KZ
KZ RU
11 мамыр 2024 13:00
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

6-шы тур қорытындысы: SD Family клубының камбэгі

11 мамыр 2024 13:00

9-10 мамыр күндері 1XBET QFL Бірінші лигасы аясындағы 6-шы турында SD Family клубы алғашқы таймда 2 доп айырмашылығымен ұтылып жатқанымен, екінші таймда жеңісті жұлып алды.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 34 сары қағаз көрсетіліп, 2 футболшы алаңнан қуылды;

- 8 ойында 17 гол соғылды;

- «Оқжетпес» - «Алтай» матчында 10 бірдей футболшыға ескерту берілді;

- Маусымдағы әзірше ең аз 2 гол соққан «Хан-Тәңірі» 8-орында келеді. Салыстырмалы түрде «Алтай» 3 гол соққанымен, әлі ұпай алмады.

 

«Ақтөбе Ж» - «Қайрат-Жастар» - 0:3

Голдар: Рамазан Кәрімов, 18 минутта пенальти (0:1), Әлихан Исраилов, 48 минут (0:2), Глеб Валгушев, 52 минут (0:3)

Осы маусымда 2 мәрте жеңілгенімен, «Қайрат-Жастар» командасы ешкімге ойын тұрғысынан есе жібермей келеді. Олар қонақта ойнағанымен, «Ақтөбе Ж» командасының қателіктерін пайдаланып, шеберліктерін асырып кетті. Тіпті екінші таймда бірнеше есепті еселейтін сәттерін де қолдана алмады. Қосалқы құрамнан шыққан Сағди Смайылбек бос қақпаны көздей алмаса, артынша қақпашымен бірге-бір шығып, допты қақпа бағанына тигізді. Алматылықтар екінші жыл қатарынан Ақтөбеден 3 ұпаймен қайтты.

 

«Оқжетпес» - «Алтай» - 2:1

Голдар: Зикрилло Сұлтаниязов, 10 минут (1:0), Зикрилло Сұлтаниязов, 20 минут (2:0), Досжан Кенжеғұлов, 52 минут (2:1)

Көкшетаудағы матчқа 1 500 жанкүйер жиналды. «Оқжетпес» көпке созбай, 1XBET QFL Бірінші лиганың басты аутсайдеріне жылдам 2 голды соқты. Алдымен алаң ортасынан асырылған пасқа Зикрилло бірінші жетсе, екінші сәтте Зикриллоның оң қапталдан тепкен добын қақпашы өткізіп алды. Қалған уақытта да алаң иелері есепті еселейтін мүмкіндіктерін құр жіберді. Екінші таймда «Оқжетпес» есепті сақтауға тырысты ма, әйтеуір «Алтайдың» шабуылы бірден жанданып шыға келді. Нәтижесінде 52-ші минутта Досжан Кенжеғұлов бұрыштамадан асырылған допты сүңгітіп жіберді. Қалған уақытта да қонақтар қауіп төндіріп, есепті теңестіруге сәл ғана сәттіліктері жетіспей қалды.

 

«Түркістан» - «Екібастұз» - 0:3

Голдар: Анатолий Красотин, 45 минут (0:1), Мирас Тұрлыбек, 72 минут (0:2), Диас Өмірзақ, 87 минут (0:3)

Қонақтар өздерінің бір бас жоғары екендігін көрсетті. 90 минутта «Екібастұз» 10 дәл соққы бағыттаса, «Түркістан» тек бір ғана дәл соққымен көзге түсе алды. Бірінші таймда алаң иелері сапынан Ниет Мүтелінің керемет мүмкіндігі болғанымен, қолдана алмады. Осы орайда сен соқпасаң, саған соғады дегендей, Анатолий Красотин пенальтимен есеп ашты. Екінші таймда қонақтардың көп шабуылдағанымен, алаң иелерінің қарымта шабуылдары біршама қауіп төндірді. Десе де, «Түркістан» ойыншысының алаң ортасынан қақпашыға берген пасына Анатолий Красотин бірінші жетіп, Мирас Тұрлыбекке нәтижелі пас шығарып берді. Үшінші гол ойын тағдырын шешті. Нәтижесінде «Екібастұз» бірден турнир кестесінің жоғарғы орындарына жайғасты.

