KZ
KZ RU
30 наурыз 2012 15:45

"Астананың" күн әлемі"

30 наурыз 2012 15:45

Фестиваль аясында "Астана" футболшыларынан бөлек, "Бәйтерек" футбол клубының да ойыншылары балалармен жүздесіп, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ, бүлдіршіндер футболшылармен аз-кем жаттығу өткізіп, арқа-жарқа болысты. Бұдан кейін балалар мен футболшылар араласып екі командаға бөлінді де, "ақ жейделі", "көк жейделі" болып, жолдастық кездесу өткізді. "Көктердің" капитаны Ұлан қонысбаев болса, қақпасын Денис Төлебаев қорғады. "Ақтардың" капитаны болып Сергей Гридин тағайындалды. Ал қақпаны Алексей Белкин күзетті.
Өте тартысты өткен кездесудің негізгі уақытында жеңімпаз анықталған жоқ. Есеп - 2:2. Пенальти сериясында да жеңімпаз анықталмай, 4:4 есебімен аяқталды. Нәтижесінде командалар "Достық жеңді" ұранымен мәз-мейрам болып тарқасты. Матчтан кейін барлық бала 8 сәуір күні "Астана" - "Ертіс" (Павлодар) кездесуіне келетін болып келісілді. Мұндай келісімге бүлдіршіндер де қуанышты.
Кездесу барысында суретке түсу, қолтаңба тарату рәсімдері де ұмыт қалған жоқ. Бұл тұрғыда бүлдіршіндердің қуанышын көзбен көру керек еді. "Астана" және ұлттық құрама ойыншыларын өз көздерімен көріп, бірге түскен балалар бақытты еді. Өз кезегінде футболшылар кішкентай жанкүйерлермен емен-жарқын әңгімелесіп, естелік сыйлықтарды да табыс етті. Шынын айту керек, футболшылардың қай-қайсысы болмасын, балаларға барынша бауырмалдығын көрсетіп, өздеріне жақын тартты. Мұндай жылылықты бүлдіршіндеріміз де сезінгендері айқын. Және "Астананың" 1 сәуір күнгі ойынын олар теледидарда тамашалап, ағаларына жанкүйер боларына сенім мол. Ал 8 сәуірде бұл балалар жерлестеріне "Астана-Арена" стадионында қолдау көрсетері сөзсіз.


fca.kz