KZ
KZ RU
20 сәуір 2013 22:55

6-тур бас бапкерлердің көзімен

20 сәуір 2013 22:55

"Атырау" - "Шахтер" 1:0
Виктор Кумыков, «Шахтер» футбол клубының бас бапкері:
- Негізі, бұл кездесудің әділ нәтижесі тең есеп болар еді. "Атырау" бізден мықты болған жоқ. Дегенмен бұл футбол. Өкінішке қарай, әлі де өз ойынымызды таба алмай келеміз. Сәтсіздікті жеңе алмай жатырмыз.

Миодраг Радулович, «Атырау» футбол клубының бас бапкері::
- Екі дүркін ел чемпионын жеңдік. Яғни, өздеріңіз де түсініп отырсыздар оңай ойын болған жоқ. Қорғанысымыздың берік болғанына көңілім толып отыр. Басқа шептегі ойыншыларыма да ризамын. Жанкүйерлер де қолдауларын аямады. Жалпы, нағыз командалардың сыналар шағы осындай кездесулер ғой.


"Тобыл" - "Ордабасы" 0:0
Виктор Пасулько, «Ордабасы» футбол клубының бас бапкері:
- Біздің жағдайымыз бәріне белгілі. Психологиялық тұрғыда жігіттердің жағдайлары мәз емес. Сондықтан, дәл қазір бір ұпайдың болса да көмегі көп. Осылайша ойын өрнегімізді жақсарта береміз. Рас, комбинациялық ойынымыз керемет болды деп айтпас едім. Өйткені, қақпашымыз алаңнан аластатылғаннан кейін бізге тек қостанайлықтардың қарқынына төтеп беру ғана қажет болды. Меніңше, "Тобылды" тұсап тастадық деп ойлаймын. Ал осы ұпай маусым соңында біз үшін алтынмен тең болуы да ғажап емес.

Тимур Уразов, «Тобыл» футбол клубының бас бапкері::
- Жеңіске жетуге барынша талпындық. Бірінші таймда жақсы ойнап, шымкенттіктерді тырп еткізбей тастадық. Бірақ, гол соға алмадық. Ал "Ордабасы" ойыншылары қарымта шабуылдарын сәтті ұйымдастырып, мазамызды ала берді. Ал қақпашылары алаңнан қуылып, кем құраммен қалғаннан кейін мүлдем өз алаңынан шықпай, қорғанысқа жантайып жатып алды.  Егер олар да біз секілді ашылып ойнағанда онда жеңуге болар еді.


"Астана" - "Ақтөбе" 1:2
Владимир Никитенко, "Ақтөбе" футбол клубының бас бапкері:
- Жеңдік екен деп масайрамай, өткен ойынды тағы бір рет ой елегінен өткізіп, сараптауымыз қажет. Өйткені, қорғанысымыз жиі сыр беріп, шабуылды бастауда да ақсап жаттық. Сонда да жігерлік танытқандары үшін жігіттеріме алғысым шексіз. Оларға бүгін 4+ деген баға қоямын. Десек те, меніңше ойын тең деңгейде өткен сияқты.

Мирослав Беранек, "Астана" футбол клубының бас бапкері:
- Ойын өте жоғары дәрежеде өтіп, екі команда да өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Біздің гол соғатын мүмкіндіктеріміз көп болғанымен соңғы сәттерде сәттілік жетіспей жатты. Ал қарсыласымыз минимум мүмкіндіктерінен максимум голдар ұйымдастыра алды. "Ақтөбені" жеңісімен құттықтаймын!


"Қайрат" - "Ақжайық" 2:1
Погос Галстян, «Ақжайық» футбол клубының бас бапкері:
- Есепті теңестіргеннен кейін ойын барысын өз бақылауымызда ұстауымыз қажет еді. Ал біз тізгінді қарсыластарға беріп қойдық. Оның үстіне, алаң иелеріне сәттілік жолдас болды. Қақпамызға болмашы гол соғылды. Дегенмен, қақпашымызды кінәламаймы. Әлі жас қой, болашағы алда.

Владимир Вайсс, «Қайрат» футбол клубының бас бапкері:
- біз жиі шабуылдадық. Соңғы минуттарда, тіпті соңғы секундтарда да тыным таппадық. Сондықтан, жеңіс голын соққанымыз заңдылық. Сергей Кейлер де жарады. Негізгі құрамда небәрі үшінші рет ойнағанына қарамастан әдемі гол соқты. Руслан Сахалбаевтың да еңбегін айтпай кетуге болмайды. Дер кезінде алаңға шығып, ойынымызға әр берді.

 

 

"Тараз" - "Восток" 1:0

Владимир Фомичев, "Восток" футбол клубының бас бапкері:

- Ойын тізгіні алаң иелерінің қолында болды. Олар жиірек шабуылдап, 90 минут бойы дамыл тапқан жоқ. Ойын алдында шәкірттеріме ескерткенмін, "өзіміздің алаңда ойын ережесін бұзбаңдар" деп айттым. Бірақ алаң иелері бәрібір гол соғатын мүмкіндік жасап, мақсаттарына жетті. Рас, 90-минутта есепті теңестіруге шақ қалдық. Дегенмен, қалай десек те "Тараз" бүгін бізге қарағанда жеңіске лайық болды. Жалпы, бұл команда маған ұнап қалды. Еуропа лигасында ел намысын абыроймен қорғайтындай әлеуеттері бар.

Любомир Петрович, "Тараз" футбол клубының бас бапкері:
- Өте керемет ойын болды. Қарсыласымыз бір қызық, ыңғайсыз команда екен. Ал Эдуард Сергионко мұның алдында "Ордабасыға" қарсы өткен ойында жарақат алып қалған. Бірақ "Востокқа" қарсы алаңға шығуға дайын екенін айтып, көндірді. Өкінішке қарай, матчтың басында ауырсынып, алаңнан ерте кетуге мәжбүр болды. Жалпы, ойын барысына көңілім толды.