KZ
KZ RU
15 ақпан 2024 17:30
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

«Ақсу» Премьер-лиганың жаңа маусымында ойнайды

15 ақпан 2024 17:30

Бүгін 2024 жылғы футболдан OLIMPBET - Қазақстан чемпионатының толық қатысушылары белгілі болды. Премьер-лиганың жүлдесі үшін «Мақтаарал» ФК-нің орнына «Ақсу» ФК таласатын болды. Естеріңізге сала кетейік, атакенттік команда футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі ережелердің минималды талаптарын орындамағаны және талапқа сай келмегендігі үшін чемпионатқа қатысудан шеттетілген еді. 

 
Клубтардың бәсекеге қабілеттілігін сақтау және чемпионаттың сапасын арттыру мақсатында ҚКФЛ Премьер-лигаға қатысушылар санына өзгерістер енгізбеудің маңыздылығын атап өтуде. 14 клубпен өткізу форматы соңғы 3 маусымда өзінің қажеттілігін дәлелдеп, ойын күнтізбесін икемді және жоспарлауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл формат қатысушыларға жоғары дивизионда өнер көрсету үшін жоғары сәйкестік талаптарын белгіледі, нәтижесінде футбол клубтарының дамуына оң әсер етті.
 
Қазақстан футбол федерациясының футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша «Ақсу» ФК-ға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Спорттық қағидатты сақтау мақсатында чемпионаттың жаңа маусымына қатысу туралы ұсыныс Бірінші лига клубтарына және өткен жылдың қорытындысы бойынша Премьер-лигада соңғы орындарға жайғасқан үш клубқа жіберілді. Нәтижесінде, «Ақжайық», «Хан Тәңірі», «Арыс»,«Түркістан»,«Тараз» және «Оқжетпес» клубтары қатысудан бас тартты. Сондай-ақ, «Каспий» ФК-да сәйкессіздіктер анықталды, ал «Қыран» ФК қатысу туралы ұсынысқа жауап бермеді.
 
Айта кетейік, павлодарлық «Ақсу» 2022 жылы Премьер-лиганың дебюттік маусымында 6-шы орынды иеленді, ал өткен жылы чемпионатты соңғы 14-ші орында аяқтады.