09 наурыз 2022 16:26
Александр Мокин — Серік Жейлітбаев атындағы арнайы жүлденің иегері
09 наурыз 2022 16:26
Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы 2013 жылы өмірден озған әйгілі футболшы Серік Жейлітбаевты еске алуға арналған жүлдені тағайындады.
Серік Жейлітбаев өзінің мансабы кезінде «Қайрат», «Есіл-Богатырь», «Шахтер», «Ертіс», «Жетісу», «Восток», сонымен қатар Қазақстанның Олимпиадалық құрамасының сапында өнер көрсетті. Үш рет ел чемпионы атанып, екі рет ҚР Кубогының иегері атанды.
Жейлітбаевты еске алу сыйлығы Қазақстан чемпионатында ең көп ойын өткізген ойыншыларға беріледі. Бұған дейін аталмыш жүлденің лауреаттары Нұрбол Жұмасқалиев, Самат Смақов, Қайрат Әшірбеков, Игорь Юрин, Ренат Абдулин, Мақсат Байжанов және Эдуард Сергиенко сынды отандық шеберлер болған.
Өткен маусымның қорытындысы бойынша «Тобыл» қақпашысы Александр Мокин аталмыш жүлденің лауреаты атанды. 40-жасар қақпашы Қазақстан чемпионатында «Жігер», «Достық» (екеуі де - Шымкент), «Жеңіс» (Астана), «Оқжетпес» (Көкшетау), «Ордабасы», «Астана», «Шахтер» және «Тобыл» командаларында ойнады. Жалпы еліміздің жоғары лигаларында Мокиннің есебінде 350-ден астам ойын бар. Сонымен қатар Мокин Қазақстан құрамасының сапында 22 ойын өткізді.
Александр 8 рет Қазақстан чемпионатын, 4 рет Кубокты және 5 рет ел Суперкубогын жеңіп алды.
Жүлдені Мокинге Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының спорт директоры Павел Демян табыстады.
Басқа жаңалықтар