KZ
KZ RU
27 ақпан 2018 11:03
OLIMPBET СУПЕРКУБОК

Андрей Финонченко: «Астанамен» болған суперкубоктық ойын есте қалды, себебі біз жеңіске жеттік және тамаша футбол көрсеттік»

27 ақпан 2018 11:03

Андрей Финонченко Суперкубокты 2013 жылы қарағандылық «Шахтердің» сапында жеңді. Жақында 35 жасар ойыншы 2018 жылғы Қазақстан Суперкубогының елшісі болып таңдалды. Аңызға айналған шабуылшы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасынның сұрақтарына жауап берді.

- Андрей Юрьевич, Сіз үш рет Қазақстан Суперкубогы үшін ойнадыңыз. Бұл матчтардың басқа кездесулерден ерекшелігі бар ма?
- Суперкубоктың басқа кездесулерден ерекшелігі тек біреу – бұл трофейді ұту үшін бір ғана кездесуде жеңіске жету маңызды. Бір ойында жеңіске жетіп, клуб үшін трофей ұтып алуға болады.
 
- Қатысқан суперкубоктық матчтардың қайсысы есіңізде қалды – «Ақтөбеге» қарсы, «Астанаға» қарсы әлде «Ордабасыға» қарсы ма?
- Әрине, 2013 жылы болған «Астанаға» қарсы ойын есімде қалды. Сол текетіресте біздер елордалық ұжымнан басым болдық, яғни Суперкубокты алғаш рет ұтып алдық. Аталған ойында бірнеше гол соғылды, сол себепті кездесу қызықты өтті.
 
 
- «Астана» жаттығу жиындарын аяқтады, «Қайрат та» өз даярлығын пысықтауда. Қос клуб өздерінің ОЖЖ-ғы жолдастық кездесулерін интернетте көрсетті. Аталған командалардың спаррингтерін қарадыңыз ба?
- Өкінішке орай, бұл командалардың ойындарын қарай алмадым. Алайда қауіпті сәттер мен голдарға зер салып тұрамын.
 
- «Астана» мен «Қайрат» өткен маусымда несімен көзге түсті?
- Қос команда жиі шабуылдап, қарсыластар қақпасының маңында қауіпті сәттерді көп жасады. Олар көрсеткен футбол жанкүйерлердің көңілінен шықты.
 
 
- Қазақстан чемпионаты екі тамаша шабуылшыны жоғалтты – Кабананга және Гоу басқа клубтарға ауысты. Аталған шеберлердің жоқтығы Премьер-лиганың және алдағы Суперкубоктың деңгейіне әсер етуі мүмкін бе?
- Қос ойыншы өз командаларының жетістіктеріне үлкен үлес қосты. Гоу мен Кабананга - нағыз сұрмергендер. Футболда ойыншылардың команда ауыстыруы ешкімді таң қалдырмауы тиіс. «Астана» мен «Қайрат» бұл екі шабуылшының орнын жоқтатпайтын жаңа шеберлерді табады деген үміттемін.
 
- «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесуден қандай нәтиже күтесіз?
- Тартысты ойын көргім келеді, командалар жанкүйерлерді әдемі және ымырасыз шайқаспен қуантуы тиіс. «Астана» мен «Қайрат» арасындағы текетірестер әрдайым қызықты өткен, сол себепті Суперкубокта қос ұжым футбол сүйер қауымды тамаша ойын өрнегімен қуантады деп ойлаймын.