"Астана" мен "Барселона" арасында байланыс орнайды
Хулио Альберто туралы бірер сөз. Кезінде өзі де футболшы болған. Испания ұлттық құрамасынла жасындай жарқылдап, 1984 жылы Еуропа біріншілігіне, 1986 жылы әлем чемпионатына қатысқан. Испанияның екі дүркін чемпионы, Король кубогының иегері, Испания супреркубогы мен Кубоктардың кубогын да жеңіп алған. 1991 жылы спорттық карьерасын аяқтап, көп ұзамай "Барселона" клубына спорттық функционер ретінде қызметке тұрған. 2008 жылдан бері "Барселона" футбол клубы мектептері директорының орынбасары қызметін атқарады. Бұл тұлғаның елордамызға келуін - "Астана" мен "Барселона" клубтарының балалар және жастар футболы арасындағы байланыстың орнауының алғы қадамы ретінде қарастыруға болады.
Астанаға келе салып "Барселона" функционері "Астананың" демеушісі "ҚТЖ" ҰК-тың қызметкерлерді басқару және қоғамдық сұрақтар жөніндегі вице-президенті Асқат Акчурин және ҚФФ бас хатшысы Саян Хамитжановпен кездесті.
ҚТЖ кеңсесінде өткен кездесуде келелі мәселелер көптеп талқыланды. Асқат Харисұлынан бөлек, кездесуге қоғамдық жұмыстар басқармасының басшысы Қорлан Медиханов пен "Астана" футбол клубының басшылығы да осы кездесуге қатысты. Альберто мырзаны Қазақстан және Қазақстан футболы жайлы барлық мағлұматтар қызықтырып, біраз жағдайларға қанық болды. Бұдан кейін біздің тарап Хулио Альбертоға Қазақстан жайындағы кітап сыйласа, өз кезегінде испандық тұлға ҚТЖ басшылығына "Барселона" клубы футболшыларының қолтаңбалары қойылған клубтық жейдені сыйға тартты.
Бұдан соң испандық қонақ "Астана Арена" стадионын тамашалап, Мичурин елді-мекенінде орналасқан клубтың базасында қонақта болды. Бұл кезде "Астананың" дубльдік құрамындағы ойыншылар жаттығуларын жүргізіп жатқан еді. "Барселона" өкіліне "Астана-Арена" стадионы мен клуб базасы ұнап, мұндай кешендердің Испанияға керек екенін айтып қалды.
fca.kz