KZ
KZ RU
10 мамыр 2024 09:41
OLIMPBET ПРЕМЬЕР-ЛИГА

Алғашқы алтылыққа кірсек дейміз – Қайрат Нұрдәулетов

10 мамыр 2024 09:41

OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 7 тур қорытындысы бойынша, «Жетісу» ФК турнир кестесінде 6-орында тұр. Осы маусымда Талдықорғанның командасы 3 рет жеңіске жетіп, сырт алаңда «Қайратпен» тең түсті. Турнирдің басты фавориттеріне 2 мәрте жол берді. Осы орайда клубтың бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов QFL.KZ сайтына команданың қазіргі хал-ахуалына тоқталды.

 

- Қайрат Жұмабекұлы, турнирде жоғарғы орындарда болуды көздейсіз бе? Әлде өткен жылы клубтың Бірінші лигаға ұшып кете жаздағанын ескерсек, турнир кестесінің қақ ортасында болғанды қалайсыздар ма?

- Біздің ойын жанкүйердің көңілінен шығып жатқаны қуантады. Алдағы уақытта да көрермендерімізді жақсы нәтижемен көңілдерін көтеріп, команда ретінде дами беруді қалаймыз. Турнир кестесінде қай орында болатынымызды OLIMPBET QFL Премьер-лига барысында көре жатармыз. Әрине, алғашқы ТОП-6 клубтың қатарына кіріп, жақсы футболымызбен жанкүйерлерімізді қуантсақ тіптен жақсы.

 

- Сіз бұған дейін команда жылдамдыққа мән беріп, агрессивті футбол ойнағанын қалап едіңіз. Бұл мақсатыңыз қаншалықты орындалып жатыр? Сіздің ойыңызша, қай футболшы сіздің жоспарыңызды орындап жатыр және қаншалықты олардың мүмкіндіктерін пайдалануды көздейсіз?

- Жылдам футбол ойнау оңай нәрсе емес. Бірақ бізде осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ақырындап өз ойынымызды іздеу үстіндеміз. «Ақтөбемен» өткен матчтағы стиліміз біз ойлаған жоспарымызға сай болды. Жігіттер нені талап ететінімізді түсінеді және бұл мені қуантады. Біз өз мақсатымызға тура бара жатырмыз. Бірақ оңай емес. Ұзақ уақытты талап етеді. Әзірше футболшыларымыз тапсырманы орындауға барынша тырысып жатыр. Менің ойымша, дұрыс бағыттамыз және жылдам әрі жинақы, тәртіпті ойнау үшін әлі көп еңбектенеміз.

 

- Өткен жылы сіз қиын жағдайда тұрған «Мақтааралды» құтқарып қалған едіңіз. Енді сіз бапкерлік мансабыңызда екінші «Жетісу» клубын тізгіндеп отырсыз. Сіздің ойыңызша, жақсы нәтижеге жету үшін, қандай факторлар әсер етеді?

- Біріншіден, футболшылардың өзіндік қалауы. Екіншіден, клуб ішіндегі бірлік. Ұжымның клуб ретінде дамығысы келетінін үнемі ойлауы маңызды. Үшіншіден, футболшылармен тіл табыса алу. Оларды жігерлендіретін сөзді табу қажет. Ары қарай бапкерлік штабта тактика, физика және т.б жұмыстар бар. Бірақ ең басты 3 фактор – бірлік, футболшылардың қалауы және жақсы мотивация мен ұжымның бірлігі дер едім.

 

- Сізбен бірге «Мақтаралдың» 6 ойыншысы «Жетісуге» ауысты. Сондай-ақ, клубқа жартылай қорғаушы Серікжан Мужиков те оралды. Осы трансферлер қаншалықты деңгейде талдықорғандықтарды күшейтті? Алда тағы да қатарларыңызды толықтырасыздар ма?

- Трансферлер бойынша менің шешім шығаруым дұрыс емес шығар деп ойлаймын. Өйткені дәл қазір мынау дұрыс немесе дұрыс емес деп айта алмаймын. Менің көзқарасым бойынша, «Жетісу» командасына көмегі тиетін футболшылар келді. Серікжан Мужиковтың қатарымызға қосылуы өте үлкен қуаныш. Себебі, ол отандық футболдың дамуы үшін өте үлкен жұмыс атқарды және өз ісінің кәсіби маманы. Талдықорғанның аңыз футболшысы. Бірінші кезекте бұл жас футболшылар үшін үлкен мотивация. Олар Серікжанға қарап, ұқсауға тырысады. Өйткені бізде Чемпиондар лигасы мен ұлттық құрамада доп тепкен ойыншылар қатты көп емес. Сондықтан мен бастапқыда Серікжанның бізде болуын қаладым және қатарымызға қоса алдық. Мен оның келіскеніне өте қуаныштымын.

 

- «Жетісу» OLIMPBET QFL Қазақстан Кубогының жартылай финалына шыға алмады. Бірақ 1XBET QFL Лига Кубогына қатысады. Онда «Астана», «Каспий», «Шахтер» клубтарымен бір топта ойнайды. Сіздердің екі жарыста доп тебуге күштеріңіз жете ме? Әлде басты назарды OLIMPBET QFL Премьер-лигасына аударасыздар ма?

- Шынымды айтсам, бұл жайлы сөз қозғағым келмейді. Біз әр ойынға мән беріп, 100 пайыз беріліп ойнаймыз. Қалай болады – оны матч көрсетеді. Біз 1XBET QFL Лига Кубогында келесі кезеңге өтуді қалаймыз. OLIMPBET QFL Премьер-лигасында да барлығы жақсы болады деп сенеміз. OLIMPBET QFL Қазақстан Кубогында сәл ғана жолымыз болмады. Біз барлық кездесуге жеңеміз деген жігермен шығамыз. Сондықтан Лига Кубогы мен Премьер-лигада барынша жоғары орындарда болуға күш саламыз.

 

- Сіз бұған дейін «Қайратты» турнирдің ең мықты командасы деп едіңіз. Бұдан бөлек, тағы қандай клубтарды фавориттердің қатарына қосасыз?

- Иә, мен «Қайратты» турнирдегі ойын жағынан және жалпы ең мықты клуб деген сөзімнен бас тартпаймын. Бұл қатарға «Астана», «Тобыл», «Ордабасы» ұжымдарын да кіргізетін едім. «Елімайды» есептен шығаруға болмайды. Олар осы маусымда жақсы күшейіп, алдарына үлкен мақсат қойды. Жалпы осы клубтар чемпиондыққа таласады. Бәлкім, орта деңгейлі команданың бірі қандай да бір сенсация жасап қалуы мүмкін. Сондықтан Премьер-лига өте қызықты өтіп, ерекше бір командаға тоқталғым келмейді.

 

- 2020 жылы сіз таңертен міндетті түрде жарыңыз Динарамен қоштасып шықсаңыз, күнім жақсы өтеді деп едіңіз. Бұл қағиданы матч күні де ұстанасыз ба?

- Иә, ойын күні міндетті түрде мен немесе ол хабарласады. Сосын маған сәттілік тілейді. Бірақ бұл тек менің басымнан өтіп жатқан жайт деп ойламаймын. Көпшілігінде де солай шығар. Сол себепті, бұл жерде тұрған ешнәрсе жоқ. Мен де бұл қағиданы ұстанып, барлығы ойдағыдай болғанын қалаймын.

 

Айта кетейік, «Жетісу» OLIMPBET QFL Премьер-лигасының келесі турында сырт алаңда «Тұранмен» жолығады. Кездесу 11 мамыр күні 17:00-де басталады.