KZ
KZ RU
03 ақпан 2013 01:05

«Астана-1964» маусымға дайындалуда

03 ақпан 2013 01:05


Бапкерлер кеңесі мен ойыншылар толық құрамда 10 қаңтарда жиналған болатын. Өткен маусымнан қалған 12 футболшыға тағы жиырма шақты ойыншы қосылды. Олардың барлығы әзірге сынақта жүр. Жаңа ойыншылардың дерлігі жастардан құралған. Оларды команда бапкерлері "лимитчиктердің" орындарына қарастыруда.
Жиынның бірінші күнінен бастап-ақ футболшылардың физикалық әлеуеттеріне ден қойыла бастады. Бапкерлердің қатаң қадағалауында күніне екі реттен жаттығу жүргізіп, ойын жүйелеріне де көңіл бөлді. Жаттығулар жабық кешенді манежде өтіп, күн райының қандай болғанына қарамастан алаңсыз дайындалуға септігін тигізді.

14 қаңтарда «Астана-1964» Қазақстан жастар құрамасымен жолдастық кездесу өткізгені белгілі. Нәтижесі - 0:1, жастар құрамасының пайдасына.

Отандық білікті маман Ойрат Садуовпен бірге команданы Баян Бадағұлов пен Файзулла Урдабаев жаттықтырады. Қақпашылар Александр Борисовтың қарамағына өтеді.

Команда құрамындағы өзгерістерге келер болсақ, былтыр "Астана-1964" командасында жалға ойнаған қақпашы Игорь Шацкий "Шахтерге" қайта оралды. Тағы бір қақпашы Мақсат Сейдахмет, қорғаушылар Дәурен Тұрашбаев, Дмитрий Каминский «Астанаға» қайтып кетті. Өзге қорғаушылар Әсет Меңліхожа пен Амангелді Жүсіпов, Сабырхан Ыбыраев «Восток» командасында сынақта жүр. Максим Дубынин, Мамади Сангаре, жартылай қорғаушылар Владислав Ахмеев «Іле-Сәулетте» бақтарын сынауда. Руслан Ахметдинов "Ертіске" оралды. Игорь Абдущеев пен Никита Бильдинов болса, "Каспийге" ауысты.

Шабуылшылар Дидар Сыдықбек бұған дейін хабарланғандай "Ақтөбеде" сынақта. Айтпақшы, кеше "Ақтөбе" - "Зимбру" (1:1) жолдастық кездесуінде бірінші минуттан бастап алаңға шықты. Бір тайм ойнаған Дидар, тіпті қарсылас қақпасына гол соққан. Бірақ төреші жоқ жерден офсайд  ойлап тауып, голды санамай тастады.

Сонымен, жиын 6 ақпанда аяқталады. Одан кейін бір апта үзіліс алып, 14 ақпанда кезекті жиынын өткізу үшін Түркияға аттанады.