Астанада клубтық маркетинг жөніндегі семинар өтті
Көптеген тақырыптарды қамтыған семинардың берері көп болды. Мәселен, ҚФФ-тың коммерциялық директоры Серік Диар «Футбол маркетингінің негіздері» және «Клубтық фан-шоп құрудың ерекшелігі» тақырыптарында дәріс оқыса, Корпортивтік тұтынушылар жөніндегі менеджер Галина Годжук демеушілер мен серіктестер тарту тақырыбында дәріс оқыды. Одан бөлек маркетолог Асқар Рүстембеков матчтарды жарнамалау және билеттер сату жайында өзінің теориялық тұжырымдамаларымен бөлісті. Ал Абзал Қалиев әріптестеріне жанкүйерлермен жұмыс жасау мәселелері туралы баяндама жасады.
Шара барысында екі проактивті семинар бөлек өтті. Нақты айтсақ, қатысушылар PR және футбол бизнесіндегі меди-рилейшнз тақырыптарына ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ, футбол матчтарын БАҚ арқылы жарнамалау және қазіргі заманғы жарнамалардың түрлерін қолдану жайындағы презентациялар да осы бөлімде жасалды. Бұл тақырыптарға ҚФФ-тың Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Измаил Бзаров кеңірек тоқталды.
«Қысқа уақыттың ішінде біз мұндай семинарды екінші рет өткізіп отырмыз. Бұл футбол клубтарының мамандары үшін клубтық менеджмент және маркетинг тұрғысындағы білімдерін жетілдіруге көп септігін тигізеді", - деп атап атап өтті ҚФФ-тың атқарушы директоры Әлия Дүйсекеева.
Семинарлық дәрістерден кейін қатысушылар ҚФФ-тың "12 ойыншы" деп аталатын жанкүйерлер дүкеніне бас сұқты. Ал одан кейін бәрі бірге Премьер-лиганың 5-туры аясында өткен "Астана" - "Ертіс" кездесуін стадионнан тамашалады.