KZ
KZ RU
24 мамыр 2024 21:17
1XBET БІРІНШІ ЛИГА

8-ші тур қорытындысы: үш жылдан кейінгі Хижниченконың хет-тригі

24 мамыр 2024 21:17

22-24 мамыр күндері 1XBET QFL Бірінші лигасы аясындағы 8-ші турында дебютант «Алтай» клубының 32 жастағы шабуылшысы Сергей Хижниченко хет-триктің авторы атанып, өскемендіктерге алғашқы жеңісті сыйлады.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 8 ойында 21 гол соғылды;

- Осы маусымдағы ең дөрекі тур болып тіркелді. 49 сары қағаз көрсетіліп, 4 футболшы алаңнан қуылды;

- Қақпашы Андрей Пасеченко («Хан-Тәңірі») 7 турда гол жібермеді;

- «Тараз» - «Екібастұз» матчында 7 сары қағаз және 2 қызыл қағаз көрсетілді;

- «Каспий» - SD Family матчында 10 сары қағаз көрсетілді;

- «Қыран» клубы ескерту алмады;

- Өскеменнің «Алтай» клубы осы маусымдағы бірінші жеңісін тойлады.

 

«Ақжайық» - «Хан-Тәңірі» - 0:0

Соғылмаған пенальти: Марат Шахметов, 21 минутта қақпа бағанасына тиді («Хан-Тәңірі»)

Алаңнан қуылған: Айбар Айдарбекұлы, 32 минут («Хан-Тәңірі»)

Бұл кездесуде қос клубтың да жеңіске жетуге мүмкіндігі болғанымен, керемет сәттерін голға айналдыра алмады. Алдымен алматылықтар сапынан тәжірибелі Марат Шахметов пенальтиден мүлт кетсе, артынша Айбар Айдарбекұлы дөрекі ойнағаны үшін алаңнан қуылып кетті. Қалған 60 минут бір футболшыға артық ойнаса да, «Ақжайық» қонақтар қақпасының кілтін таба алмады. Өте сауатты қорғанған әрі Андрей Пасеченко күзеткен қақпаға алаң иелері алыстан соққылар бағыттап та көрді. Еш нәтиже болмады. Осылайша, «Хан-Тәңірі» 7-ші рет өз қақпасына гол кіргізбеді.

 

«Тараз» - «Екібастұз» - 2:1

Голдар: Еркебұлан Тойбеков, 10 минут (1:0), Анатолий Красотин, 70 минутта пенальти (1:1), Еркебұлан Тойбеков, 77 минут (2:1)

Алаңнан қуылғандар: Анатолий Красотин, 90 минут («Екібастұз»), Асылбек Асан, 90+3 минут («Тараз»)

Қағаз жүзінде «Екібастұз» фаворит болғанымен, «Тараз» футболшылары жеңіске деген жігерлігін танытты. «Тараз» осы маусымда қақпашыларын жиі ауыстырып жүр. 8 тур ғана өткенімен, олар 3 қақпашысын да алаңға шығарып үлгерді. Матчта Еркебұлан Тойбековтың жеке шеберлігі алаң иелеріне 3 ұпай әперіп, турнир кестесінде орнын біршама жөндеп алды. Екінші таймда қос клубтың да тараз басын өз жағына бұратын сәттері болды. Алайда қақпа бағанасына тиген соққы «Екібастұзды» жеңістен айырса, алаң қожайыны мүмкіндіктерін сәтті пайдаланды. 2023 жылы Таразда өткен кездесу де дәл осындай есеппен «Тараздың» пайдасына шешілген.

 

«Каспий» - SD Family - 2:0

Голдар: Бекзат Қабылан, 4 минут (1:0), Самат Сәрсенов, 19 минут (2:0)

Соғылмаған пенальти: Амандық Набиханов, 10 минутта қақпашы қайтарды («Каспий»)

«Каспий» клубы кезекті қарсыласының тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп тастады. Алғашқы минутта алаң иелерінің керемет комбинациясы Бекзат Қабыланның гол соғуымен аяқталды. 10-шы минутта ақтаулықтар пенальтиді пайдаланбағаныен, 19-шы минутта есепті ұлғайтты. Бұдан да ірі есеп тіркелетін бе еді... Бірақ SD Family-дың қақпасын қорғаған Станислав Самойлов бірнеше қауіпті соққыларға тосқауыл бола білді.

