01 наурыз 2018 11:54
Абзал Бейсебеков: Жанкүйерлерге футбол мейрамын сыйлап, жеңіспен қуантамыз
01 наурыз 2018 11:54
«Астана»-«Қайрат» суперкубоктық кездесудің қарсаңында елордалық ұжымның жартылай қорғаушысы Абзал Бейсебеков Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының сұрақтарына жауап берді.
- Абзал, жаңа маусымға дайындық жұмыстары қалай өтті?
- Шыны керек, біз жаңа маусымға дайындықты өткен жылдың соңында бастап кеттік десем болады. Себебі, топтық кезеңнің (Еуропа Лигасы) соңғы кездесуін Чехия астанасында өткізгенімізді білесіздер. Прагадағы ойынға апта бұрын барып, қысқа-мерзімді оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Одан соң команда аздаған үзілістен кейін БАӘ-де қайта жиналып, Дубайда толыққанды екі оқу-жаттығу жиынын өткерді. Артынша, «Спортингпен» Астанада өткен ойыннан кейін, Португалияға сол күні түнде жол тартып, ол жақта да бір аптаға жуық жауапты ойынға және маусымға дайындығымызды пысықтадық.
- «Астана» оқу-жаттығу жиындарында ойынның қандай аспектілеріне ерекше мән берді?
- Біз артта қалған ұзақ әрі қиын маусымнан кейін Дубайда өткізген алғашқы оқу-жаттығу жиынында физикалық дайындыққа баса мән бердік. Ал ойын аспектілеріне келер болсақ, біз қорғанысқа да, шабуылға да, жалпы алғанда командалық ойынға баса мән бердік. Ең бірінші кезекте, команда құрамына жаңадан қосылған ойыншылармен алаңдағы өзара түсіністігімізді арттыруға тырыстық.
- Команда ақпан айының ортасында Еуропа Лигасы 1/16 финалының аясында «Спортингке» қарсы кездесуге дайын болуы үшін, бапкерлер құрамына дайындық жұмыстарын тездетуге тура келді. Осы тұрғыдан алғанда, «Астана» қарсыласқа қарағанда Суперкубок бәсекесіне жоғары дайындықпен келеді деп айтуға бола ма?
- Олай деп айтпаған болар едім. Себебі, біз сияқты «Қайрат» командасы да маусымға тыңғылықты дайындалып жатыр. Түркияда өткізіп жатқан оқу-жаттығу жиындары аясында көптеген еуропалық деңгейдегі командаларға қарсы жолдастық кездесулер өткізіп үлгерді. Сондықтан, екі команда дәл қазір бірдей жағдайда деуге болады.
- «Қайрат» футбол клубының баспасөз қызметі Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары аясында өткізген жолдастық кездесулерінен тікелей көрсетілім жасады. «Қайраттың» ойындарын көре алдыңыз ба? Қарсылас команданың Суперкубокқа дайындығы Сізді қаншалықты қызықтырды?
- Өкінішке орай, мен ол кездесулерді тамашалай алмадым. Тек, нәтижелерінен хабардармын. Себебі, біз Еуропа Лигасы 1/16 финалы аясында португалиялық «Спортингке» қарсы екі өте қиын ойын өткіздік. Оқу-жаттығу жиындары болды. Команда көп уақыт жолда өткізді. Сондықтан, қарсыластың ойындарын тамашалаудың сәті түспеді. Орайы келмеді. Менің ойымша, бапкерлер құрамы Суперкубок бәсекесі алдында бізге алматылық команданың ойындарын көрсетіп, осы кездесуге дайындығымызды пысықтайды деп ойлаймын.
- Қысқы үзілісте чемпионаттың екі үздік сұрмергендері Жерар Гоу мен Жуниор Кабананга командаларынан кетті. Осындай деңгейі жоғары екі шабуылшының біздің елден кетуі, «Астана» мен «Қайраттың» алдағы маусымдағы ойындарына әсер етуі мүмкін бе?
- Әрине мүмкін. Ел чемпионатында Жерар Гоу бірнеше маусым қатарынан үздік сұрмерген атанса, Жуниор Кабананга ішкі біріншілікпен қатар, еурокубоктерде «Астана» командасын алға сүйреді. Сондықтан, екі шабуылшының да біздің чемпионаттан кетуі, командалардың алдағы маусымдағы нәтижелеріне кері әсерін беруі мүмкін. Алайда, уақыт бір орнында тұрмайды. Жуниор мен Гоудың орнын басатын команда сапында жаңа шабуылшылар табылатыны анық. Мен өз кезегімде, ол ойыншыларға жаңа командаларында сәттілік тілеймін.
- Осыған дейінгі «Астана» және «Қайрат» арасындағы Суперкубок аясындағы өткен ойын тартысқа толы болды. Алматылықтарға қарсы алдағы ойыннан не күтесіз?
- Суперкубок – ел чемпионаты басталар алдындағы беташар кездесу. Сондықтан, екі командадан жанкүйерлер жақсы ойын күтетіні анық. «Астана» командасы өз алдына тек жоғары мақсаттар қоятынын ескеретін болсақ, біз бұл кездесуде өз қолдаушыларымызға керемет футбол мерекесін сыйлап, жеңіске жетуге тырысамыз. Ал, жанкүйерлерден аталмыш ойында қызу қолдау күтеміз!
Басқа жаңалықтар