 

«Қайсар Жас» - «Арыс» - 1:1

Голдар: Әділет Мыңбай, 58 минут (0:1), Нұрдәулет Әмірбек, 75 минут (1:1)

Алаңнан қуылғандар: Нұрбақыт Досанов («Арыс»), 79 минут, Азамат Серікбаев («Қайсар Жас»), 84 минут

«Қайсар Жас» төрт матч қатарынан қарсыласымен ұпай бөлісті. Жеңіске жетуге қанша тырысып, 11 дәл соққы бағыттағанымен, 3 ұпай алуға жеткіліксіз болды. «Арыс» 2 матч қатарынан есеп ашқанымен, жеңіске жету бұйырмады.

 

SD Family – «Ақжайық» - 3:2

Голдар: Ілияс Әлмұхамедов, 6 минут (0:1), Бауыржан Омаров, 37 минут (0:2), Саламат Гайсиев, 47 минутта автогол (1:2), Құдайберді Нарқұлов, 76 минут (2:2), Виктор Грабко, 80 минут (3:2)

Қонақтар жылдам гол соғып, алға шықты. 37-ші минутта алаң ортасынан Бауыржан Омаровтың тепкен добын қақпашы ұстай алмай, қателікке жол берді. Осы сәттен кейін «Ақжайық» сөзсіз 3 ұпай еншілейді деп ойлап едік. Жоқ, екінші тайм бастала салысымен жылдам салынған автогол алаң иелерінің көңілін көтерді. Ойын барысы да теңесіп, SD Family клубының ойлаған жоспары жүзеге асты. Нәтижесінде 75 және 80-ші минуттарда стандарттан соғылған 2 гол күтпеген жерден алаң иесіне жеңіс сыйлады.

 

«Жетісай» - «Каспий» - 0:0

Бұл кездесуде қонақтар фаворит ретінде санады. Біріншіден, барлық матчтарында жеңіске жетіп жатыр. Екіншіден, осы ойында негізгі құрамда шыққан 6 футболшы 2023 жылы Премьер-лигада доп тепкен. Үшіншіден, «Жетісай» 2023 жылы ғана құрылған болса, «Каспий» Премьер-лигадан енді ғана түскен еді. Бірақ бірнеше фактор жағынан қонақтар басым болса да, алғашқы секундта-ақ өрескел қателікке жол берді. Алайда бұл сәтті «Жетісай» футболшылары пайдалана алмады. Алаң иелері айналдырған 3 минутта 2 мәрте қауіп төндірді. Кейін матч тізгінін қонақтар алып, 90 минутта 14 соққы бағыттады. Дегенмен, кездесудің жоғары сапада өтуіне жаңбырдан кейінгі алаң сапасы да әсер етті. Басты қаһарман – «Жетісай» қақпашысы Мирас Мұхамбетжанұлы.

 

«Хан-Тәңірі» - «Тараз» - 0:0

Жақсы футболшылар жиналғанымен, «Хан-Тәңірі» үшін гол соғу мұң болып тұр. Бұл команда 76 соққы бағыттағанымен, оның 16-сы ғана қақпаға дәл барды. Нәтижесі – небәрі 2 гол. Бүгін де алаң иелері толассыз шабуылдағанымен, көп жағдайда мүлт кетті. Айта кететіні, «Хан-Тәңірі» 6 матчтың 5-уінде гол жібермеді.

 

«Қыран» - «Ұлытау» - 0:1

Гол: Бауыржан Тұрысбек, 60 минут (0:1)

«Ұлытау» клубы екінші ойын қатарынан жеңіске жетті. Кездесу барысында да қонақтардың басымдылығы көзге көрініп, бірнеше шабуылдар ұйымдастырды. Екінші таймда Бауыржан Тұрысбектің айып соққысы қорғаушылардың біріне тиіп, бағытын өзгертті. Есеп: 0:1. «Қыран» дәл 4 соққы жасағанымен, «Ұлытау» қақпашысы Станислав Павлов қателекке жол бермеді. Осылайша, турнирдің көш соңы өзгеріссіз қала береді.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Бірінші лигасының 7-ші тур ойындары 16-17 мамыр күндері өтеді.