«Астана» жанкүйерлерімен кездесті
Бұл матч Астанадағы жаңа футбол маусымының ашылуы деген себеппен өтіп, жанкүйерлер футболшылармен етене жақын араласа алды. Айта кетейік, Астанада ел біріншілігінің жаңа маусымы ресми түрде осы жұмада ашылады. Елордаға Алматының "Қайраты" қонақ болады.
Алдымен жанкүйерлер жарты сағат бойы команданың жаттығуын бақылады. Үлкендер жағы футболшылардың қимылдарын бағып, жаңа маусымды қызу талқыласа, жастар жағы футболшыларына қолдау көрсетіп, ұрандатумен болды.
Кездесу достық атмосферада өтті. Дегенмен маусымның қалай басталғанына риза болмай, реніштерін білдірген жанкүйерлер де табылды. Бас бапкер Мирослав Беранек бұл сынды дұрыс қабылдап, алдағы ойындарда осы олқылықтарды болдырмауға тырысатындықтарын білдірді.
Айтпақшы, кездесу алдында клуб жанкүйерлеріне команданың жаңа маусымға арналған үш жейдесі де таныстырылды. Атап айтсақ, алдағы маусымда футболшылар сары-көк, ақ-көк және қара-ақ жейдеде өнер көрсететін болады.
Сонымен қатар, жанкүйерлер мен клуб өкілдері арасында әртүрлі мәселелер көтеріліп, Астанада өтетін алдағы "Астана" - "Қайрат" кездесуіне көрермен тарту мәселесі де талқыланды.
Кездесу соңында команданың капитаны Қайрат Нұрдәулетов бұдан былай "Астана-Арена" стадионында ешбір командадан жеңілмеуге уәде беріп, әрдайым жанкүйерлерін қуантуға тырысатындықтарына сендірді.
Артынан футболшылар мен жанкүйерлер бірге суретке түсіп, қолтаңба беру рәсіміне кезек берілді.
Ал соңында кездесуге келген барлық жанкүйерге 15 наурыз күні сағат 17:00-де басталатын "Астана" - "Қайрат" кездесуіне биеттер үлестірілді.
Кездесуде түскен суреттерді мына жерден таба аласыздар
http://fca.kz/rus/fotogallery/cat/106/