KZ
KZ RU
30 мамыр 2024 11:21
ЕКІНШІ ЛИГА

8-ші тур қорытындысы: «Шахтер Ж» мен «Ертіс» алғаш рет тең ойнады

30 мамыр 2024 11:21

28-29 мамыр күндері QFL Екінші лигасының 8-ші турында «Солтүстік-Шығыс» Конференциясындағы көшбасшылар тең тарқасты.

 

Қандай жайттар тіркелді?

- 12 ойында 37 гол соғылды;

- 79 сары қағаз көрсетіліп, 9 футболшы алаңнан қуылды;

- «Оңтүстік» - «Ордабасы Ж» матчында ең көп 10 сары қағаз, 3 қызыл қағаз көрсетілді;

- «Қызылжар Ж» - «Алтай Ж» матчында 8 сары қағаз, 3 қызыл қағаз көрсетілді;

- «Шахтер Ж» шабуылшысы Шыңғыс Флюк осы турда командасына оралып, Екінші лигадағы голдар санын 10-ға жеткізді.

 

«Оңтүстік-Батыс» Конференциясы

 

«Тұран Ж» - «Қайсар-Шиелі» - 0:1

Гол: Мақсат Жетпісбай, 10 минут (0:1)

8 тур өткенімен, қызылордалықтар осы маусымда екінші мәрте ғана ойында есеп аша алды. Бұған дейін екінші турда сырт алаңда «Таласпен» кездесуде бірінші гол соққанымен, тең тарқасқан еді. Осы жолы Мақсат Жетпісбайдың жылдам соғылған добы қонақтарға жеңіс әперді. Бұдан кейін де қос тарап шабуыл өтінде қауіпті соққыларымен есте қалды. Алайда «Тұран Ж» қақпашысы екі рет белсенділік танытып, қақпасын аман сақтап қалса, «Қайсар-Шиелінің» қорғаушылары барынша шабуылды тойтарды. Осы жеңістің арқасында қызылордалықтар турнир кестесінің 5-ші орнына көтерілді.

 

«Жас Қыран» - «Мақтаарал» - 2:3

Голдар: Мейіржан Бағланұлы, 4 минут (1:0), Бахтияр Елбаев, 12 минут (1:1), Нұржан Дәндібаев, 15 минут (1:2), Орал Орынбасар, 28 минут (1:3), Мейіржан Бағланұлы, 44 минут (2:3)

Бұл кездесу «Жас Қыран» үшін өте маңызды болған. Себебі, осы ойында жеңіске жетсе, топ басындағы «Мақтааралға» жақындайтын еді. Тіпті солай басталды да... Мейіржан Бағланұлы 4-ші минутта-ақ есеп ашты. Бірақ бұған дейінгі екі кездесуде бірінші таймда бірнеше гол соғып, ойын тағдырын шешкен «Мақтаарал» еш саспады. Керісінше 3 голмен жауап қатты. Алаң қожайындары үзіліске дейін есепті қысқартқанымен, екінші таймда мүлдем гол соғылмады. Осы маусымда «Жас Қыран» командасы 3 мәрте есеп ашып, AKAS, «Қайсар-Шиелі», «Мақтааралға» есе жіберді.

 

«Атырау Ж» - AKAS - 0:2

Голдар: Арсений Мелещенко, 26 минут (0:1), Сергей Гридин, 73 минут (0:2)

«Атырау Ж» командасы осы маусымда екінші мәрте өз стадионында қарсыласты қабылдағанымен, жергілікті жанкүйерлерді әзірше қуанта алмай келеді. Бірақ олар тәжірибелі, турнир кестесінің бірінші орнында келе жатқан, кейінгі 2 матчта қарсыластарына 12 гол соққан AKAS-пен шеберлік алмасқан болатын. Шабуыл шебінде Сергей Гридин сынды футболшысы бар алматылықтар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, 3 матч бойы өз қақпасын аман сақтап қалды. Ал Сергей Гридин осы маусымдағы 9-шы голын соқты.

 

«Тараз Ж» - «Іле-Алатау» - 0:1

Гол: Бекжан Серғали, 28 минут (0:1)

Алаңнан қуылған: Мерей Жамбыл, 68 минут («Тараз Ж»)

Маусым басында қос фавориттерді тізе бүктірген «Іле-Алатау» турнир кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалу үшін сырт алаңда жеңіске жетуге тиіс болатын. Сондықтан бірінші таймда қонақтар қауіпті соққылар жасады. Ал 28-ші минутта бұрыштамадан жерлете пас беріп, ешкім күтпеген сәтте Бекжан Серғали жеңіс голын соғып кетті. Екінші таймда «Тараз Ж» сапынан Мерей Жамбыл қуылып, алматылықтардың жеңісті есепті сенімді түрде сақтап қалды. Осылайша, жамбылдықтар төртінші матч қатарынан 0:1 есебімен есе жіберді.

