Алматыда Премьер-лига клубтарының маркетингіне арналған семинар өтті
Бұған дейін маркетинг жөніндегі семинарлар лекция түрінде өтетін. Еуропа клубтарынан келген арнайы спикерлер қазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасатын. Ал бұл жолы Премьер-лига клубтарының өкілдері өз білгендерін ортаға салып, жоспарларымен бөлісті. Еңбектері де әділ бағаланып, жеңімпаз додаға түскендер арасында құпия дауыс беру арқылы анықталды. Сөйтіп, жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз Италия астанасы Римде өтетін УЕФА-ның маркетинг жөніндегі семинарына қатысатын болды. Биыл бұл семинарға УЕФА-ға мүше 53 елдің де өкілдері қатыспақ.
Сонымен, құпия дауыс беру нәтижесінде "Ақтөбе" футбол клубының өкілі Анар Қараменова жеңімпаз атанды.
«Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Еуропа лигасына дайындықтың қызу жүргеніне қарамастан мен бұл байқауға барымды сала дайындалдым. Қазақстан футбол федерациясы маркетинг бөліміне алғысым шексіз, - деп ағынан жарылды Анар Қараменова. - Бұған дейін біз тек тыңдаушы ғана болатынбыз. Ал бұл жолы біз өз туындыларымызда көпшілікке таныстырдық. Маған сенім білдірген әріптестеріме ризамын».