 

«Қыран» - «Оқжетпес» - 0:1

Гол: Зикрилло Сұлтаниязов, 81 минут (0:1)

Матч басталмас бұрын «Оқжетпес» қарсыласын қалпақпен ұрып алуы мүмкін деп болжанған еді. Оған себеп, «Қыранның» өткен турдағы ірі жеңілісі, турнир кестесіндегі орындар, «Оқжетпес» сапындағы тәжірибелі футболшылар сынды факторлар ескерілген болатын. Бірақ алғашқы таймда алаң иелерінің гол соғатын керемет 2 мүмкіндігі болды. Бастапқыда Серікжан Абжалдың алаң ортасынан тепкен добы қақпаның маңдайшасы құтқарса, артынша қақпашы құтқарып қалды. Екінші таймның соңында ған Зикрилло Сұлтаниязов бұрыштамадан асырылған допты сәтті түйіндей алды. Бір қызығы, Зикрилло Сұлтаниязовтың осы маусымдағы барлық голдары көкшетаулықтарға жеңіс әперген.

 

«Алтай» - «Ақтөбе Ж» - 4:1

Голдар: Сергей Хижниченко, 4 минут (1:0), Сергей Хижниченко, 48 минут (2:0), Мира Кикбаев, 52 минут (2:1), Гаврил Кан, 54 минутта пенальти (3:1), Сергей Хижниченко, 74 минут (4:1)

Алаңнан қуылған: Диас Оңдасынов, 39 минут («Ақтөбе Ж»)

Дебютант «Алтай» клубының 32 жастағы шабуылшысы Сергей Хижниченко хет-триктің авторы атанып, өскемендіктерге алғашқы жеңісті сыйлады. Бұған дейін «Шахтер» сапында жасындай жарқылдаған сұрмерген сонау 2021 жылы ғана Қазақстан кубогында белсенген болатын. Ақтөбеліктердің қорғаныстағы қателігі, бірінші таймдағы Диас Оңдасыновтың алаңнан қуылуы «Алтайдың» 3 ұпай алуын одан әрі жеңілдетті.

 

«Ұлытау» - «Қайрат-Жастар» - 3:1

Голдар: Бауыржан Тұрысбек, 13 минут (1:0), Жасұлан Молдақараев, 48 минут (2:0), Жасұлан Молдақараев, 58 минут (3:0), Олжас Байбек, 83 минут (3:1)

1XBET QFL Бірінші лиганың жасы үлкен ТОП-3 команданың қатарына кіретін «Ұлытау» ең жас (18,6 жас) ұжымнан тәжірибенің арқасында айласын асырды. Мысалы, 3 тур қатарынан гол соққан Бауыржан Тұрысбек 32 жаста болса, дубль авторы Жасұлан Молдақараев 37 жасқа келген. Жезқазғандықтар осы маусымда алғаш рет қарсылас қақпасына 3 рет саңылау таба алды. Бұдан да ірі есеп тіркелер ме еді. Бірақ таза сәттерді голға айналдыра алмады. Енді «Ұлытау» клубы 4 жеңістің арқасында 3-орынға көтерілді.

 

«Жетісай» - «Қайсар Жас» - 4:0

Голдар: Асылжан Асатулла, 20 минут (1:0), Бекнұр Рысқұл, 27 минут (2:0), Қазыбек Мұхитұлы, 64 минут (3:0), Ернар Қоспаев, 88 минут (4:0)

Жетісай жігіттері қарсылас тарапынан еш қарсылық көрмеді. Матчтың басынан аяғына дейін ойынды өз бақылауларында ұстап, жауапсыз 4 гол соқты. Осы маусымда «Жетісай» клубы өз алаңында 4 кездесу өткізіп, қонақтардың қақпасынан 11 рет кілтін тапты. Кезекті жеңістің арқасында алаң иелері 3-орыннан 4 ұпайға ұзап кетті. Маусымды сәтті өткізіп жатқан «Жетісай» клубының ойыншысы Ринат Серікқұл 21 жасқа дейінгі ұлттық құрамаға шақырту алды.

 

«Түркістан» - «Арыс» - 2:0

Гол: Хасан Сабиржанов, 20 минут (1:0), Дилмурод Паччаханов, 47 минут (2:0)

Кездесудегі қорғаушылардың 2 қателігі матчтың жеңімпазын шешіп берді. 4 ойын бойы жеңе алмай келе жатқан «Түркістан» клубы дәл 1 ай бұрын өз алаңында 2:0 есебімен «Тараздан» басым түскен еді. Сол кезде де қақпасына гол кіргізбеген. Осы 3 ұпай түркістандықтардың сенімділіктерін арттырды деген үміттеміз. Бірақ кезекті ойын сырт алаңда «Қайрат-Жастарға» қарсы өтпек.

 

Айта кетейік, 1XBET QFL Бірінші лигасының 9-шы тур ойындары 30-31 мамыр күндері өтеді.