 

«Оңтүстік» - «Ордабасы Ж» - 4:0

Голдар: Жавланбек Бабаназаров, 19 минут (1:0), Марғұлан Қонар, 72 минут (2:0), Мағжан Тоқтыбай, 83 минут (3:0), Маралхан Бегалы, 89 минут (4:0)

Алаңнан қуылғандар: Тұрар Еркінбек, 84 минут, Рысдәулет Аманбай, 85 минут, Шерхан Асанбек, 85 минут (барлығы – «Ордабасы Ж»)

Оңтүстік дербиінде «Оңтүстік» командасы өз алаңында ешкімді аяй қоймайды. Тек үшінші турда соңғы минуттарда «Мақтааралға» 0:1 есебімен жеңілгені болмаса, қалған қарсыластарына кемі 4 гол соғатын. Осы жолы да солай болды. «Оңтүстік» 10 тура соққы жасаса, «Ордабасы Ж» тек 1 ғана дәл соққымен шектелді. Бастапқы 3 гол оң және сол қапталдан ұйымдастырылған шабуылдың нәтижесінде соғылды. Тіпті үшінші голдан кейін қонақтар футболшылары бір-бірімен келіспей қалып, салдарынан 3 бірдей ойыншысы алаңнан қуылып кетті. Ал 89-шы минутта Маралхан Бегалы алыстан әдемі соққысымен, ойын нүктесін қойды.

 

«Талас» – KazAST - 1:2

Голдар: Арман Алтаев, 24 минут (1:0), Ядикар Жамахунов, 44 минут (1:1), Бақытжан Биманбет, 64 минут (1:2)

Дебютанттардың кездесуінде қос команда да 3 ұпай алуға тырысты. Әсіресе алаң иелері алға ентілей жүгіріп, бірінші есеп ашты. Артынша екінші голын да соққан еді. Бірақ ойыннан тыс қалып, гол саналмады. KazAST еш саспады. Өйткені олар тек «Қайсар-Шиеліге» қарсы матчта ғана бірінші гол соққан еді. Ал өзге кездесулерде көп жағдайда екінші таймда қарымта жауап қайтарып жататын. Осы жолы да солай болды. Ядикар Жамахунов үзіліс алдында есепті теңестірсе, екінші таймның ортасында қапталдан көтерілген допты Бақытжан Биманбет голға айналдырды. Қонақтар сырт алаңда екінші камбэгімен жеңіске жетті.

 

«Солтүстік-Шығыс» Конференциясы

 

«Қызылжар Ж» - «Алтай Ж» - 2:1

Голдар: Архат Ақантай, 35 минут (1:0), Руслан Пунько, 68 минут (2:0), Бекжан Зыкырьянов, 90+1 минут (2:1)

Алаңнан қуылғандар: Ислам Мұхамбетжанов, 83 минут («Алтай Ж»), Акрам Оруджев, 83 минут («Қызылжар Ж»), Александр Лебедев, 83 минут («Қызылжар Ж»)

Үш матч бойы есе жібермей келген «Қызылжар Ж» мен 3 ойын қарсыластарына жол берген «Алтай Ж» командасының арасында фаворит анық болғанымен, 90 минут бойы бір-бірін аямады. Қос клуб та қолдан келгенше өте қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Өскемендіктер есеп ашуға жақын болғанымен, олардың добы қақпа маңдайшасынан қайтты. Ал алаң иелерінің 2 добы да қақпа маңдайшасына тигенімен, екі сәтте шабуылды түйіндейтін футболшылар табылды. Осындай кішігірім тактикалық амалдар «Қызылжар Ж» ұжымына 3 ұпай әперді. Ал 83-ші минутта алаң ортасындағы қақтығыс жанжалға ұласып, 3 ойыншы бірдей жасыл алаңнан қуылды. 1 футболшысы артық «Алтай Ж» тайлы-тұяғымен шабуылға шыққанымен, қалған уақытта 1 гол ғана соға алды.

