Александр Кержаков: «Қайрат» әрқашан ең жоғарғы орынға таласуы тиіс
Алматылық «Қайрат» 70 жылдығына орай чемпиондық атақты көздейді. Әзірше клуб OLIMPBET QFL Премьер-лигасында «Ақтөбемен» бірінші орынды бөлісіп тұр және 1ХВЕТ QFL Лига кубогын өте сәтті бастады. Осы орайда OLIMPBET QFL Премьер-лигасының алдағы турының алдында енді ғана тағайындалған бас бапкер Александр Кержаков «Қайраттың» қазіргі жағдайы бойынша QFL.KZ сайтына сұхбат берді.
- Александр Анатольевич, сіздің «Қайрат» сапындағы дебюттік кездесуіңіз сәтті басталып, «Шахтерді» 4:2 есебімен жеңдіңіздер. Осы уақытқа дейін командаңыздағы футболшыларды және олардың қабілетін зерттей алдыңыз ба? Алдағы уақытта негізгі құрам мен тактикалық жағынан өзгерістер бола ма?
- «Қайрат» ФК басшылығымен келісім бойынша диалог құрғанымыздан бастап, команданың осы маусымдағы көптеген видеоматериалдарын қарап шықтым. Видеожазбадан мен футболшылардың сапасы бойынша жалпы ақпаратпен таныстым. Әрине, клубқа келіп, ішкі жұмыстарға кіріскенде жаңа дүниелерді байқайсың. Бірден айтайын, ешкім көңілімді қалдырмады. Керісінше, өз футболшыларымның сапасына таңғаламын.
- «Қайрат» алдағы турда сырт алаңда «Тобылмен» маңызды кездесу өткізеді. Қарсыласты тіпті OLIMPBET QFL Премьер-лигасының чемпиондығына үміткер ұжымдардың қатарына қосады. Сонымен қатар қостанайлықтар жаңа бас бапкермен алаңға шығады. «Қайраттың» бұл ойынға дайындығы қалай? ТОП-3-те қала аласыздар ма?
- Мен чемпионат басталғанға дейін және маусым ортасында фаворит пен аутсайдер деп командаларға аса қатты мән бермеймін. Қандай қарсылас болмасын, барлығына құрметпен қараймын. Ал «Тобылға» келетін болсақ, дайындық әдеттегіден өзгеше болды. Өйткені ұлттық құраманың матчтарына байланысты клубтар кішігірім үзіліске кетті. Бұл бір жағынан жақсы. Себебі, біздің клубтың көп өкілдері өз елдерінің намысын қорғады. Яғни, бізде өз елінің ұлттық құрамасына қажет сапалы футболшылар бар деген сөз. Бірақ бір жағынан 10 күн бойы 8 ғана адаммен ғана жаттыққанда, үзіліске де шыдау қажет болады. Бұл қалыпты жағдай және ешқандай шағымым жоқ. Барлығы штаттық режимде болды. Біздің басты міндетіміз - алдағы ойынға дайындалып, жеңіске жету.
- Осы маусымда сенсациялық нәтижелерді жиі көріп жатырмыз. Ал OLIMPBET QFL Премьер-лигасының турнир кестесінде клубтар бір-бірінен қалыспай келеді. Дегенмен, «Қайрат» пен «Ақтөбе» сенімді түрде ТОП-3-ке кіріп тұр. Биыл клуб басшылығы 70 жылдығына орай, ең жоғарғы талапты қойды. Сондықтан «сары-қараларды» осы маусымда басты фавориттердің қатарына қоса аламыз ба?
- «Қайрат» қазақстандық футболдың үлгісі ретінде тек қана жоғарғы жетістіктерге ұмтылады. Менің пікірімше, «Қайрат» — Қазақстандағы ең танымал клуб. Бұл команда әрқашан жоғарғы орындарға таласуы керек.
