Артур Шушеначевқа Сергей Квочкин атындағы сыйлық табысталды!
Өткен жылы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы маусымның қорытындысы бойынша үздік шабуылшыға берілетін жүлдеге отандық футболдың аңызы Сергей Квочкиннің есімін берген болатын.
Квочкин Өскеменде туған, әскерге шақыртылып, Павлодарға қызмет етуге жіберілді. Павлодарда облыс құрамасы сапында өнер көрсете бастады. Дәл осы командада Квочкинге «Қайрат» командасының бас бапкері Петр Зенкин көз салып, оны алматылықтардың құрамына шақырды.
«Қайраттың» сапында Квочкин КСРО-ның Бас лигасында 232 ойын өткізіп, 61 гол соқты. 1962 жылы КСРО клубтарының құрамында талантты шабуылшы латын Америкаға сапарға шықты. Сапар барысында ол аты аңызға айналған «Маракана» стадионында Бразилия олимпиада құрама қомандасының қақпасына жеңіс голын соқты. Содан кейін «Қайраттың» талантты шабуылшысына киевтік «Динамо» мен мәскеулік «Спартак» қызығушылық танытты, бірақ Сергей қазақстандық командаға адал болды.
Ойыншы мансабын аяқтағаннан кейін Квочкин туған «Восток» командасында бапкер болып жұмыс істеді, сондай-ақ көкшетаулық «Торпедо» және «Екібастұз» командаларында қызмет атқарды. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Квочкин балаларға футбол үйретумен айналысып келді.
2021 жылғы маусымның қорытындысы бойынша «Қайрат» пен Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Артур Шушеначев еліміздің үздік шабуылшысы атанды. Ол Квочкин атындағы алғашқы сыйлықтың лауреаты болып тарихта қалды.
Артур өткен маусымда еліміздің бас командасының құрамында дебют жасады, ал клубтық деңгейде қазақстандық ойыншылар арасында чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Шушеначев чемпионатта 12 гол, кубокта 5, Суперкубокта бір гол соқты, сондай-ақ еурокубоктарда 4 рет нәтижелігімен көзге түсті.
Жаңа маусымның алдында отандық футболдың тағы бір танымал ардагері Сейілда Икрамұлы Байшақов Шушеначевқа Квочкин атындағы сыйлықты табыс етті.