KZ
KZ RU
24 қыркүйек 2024 16:39
1ХВЕТ ЛИГА КУБОГЫ

Андрей Карпович - Ең маңызды матч «Астанамен» өтеді

24 қыркүйек 2024 16:39

«Елімай» осы маусымдағы алғашқы кубогын алуға жақын. Клуб ертең 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жартылай финалының жауапты ойынында «Астанамен» сырт алаңда жолығады. Бұған дейін 11 тамыз күні Семей қаласындағы бірінші ойын 0:0 есебімен тең аяқталған болатын. Енді қарымта кездесуге кездесуге дайындық қалай өтуде? Бұл жайында «Елімай» клубының бас бапкері Андрей Карпович QFL.KZ сайтына сұхбат берді.

 

– Андрей Владимирович, ертең сіздерді Алматыда қиын ойын күтіп тұр. Осы маусымда командалар екі мәрте кездесіп, дәл осы «Хан-Тәңірі» стадионында жеңіске жетіп едіңіздер. Тарих тағы қайталана ма? Әлде Григорий Бабаянның шәкірттері маусым басы мен қазіргі сәтте мүлдем басқаша қалыпта ма? Бұл матчқа дайындық қалай өтуде?

– Бірінші кезекте 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жартылай финалында доп тепкенімізге өте қуаныштымыз. Барлығы біздің OLIMPBET QFL Премьер-лигасына биыл ғана шыққанымызды біледі. Осы жерге дейін жеткеніміздің өзі жетістік. Дайындық қалыпты режимде жүріп жатыр. Жаттығудамыз. Белгілі бір жоспар, стратегиямыз бар. Иә, «Астанамен» бір мәрте Алматыда ойнайдық. Сәттілік серік болып, жеңіп едік. Бірақ кездесу оңайға соқпады және қазір де қиын болғалы тұр. Себебі, «Астана» алдына үлкен мақсат қоятын салмақты қарсылас. Сонысымен де қызық болмақ. Қалай өрбитінін айта алмаймын. Өйткені, бұл - футбол. Кім дайын болып, мықты қырларын көрсете білсе, сол жеңіске жетеді.

 

– Қазіргі сәтте «Елімай» екі турнирде жорығын жалғастырып, кубок жеңіп алуға мүмкіндігі бар. 1ХВЕТ QFL Лига кубогында чемпион атану мақсаты бар ма?

– 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жартылай финалына қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Біз үшін үлкен тәжірибе, қосымша мотивация. Кез келген кубок өте маңызды. Сондықтан бұл турнирді де ескерусіз қалдырмаймыз. Жеңу үшін, барымызды саламыз. Ең маңызды матч «Астанамен» болатынын бірнеше рет айттым. Әзірше болашақты ойламай, дәл қазіргі сәттегі мәселемізді шешуге ден қоюымыз қажет.

 

– Тура 4 ай бұрын QFL.KZ сайтына берген сұхбатыңызда әр матчтан матчқа сәтті жету деп едіңіз. Қазіргі сәтте «Елімай» OLIMPBET QFL Премьер-лигасында бірінші орында тұрса, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогында жартылай финалға дейін жетті. Ал қазір 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалына шығуға біртабан жақын тұрсыздар. Өзіңіздің алғашқы маусымыңызда семейлік ұжыммен осыншалық алысқа шабатындығыңызды білдіңіз бе?

– Басында айтқанымдай, әр матчқа ерекше назар аударамыз. Егер әр ойынға жауапкершілік танытып, жеңіске ұмтылсаң, кез келген турнирде жеңіске жетуге мүмкіндік жоғары болмақ. Қазір де ешнәрсе өзгермеді. Иә, чемпионатта топ бастап тұрмыз. Бірақ алда әлі бірнеше матч бар. Барлығы бір сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Алайда мақсатымыз өзгермейді. Ешқандай өзгеріс жоқ. Біз тек өз жұмысымызды тыңғылықты атқарып, жүктелген міндетті сәтті орындауға тырысамыз.

 

– «Елімай» қайта жаңғырған соң, өз алаңындағы ойындарын өте керемет өткізуде. Өткен маусымнан бері команда бірде-бір мәрте жеңілмеді. Енді «Спартак» стадионында 20 қазан күні «Астана» клубымен ғана кездесу өткізесіздер. Өз стадиондарыңызда маусымды жеңіліссіз аяқтап, астаналық ұжымды артта қалдыруға күштеріңіз жете ме?

– Біз бұған қатты назар аудармаймыз. Бастысы, турнир кестесіндегі орынымыз. Біздің назар аударатын тұсымыз осы. Серия кез келген сәтте аяқталуы мүмкін. Біз өз алаңымызда тек «Астанамен» доп тебеміз. Қызық болады. Өз жанкүйерлеріміздің алдында жеңіліссіз серияны одан әрі ұлғайтуға жақсы мотивация болмақ. Керемет атмосфера болатындығы түсінікті. Сондықтан қатты мән бермейміз. Нәтижеге жұмыс істейміз. Тағы да қайталап айтамын. Ең бастысы, турнир кестесіндегі орынымыз.

 

– Сіз ішкі турнирде «дубль» жасап, ірі екі кубокты жеңіп алуға жақын тұрсыз. Бұл сіздің бапкерлік мансабыңыздағы қосымша мотивация ма?

– Армандау қажет. Мақсатқа жету үшін, жұмыс істеген жөн. «Дубльсіз» де мотивация жеткілікті. Әуеліден мақсатымыз бен міндетімізді түзіп қойғанбыз. Осы бағытта кетіп барамыз. Сондықтан ірі мәлімдеме жасаудың қажеті шамалы. Матчтан матчқа сәтті жетсек болғаны. Бұл осы жылдағы ұранымыз. Егер әр кездесуде жеңіске жетсең, үлкен мақсат жайлы ойлануға себеп бар.

 

– 1ХВЕТ QFL Лига кубогы атты жаңа турнирді өткізуді қалай бағалар едіңіз?

– Нақты айту қиын. Біз үшін әр матч маңызды. Жеңіске жеткіміз келеді. Құрамаға да амбициясы жоғары футболшылар жинақталды. Қазіргі сәтте қандай да бір нәтиже жайлы айту ақымақтық болар. Алдымен қай кезеңде тоқтайтынымызды түсініп алайық. Финалға шыға аламыз ба? Бұл басқа тарих. Жеңу әрқашан да жағымды. Спортта бастысы осы. Қайда ойнасаң да, тіпті аулада болсын, жеңгің келеді. Сол себепті, әр турнирге жауапкершілік танытамыз. Өкінішке қарай, OLIMPBET QFL Қазақстан кубогының финалына шыға алмадық. Сәл ғана жетпей қалды. Енді 1ХВЕТ QFL Лига кубогының финалына да біртабан жақын тұрмыз. Бұл біздің барлық турнирге салмақты қарап, жеңіске жеткіміз келетінінің айқын көрінісі. Бұл бастысы.

 

Айта кетейік, 1ХВЕТ QFL Лига кубогының жартылай финалының қарымта ойынында «Елімай» сырт алаңда «Астанамен» жолығады. Матч 25 қыркүйек күні 19:00-де Алматы қаласындағы «Хан-Тәңірі» стадионында өтеді. Тікелей эфирді Q Football телеарнасы, QFootball.kz, QFL.KZ сайттары және Q Football мобильді қосымшасынан көре аласыздар.