- Жаңа турнирді енгізуден бөлек, биыл Лиганың атауы өзгеріп, жаңа демеушілер тартылды, барлық матчтарды телеарналардан тікелей эфирде көрсету мүмкіндігін алды. Бұл жобалар және жалпы отандық футболдағы өзгерістер сіздің Қазақстанда жұмыс істеуіңізге әсерін тигізді ме? Өйткені сіз Кипрдан кейін тізгіндейтін клубтарды тыңғылықты зерттеймін деп айтқан едіңіз. Сіз бұған дейін қазақстандық клубтардың матчтарын бақыладыңыз ба? Біздің футболды қалай сипаттар едіңіз?
- Менің таңдауыма көптеген жайт әсер етті. Біріншіден, клуб басшылығымен танысып, мақсат пен міндетке байланысты диалог құру. Тек қана осы маусымға емес, жалпы команданың түпкілікті жоспарын білу. Екіншіден, инфрақұрылым. Осы жерге танысуға келгенде, Қайрат Боранбаев тарапынан «Қайрат» футбол клубына қаншалықты жағдай жасалып жатқанын көрдім. Академияны дамытуға және негізгі құрамға байланысты жұмыстарды көріп, ешқандай күмәнім болмады. Үшіншіден, «Қайрат» — елдегі ең танымал, үлкен аты бар клуб. Команданы бақыладым ба? Аршавин мен Тимощук ойнаған сәттерде «Қайраттың» матчтарын және жетістіктерін бақыладым. Ал қазақстандық футболдың деңгейіне келетін болсақ, Қазақстан ұлттық құрамасының Еуропа чемпионатына іріктеуі мен Ұлттар Лигасындағы табыстарын ерекше айтуға болады. Магомед Адиевтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасының жеткен жетістігі тек қана жылы сөздерге лайық. Бұл дәл қазіргі сәттегі қазақстандық футболға берер бағам.
- Сіз «Севилья» және «Интер» секілді Еуропаның алпауыт клубтарында тәжірибеден өттіңіз. Сол жерде алған біліміңізді «Қайратта» қаншалықты қолданбақшысыз?
- Кез келген мамандықта үнемі дамып отыру қажет деп санаймын. Мен одан әрі мықты болу үшін ізденемін. Көптеген матчтарды көремін, сұхбаттарды, клубтар, бапкерлер, тактикалық жаңашылдықтар жайлы ақпараттарды оқимын. Спорттық әдебиеттерді көптеп қарап, шынайы өмірде қолдануға тырысамын.
- Көп бапкерлерге бұған дейін бірге істеген футболшылармен жұмысты жалғастырған ыңғайлы. Сіз де өзіңізге таныс ойыншыларды трансфер ауысым кезінде шақырасыз ба? Сіздің ойыңызша, команда алдағы турнирлердегі бәсекелестікті ескеріп, қаншалықты күшеюі тиіс?
- Команданы күшейту бойынша сұрақтар клуб басшылығымен, спорттық бөліммен бірігіп шешіледі.
- Сіздің Қазақстанға келгеніңізге екі аптадай уақыт өтті. Сізді қалай қарсы алды? Ел жайлы алғашқы ойыңыз қандай? Алматыға келмес бұрын, Андрей Аршавин, Анатолий Тимощук, Виктор Васинмен ақылдастыңыз ба?
- Жоқ, бұл жаққа көшу бойынша ешкіммен ақылдаспадым. Клубпен және қаламен танысу үшін алғаш отбасымен келгенде, Алматы қаласы өте қатты ұнады. Қазір қаладан алған әсеріміз одан сайын артуда. Алматы, біздің айналамыздағы адамдардың барлығы ұнады. Бізді жақсы қарсы алды. Қала, жанкүйер, көшеде кездескен жандардан тек қана жағымды эмоция алудамыз. Мен барлығына алғыс айтамын. Себебі, маған және отбасыма, жұмысқа бейімделу үшін, құшақ жая қарсы алу тез бейімделуге септігін тигізеді.
Айта кетейік, «Қайрат» OLIMPBET QFL Премьер-лигасының 11-ші туры аясында сырт алаңда «Тобылмен» кездеседі. Матч бүгін сағат 20:00-де Қостанай қаласының Орталық алаңында өтеді. Ойынды тікелей эфирде QFL.KZ сайты мен Q Football, Q Arena телеарналарынан көруге болады.