KZ
KZ RU
04 қазан 2019 10:25

Асхат Тағыберген: «Қызылорда жанкүйерлеріне еурокубок маусымын сыйға тартқымыз келеді»

04 қазан 2019 10:25
«Қайсар» командасының көшбасшыларының бірі Асхат Тағыберген Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Қазақстан Кубогының финалына қалай шыққаны туралы әңгімелеп берді:
 
- «Астана» футбол клубының қатарында 2016 жылы Қазақстан Кубогының финалында жеңіске жеттіңіз. Алайда, сол ойында алаңға шықпадыңыз. Міне, енді жасыл алаңға шығуға тағы бір мүмкіндік бар...
 
- 2016 жылы «Астананың» сапында ойнап, кубоктың финалына дейін шықтым. Жарақатыма байланысты шешуші ойынға қатыса алмадым. Алайда, турнир аясында өткен барлық ойынға атсалыстым. Сол кезде бас бапкер Станимир Стоилов финалға қатыспағаныммен, жүлдеге лайықты екенімді айтты. Әрине, алдағы ойынға қатысып, жеңіске жетуді қалаймын. Қызылорда жанкүйерлеріне еурокубок маусымын сыйға тартқымыз келеді.
 
- Биылғы маусымды жақсы өткізіп, ұлттық құраманың қатарына қайта оралдыңыз...
- Барлығы төзім мен еңбектің арқасында деп санаймын. 2016 жылы ауыр жарақат алып, жылдам қалпыма келдім. Әрі қарай жұмыс істей бастадым. Әр футболшының ел құрамасының сапында ойнау арманы бар. Менің де арманым орындалды!
 
- Финалға дейінгі жол ауыр болды ма?
- Әрине, оңайға түспеді. «Тобылмен» өткен жартылай финалдың өзі не тұрады?! Жанкүйерлар сол кездесуді шағын финал деп атады. Екі тарап та финалға бір қадам қалғанда жарыстан шығып қалғысы келмеді. Алайда, сәттілік біздің жағымызда болды деп есептеймін.
 
- 2019 жылғы «Қайсардың» мықты тұстары қандай? Жаңа ойыншылар туралы бірауыз сөз айтып өтсеңіз...
- Команданың негізі сақталды. Бірнеше легионер құрамды толықтырды. Олардың барлығы өз ойынымен командаға елеулі үлес қосты. Ұйымшылдық бар. Біздің күшіміз бірлік деп санаймын.
 
- Елордада өтетін финалдан не күтесіз? Қарсылас туралы ойыңыз қандай?
- Финалға әлсіз команда шықпайды. «Атырау» - жақсы ұжым. Премьер-лигада бірнеше рет кездестік. Жыл сайын чемпионаттың және клубтың деңгейі артып келеді. Біздің чемпионатта әлсіз командалардың жоқтығы қуантады. Кубок – басқа турнир. Финалға жақсы дайындықпен шығамыз. Екі тараптың мүмкіндігі тең. Көп еңбек еткен команда жеңіске жетеді.