«Атырау» - батыл шешімдердің жүзеге асуы
Өткен маусымның аяқталысымен «Атыраудың» қатарынан негізгі құрамның бірқатар ойыншысы кетті. Алайда, мұнайшылар құрамына басқа ойыншыларды жинап, ел кубогының финалына қайта оралды.
Жыл басында тәжірибелі қазақстандық маман Вахид Масудов команданың тізгінін қолға алды. Өзбек шабуылшысы Шавкат Саломов үйіне оралды. Сербиялық хавбек Йован Джокич те Өзбекстанға жол тартты. Юре Обшивач Румыния чемпионатына ауысты. Грузия құрамасының ойыншылары Уча Лобжанидзе мен Владимир Двалишвили де мұнайшылардың астанасынан кетіп қалды. Әлішер Сүлей, Жасур Нәрзіқұлов және Бекжан Әбдірахман «Ордабасының» намысын қорғау үшін Шымкентке қоныс аударды. Тәжірибелі Дәуренбек Тәжімбетов «Қайсарға» көшсе, Захар Коробов «Ақтөбенің» қатарын толықтырды. Алексей Маров «Қыранды» күшейтсе, Нұрболат Қалменов «Каспийге» ауысты. Әлібек Сәкенов «Ақжайықтың» қатарынан табылды.
Өткен маусымдағы құрамнан Андрей Пасеченко, Азамат Жомартов, Қуаныш Қалмұратов, Ризван Аблитаров, Антон Чичулин, Дәурен Мәжитов, Эльдар Әбдірахманов, Алтынбек Сапаров, Дәурен Қайраллиев, Айбар Нұрыбеков, Новица Максимович, Эдуард Сергиенко, Предраг Сикимич және капитан Марат Хайруллин қалды.
Қысқы оқу-жаттығу жиындарында «Атырау» алғашқы жаңа ойыншысы таныстырды. Балқан түбегінен келген - Стефан Живкович. Сербиялық футболшы «Ертіс» сапында көзге түсіп, команданың Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіне өтуге көмектескен еді. Алайда, «Црвена Звезда» түлегінің Атырауда жолы болмай, жазда командамен қоштасты.
Атыраулықтардың қатарына Игорь Зеньковичтің ауысуы көпшілікті таңғалдырды. Тәжірибелі шабуылшы мұнайшылардың жейдесінде 19 ойын өткізіп, 5 гол соқты. Оның үшеуі кубок ойындарында тіркелді. Кейін қызылордалық «Қайсардың» қатарына қабылданды.
Шабуыл шебін жас африкалық шабуылшы Бабатунде Аденидже күшейтті. Оның соңғы клубы болгариялық «Левски» болатын. Сонымен қатар, ол Нигерия ұлттық құрамасында төрт матч өткізген. Шабуылшы үшін алғашқы маусым жақсы аяқталды. 33 ойында 8 рет көзге түсті.
Қырғызстан құрамасының жартылай қорғаушысы Антон Землянухин де қыста «Атыраумен» келісімшартқа қол қойған болатын. Футболшы «Тараз», «Ақтөбе», «Қайрат» және «Қайсар» командаларында доп тепкен еді. Алайда, төрт ойныда алаңға шығып, жазғы трансферлік терезеде ресми түрде клубтан кетті.
Қақпашылардың бәсекелестігін қазақстандық Владимир Логиновский арттырды. Қорғанысты нығайту үшін Хорватия құрамасының бұрынғы ойыншысы Томислав Барбарич шақырылды. Сонымен қатар, камерундық Джозеф Нейн «Ақтөбеден» Жайық жағасына ауысты. «Атырау» соңғы екі маусымда жарақатына байланысты ойнамаған жергілікті футболшы Алексей Родионовқа жаңа мүмкіндік ұсынды. «Каспийден» қорғаушы Руслан Жанысбаевты шақырылды. Командаға келген Рафкат Аслан пен Пиралы Алиев жазда «Ертістің» қатарын толықтырды.
Маусымды сәтсіз бастаған Вахид Масудовтің орнын молдваиялық маман Андриан Сосновский басты. Кубок жолындағы барлық төрт ойын жаңа бапкердің жетекшілігімен өтті.
Жастар командасынан 21 жастағы Ринат Жұматов шақырту алды. Жартылай қорғаушы жаттықтырушылардың сенімін ақтап, 19 рет жасыл алаңға шықты. Сонымен қатар, жазда команданың қатарынан Антон Чичулин «Шахтерге», Руслан Эсатов «Мақтаралға» ауысты.
Шілде айының басында «Атыраудың» жаңа бапкері таныстырылды. Ол – Виктор Кумыков. Қазақстанда бұл маман «Шахтерді» жаттықтырып, Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығуымен кең танымал болды. Ол нақты селекция жасап, төрт футболшыны шақырды. Сол қаптал Словакия құрамасында бірлі-жарым матч өткізген Франтишек Кубикке тапсырылды. Юрий Перцух және Дидар Жалмұқан сынды жас футболшылар команданың жартылай қорғанысын күшейтті. Жергілікті жанкүйерлерге жақсы таныс қорғаушы Юре Обшивач қайта оралды.
Маусымның екінші жартысында мұнайшылар батыл шешімдерді қабылдап, келесі жылы Премьер-лигадағы орнын сақтап қала алды. Алда жауапты ойын күтіп тұр. Қазақстан Кубогының финалында «Қайрат» қарсылас атанады.