«Ақтөбе» — «Гандзасар» 2:1. Сенімді жеңіс
«Ақтөбе» — «Гандзасар» (Армения) 2:1
Голдар: Кападзе, 2. Кападзе, 52 — Бегларян, 35.
Ескертулер: Бадло 22, Логвиненко 27, Гейнрих 80 — Хачатрян Ара 48
«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Бадло, Праймус, Кенжесариев, Логвиненко, Харабара, Хайруллин, Кападзе (Тағыберген 88), Давыдов (Ковальчук 39), Гейнрих (Гридин 82)
«Гандзасар»: Бегларян, Авагян Ар., Обрадович, Мелконян, Дашян, Вукоманович (Петросян Ал. 74), Хачатрян Ара, Григорян А., Джикия, Татинцян (Авагян Айр. 86), Бегларян
Бас төреші: Никола Дабанович (Черногория)
Бірінші ойын – 2:1.
Алаң иелері ойынды өте сәтті бастап, екінші минутта-ақ есеп ашты. Марат Хайруллин әсем пасын Тимур Кападзе голға айналдырды. Алайда жылдам гол қонақтардың сағын сындыра алған жоқ. Керісінше, «Ақтөбеге» қарағанда «Гандзасар» футболшылары жиі шабуылдап жатты. Қорғанысты бұзып өтулері де қиынға соқпады. Тек бірінші таймның ортасында ғана Владимир Никитенко шәкірттері тізгінді қайта қолдарына алды. Сөйтіп өздері де «жорыққа» шыға бастады. Сондай шабуылдардың бірінде Сергей Давыдов қақпашымен жеке дара шыққан. Алайда керемет мүмкіндігін жіберіп алды. Сол-ақ екен, армяндар алға лап қойып, күтпеген жерден есепті теңестіріп кетті.
Ойынға бір өзгерістің керек екенін түсінген Владимир Никитенко шабуыл шебіндегі Давыдовтың орнына жартылай қорғаушы Сергей Ковальчукты шығарды. Сөйтіп допты көбіне орталық алаңда ұстап, алғы шепке Гейнрихті күзеттіріп қойды. Ал екінші таймның 52-минутында «Ақтөбе» алға шықты. Керемет дриблинг көрсетіп, екі-үш қорғаушыдан сытылып өткен Еміл Кенжесариев Тимур Кападзеге әдемі пас шығарған. Өзбекстандық легионер мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Қорытынды есеп – 2:1.
Енді «Ақтөбе» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінде Норвегияның «Хедд» клубымен кездеседі. Бірінші ойын 18 шілде күні Ульстейнвик қаласында өтсе, қарымта кездесу шілденің 25-сінде Ақтөбеде өтеді.