20 желтоқсан 2013 17:00
Анатолий Беляй: «Орал аймақтағы балалар-жасөспірімдер футболын дамытуға құлшынып тұр!»
20 желтоқсан 2013 17:00
Барлық аймақта футбол орталықтары ашылып, онда балалар еуропалық футбол үйрету жүйесі бойынша шеберліктерін шыңдауда. Сондай орталықтардың бірі Оралда ашылған. Басшысы - белгілі бапкер Анатолий Беляй. Футбол орталығында техникалық директор қызметін атқаратын Беляй ҚФФ сайтына сұхбат беріп, аймақтағы балалар-жасөспірімдер футболының даму барысы туралы айтып берді.
- Оралда ашылған футбол орталығы жайлы айтып беріңізші. Балалар бапкерлерінің біліктіліктеріне көңіліңіз тола ма?
- Бірінші рет Оралға осы жылдың сәуір айында келгенбіз. ҚФФ спорт директорының орынбасары Қанат Мұсатаевпен бірге орталықта жұмыс істейтін балалар бапкерлерін іріктедік. Үздіктерін таңдап алдық. Қазіргі кезде Оралдағы футбол орталығы шәкірттері жөнінен Қазақстанда екінгші орында. Барлығы 383 бала жаттығады. Бапкерлерге арнап арнайы семинарларды да өткіздік. Орталықтағы балалар командаларының өз жейделері де бар. Бұл футболшыларды кішкентайынан тәртіпке үйретеді. Рас, жазда аздап қаржы тапшылығын көрдік. Бірақ бәрі сәтті аяқталды. Қазір жеткіншектер бастан-аяқ мұнтаздай киінген. Жаттықтырушылар тобының жетекшісі Виктор Кабловпен хабарласып тұрамыз. Бапкерлердің барлығы өздеріне берілген бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатыр. Әлбетте, бпастапқыда бағдарламаны игеруде аздап қиындықтар болған. Дегенмен, бәрі де жылдам алып кетті. Жұмыстарының нәтижелері көрініп жатыр. Айтпақщы, айта кетейін, бапкерлер қолдарына таза 150 мың теңгеден алады. Байқағаным, оралдық балалар футболды өте қатты жақсы көреді екен. Әр жаттығудан ләззат алатындары көрініп тұр. Бұл да бағдарламамыздың бір тармағы. Балалар футболдан ләззат алулары тиіс.
- Футбол орталығына бапкерлерді қандай талаптар бойынша іріктедіңіздер?
- Қанат Мұсатаевпен бірге үміткерлерді әртүрлі методикалар бойынша тестілеуден өткізіп, олардың балалармен жұмыс істеуге қаншалықты дайын екендіктерін тексердік. Өйткені, бұл үлкен жауапкершілік. Сосын олардың педогогтық қабілеттерін байқадық. Сөйтіп, отыздан астам маманның 11-ін таңдап алдық қой. Олардың жастары да әркелкі. Бұл да бағдарламаның элементтерінің бірі.
- Балалар бапкерлердің тапсырмасын тиісті дәрежеде орындап, үйреткендерін қажетті деңгейде түсінеді деп айта аламыз ба?
- Атқарылған жұмыстардың нәтижелерін көріп отырмын. Демек, балалар теориялық және практикалық білімдерді бойларына сіңіріп жатыр деп есептеймін. Бүгінгі балалар өте ақылды. Олар футболдың тек жүгіруден ғана емес, ойлаудан да тұратынын жақсы біледі. Жасыл алаңда не істеу керек екенін алдын ала есептеп тұрады.
- Балалар оралдық ағаларын үлгі тұта ма? Мысалға Қазақстан футбол тарихының үздік футболшыларының бірі Нұрбол Жұмасқалиевке немесе биылғы жылдың ашылуы болған, 20 жасында Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап үлгерген Стас Покатиловқа ұқсағысы келетіндер бар ма?
- Балалар әрқашан үздіктерге ұқсағысы келеді. Бұл заңды құбылыс. Біздегі жеткіншектер де Оралддан шыққан өрендерді жақсы біледі. Олар да Жұмасқалиевтің шыңына шыққысы келеді. Ол үшін тынбай еңбектену керек екенін де жақсы түсінеді. Ал біз өз тарапымыздан оларға еуропалық білімді береміз.