 

«Жетісу Ж» - «Елімай Ж» - 0:3

Голдар: Қуаныш Шаймарданов, 61 минут (0:1), Мейржан Жұмаділов, 83 минут (0:2), Нұрали Нұраділов, 86 минут (0:3)

Алғашқы голға дейін командалар санаулы шабуылдарымен есте қалды. «Жетісу Ж» қақпашымен бірге-бірге шықса, қонақтар допты қақпа маңдайшасына тигізді. Бұған дейінгі кездесудегідей «Жетісу Ж» қақпасы екінші таймда сыр берді. Қуаныш Шаймардановтың голынан кейін алаң иелері алға ұмтылуға мәжбүр болды. Бос кеңістіктерді тиімді пайдаланған семейліктер ірі есеппен жеңді. Осылайша Талдықорған жастары 3 матч қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау таппады.

 

«Шахтер Ж» - «Ертіс» - 2:2

Голдар: Айхан Ержанов, 29 минут (0:1), Шыңғыс Флюк, 51 минут (1:1), Максим Комиков, 66 минут (2:1), Тимур Байжанов, 77 минут (2:2)

«Солтүстік-Шығыс» Конференциясындағы көшбасшылардың матчы өте тартысты өтті. Қарсыластарын жайпап келе жатқан командалары өзара да бір-бірінен қалыс қалмады. Оған соққы статистикасы да дәлел: 14:16. Қарағандылықтар осы турда Шыңғыс Флюкті қайта ойнатса, «Ертіс» сапынан қосалқы құрамнан ғана шығатын 34 жастағы Руслан Есімов бірінші минуттан доп тепті. Негізгі голдардың барлығы екінші таймда соғылды. Үзілістен кейін команданы күшейтуге шыққан Максим Комиков «Шахтер Ж» командасын құтқарса, қонақтардан Тимур Байжанов 5 минуттан кейін есепті теңестірді. Осы маусымда әлі ұпай бөліспеген командалар ысқырық шалынғанша, жеңісті жұлып алуға тырысты. Әсіресе соңғы секундтарда «Ертістің» добы қақпа маңдайшасына тиді. Есеп: 2:2.

 

«Оқжетпес Ж» - «Астана Ж» - 1:2

Голдар: Әлижан Сауырбай, 19 минут (0:1), Нұрали Жақсылық, 27 минут (0:2), Ерсұлтан Жаныбаев, 36 минут (1:2)

Алаңнан қуылған: Хақназар Кабиев, 80 минут («Оқжетпес Ж»)

Бұл ойында «Астана Ж» командасы фаворит болып, алғашқы таймда қорғаныстың өрескел қателіктерін тиімді пайдаланды. Дегенмен барлық кездесуінде ұпай ұстататын көкшетаулықтар төртінші матч қатарынан қарсыласқа гол соғып жүр.

 

SD Family Ж – «Тобыл Ж» - 5:1

Голдар: Тимур Қуантаев, 30 минут (1:0), Бауыржан Ахаев, 52 минут (2:0), Тимур Қуантаев, 57 минут (3:0), Әлішер Буралкиев, 62 минут (4:0), Бекзат Минайдаров, 69 минутта пенальти (4:1), Бауыржан Ахаев, 88 минут (5:1)

Алаңнан қуылған: Тимур Игубаев, 6 минут («Тобыл Ж»)

Қонақтар сапынан Тимур Игубаев 6 минуттың ішінде 2 сары қағаз алып, алаңнан қуылып кетті. Бір футболшыға артық астаналықтар бірінші голынан кейін қарымта шабуылға ден қойып, қарсыластарын үздіксіз жазалап отырды. Қарсыластарына көп гол соғатын қостанайлықтар да барынша жауап беруге тырысқанымен, тек пенальти арқылы ғана жұбаныш голын соқты. SD Family Ж осы маусымда «Ертіс» пен «Тобыл Ж» командасын жеңіп, сенсациясын жалғастырды.

 

«Ақсу» - «Жеңіс Жас» - 2:0

Голдар: Анатолий Козлов, 53 минутта пенальти (1:0), Родион Моисеев, 88 минут (2:0)

Турнир кестесінің көш соңында ұпайы тең командалардың тартысы бірдей өтті деуге негіз бар. Олар 90 минутта теңдей соққы жасады. Алайда екінші таймдағы пенальти мен соңғы минуттардағы Родион Моисеевтың кезекті голы жергілікті клубқа әрең дегенде жеңіс сыйлады.

 

Айта кетейік, QFL Екінші лигасының 9-шы тур ойындары 18-19 маусым күндері өтеді.