Асхат Тағыбергенге Вахид Масудов сыйлығы табысталды!
Өткен жылы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы маусымның қорытындысы бойынша үздік жартылай қорғаушыға берілетін жүлдеге отандық футболдың аңызы Вахид Масудовтың есімін берген болатын.
Масудов Таразда дүниеге келген, жергілікті «Химик», «Хорезм», «Мелиоратор» (Қызылорда), «Қайрат», «Терек» (Грозный), «Достық» (Алматы), «Пройссен-07» (Германия), «Актюбинец», «Елімай» командаларында ойнаған. Ойыншы ретінде бірінші лига командалары арасындағы КСРО біріншілігінің турнирі, КСРО футбол федерациясының Кубогы, Қазақстан чемпионаты (1992, 1995), Қазақстан Кубогының (1992, 1995, 1996/7) жеңімпазы атанды. Қазақстан ұлттық құрамасында ойнап, команда капитаны болған.
Вахид Юнусович өз уақытының талантты ойыншыларының бірі болды. Ол жоғары деңгейлі жартылай қорғаушыға тән бірқатар қасиеттерді біріктірді - допты жұмсақ ұстау техникасы мен өткір ақыл-ойы болды, сонымен қатар ол басқа ойыншылардан атлетика жағынан ерекшеленді. Қарсыластар Масудовтан допты тартып алу қиын екенін мойындады.
Ойыншы мансабын аяқтағаннан кейін Вахид Юнусович ЦСКА–«Қайрат» (Алматы), «Тараз», «Шахтер», «Қайрат», «Восток», «Ақтөбе», «Жетісу», «Локомотив» (Астана), «Атырау», «Ордабасы», «Астана-1964», ЦСКА (Алматы), «Ақжайық», «Мақтаарал» командаларында бапкер ретінде жұмыс істеді. Қазақстан жастар және ұлттық құрамаларын жаттықтырды.
Тағыберген өткен маусымда тамаша ойынымен көзге түсіп, OLIMPBET-Қазақстан Чемпионатының алтын медалін иеленді. Ол жарыстың 23 ойынында 4 гол соғып, 6 ассист жасады. OLIMPBET-Қазақстан Кубогында Тағыбергеннің еншісінде 5 ойын, 2 гол.
Жаңа маусымның алдында сыйлықты Асхатқа Масудовтың өзі табыс етті.
- Футбол — командалық ойын, сондықтан өткен жылы біз жанкүйерлерді осы жетістікпен қуанта отырып, Қостанайға титул әкелдік. Дегенмен, мамандардың, ойыншылардың және бапкердің пікірі әрқашан жағымды. Марапатты атақты ардагер Вахид Юнусович Масудовтың қолынан алу екі есе жағымды, - деді Тағыберген.