- «ҚР-да балалар-жасөспірімдер футболын дамыту - 2012-2022 бағдарламасы" өте күрделі жүйе. Соған сәйкес, мамандар да білікті болулары тиіс. Қалай ойлайсыз, елдегі футбол орталықтарындағы қазақстандық бапкерлердің біліктіліктері осы бағдарлдаманың талаптарына жауап бере ала ма?
- Балалар бапкерлерінің проблемасы көптеген елдерде бар. Ұзақ жылдар Украинада жұмыс істегенмін. Ол жақта да осы проблема. Егер жаттықтырушы баланы футбол ойнауға үйрете алмаса, онда бірінші кезекте өзі кінәлі. Өйткені, әр бала өзінше дарынды. Тек, сол дарынын тап баса білуі тиіс. Мәселен, бір балалар болады, музыкаға бейім, біреулері боксқа, гимнастикаға дегендей. Сондықтан, футболға онша бейімі жоқ, басқа спортқа құлшынып тұрғанын байқаса, дереу соны жеткізіп, аяқдопта құр босқа уақытын өлтірмеуі үшін оның жаңа қабілетін аша білгені маңызды. Ол үшін баланың ата-анасымен сөйлесіп, баланың өмірдегі өз орнын айқындап беруге тырысуы керек. Осы орайда, Оралдағы бапкерлер дұрыс бағытта деп ойлаймын. Біздің жаттықтырушылар әрдайым білімдерін жетілдіріп, балалармен қоса өздері де шыңдалады.
- Жақында Оралдағы футбол орталығында тағы екі алаң салынады деп естідік…
- Салынып қойды. Ұзындығы 36 метр, ені 18 метр болатын балаларға арналған футбол алаңдары. Ол жақта барлығы да болады. Жуынатын орын, киім алмастыратын орындарының барлығы да кең. Жалпы, "Ақжайық" балалар үшін барлық жағдайды жасап жатыр. мәселен, "Ақжайықтың" негізгі құрамы қандай форма кисе, футбол орталығындағы тәлімгерлер де сондай біркелкі формада. Бұл балалар да бас командаға қатысы бар екендіктерін сезінулері үшін жасалған. Ойын жейдесіне бөлек, "Ақжайықтың" командасы секілді парадтық костюмдері де бар. Мәселен, турнирлерге қатысар болса, киіп барады да, ерекшеленіп тұрады. Осындай жағдайлар жасап отырғаны үшін клуб директоры Ерік Кенжебаевқа айтар алғысым мол. Жас та болса, өте білікті, жан-жағына нұр шашып жүретін басшы екен. Осындай жандардың арқасында Оралда балалар-жасөспірімдер футболы керемет қарқынмен дамып жатыр!
- Сіз әрдайым футбол орталығында тәлім алатын әр жастағы топтардың жаттығуларын бақылап жүресіз. Айтыңызшы, жасөспірімдер арасында таяу болашақта "Ақжайықтың" негізгі құрамынан орын алуға қабілетті футболшылар бар ма?
- Қазір-ақ Бірінші лигада өнер көрсетуге дайын жігіттер бар. Нақты айтсақ, 1996 жылғы жеткіншектер арасында дарындар көп. Өз жастарының арасында жақында Қазақстан біріншілігін жеңіп алды бұл балалар. Ойындары да өрнекті. Қорғаныс пен шабуылды керемет байланыстырған. Қапталдағы ойыншылары да қарымды. Шыны керек, біз олардың алдарына ел чемпионатында жеңіске жету туралы тапсырма қоймағанбыз. Жігерліктерінің арқасында жеңіске жетті.
- Анатолий Григорьевич, енді ата-аналарға, жас футболшыларға, бапкерлерге айтар тілегіңіз болса...
- Ең бастысы шыдамдылық тілеймін. Себебі, футбол өте көп еңбекті қажет ететін спорт түрі. Болашақта Қазақстан футбол федерациясының осы бағдарламасы өз нәтижесін беріп, елімізде әлемдік деңгейдегі футболшылар өсіп шығады деп үміттенемін!
Ербол Қайыров, Орал
Фото автордыкі
Басқа жаңалықтар