4-ші орында келе жатқан ақтаулықтар енді «Ұлытаудың» жеңілгенін ғана күтеді. Соңғы турда сенсация тіркеле ме екен?

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының соңғы 30-шы тур ойындары 25 қазанда өтеді.