KZ
KZ RU
27 ақпан 2019 10:51
OLIMPBET СУПЕРКУБОК

Қайрат Нұрдәулетов: «Суперкубок ойыны өте тартысты болады деп ойлаймын»

27 ақпан 2019 10:51
Қазақстан Суперкубогы үшін өткен ойынға үш рет қатысқан Қайрат Нұрдәулетов маусымашар ойында жеңіске жету жолын өзгелерге қарағанда жақсы біледі. Танымал футболшы 2011 жылы елордалық «Локомотив» футбол клубымен Қазақстан Суперкубогының иегері атанған болатын.
 
- Қайрат Жұмабекұлы, Суперкубок ойынының Чемпионат пен Кубоктан айырмашылығы қандай?
- Суперкубок – ұзақ уақыт үзілістен кейін жаңа футбол маусымының тұсаукесер ойыны. Жанкүйерлер мен мамандар бұл ойынды асыға күтеді. Оқу-жаттығу жиынындағы нәтижелер мен командалардың жағдайы үлкен қызығушылық танытады. «Астана» мен «Қайрат» футбол клубтары бесінші рет Суперкубок үшін таласқа түспек. Екі команданың өзара кездесуі әрқашан қызықты. Суперкубок үшін ойын өте тартысты болады деп ойлаймын.
 
- Үш рет Суперкубок ойынына қатыстыңыз. Ең алдымен «Тобылдың» қатарында, кейін екі рет «Астана» жейдесінде алаңға шықтыңыз. Әр ойын несімен есте қалды?
- Әр ойынның өз ерекшелігі бар. Суперкубок үшін өтетін матчтар әрқашан тартымды. Ең үздік командалардың күштерін өзара сынауы әрдайым қызықты екені белгілі. Чемпионаттың ойындарына қандай дайындықпен келгеніңе баға беруге болады. Суперкубок ойындарында алаңға шығу әрдайым ұнайтын. Жеңіске жету арқылы екі есе ләззат аласың. 2011 жылғы финал ерекше есте қалды. Сол жылы Суперкубок иегері атандым. Жаңа маусымды жеңіспен бастаудың маңызы зор.
 
- Қазіргі уақытта Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысының көмекшісі қызметін атқарып жүрсіз. «Астана» мен «Қайрат» ойыншыларының дайындығын бақылай алдыңыз ба? Екі команданың оқу-жаттығу жиыны бойынша қандай қорытынды шығардыңыз?
- Қазақстанның ұлттық және жастар құрамаларының жаттықтырушылар штабымен бірге Түркияда бірқатар отандық футбол клубтарының ойындарын бақыладық. Оның ішінде «Астана» мен «Қайрат» та бар. Әр ұжымның алға қойған мақсаттары болады. Әр бапкер өз шәкірттерін бабына қайта келтіру үшін жұмыс істеп жатыр. Футболшылар жаңа маусымға дайын деп ойлаймын. Дайындық деңгейі ойын мен нәтижеге әсер етеді.
 
- Әр жылдары «Қайрат» пен «Астананың» қатарында ойнадыңыз. Алдағы ойында кімге қолдау көрсетесіз? Бұл командалардың ерекшелігі неде?
- «Астана» мен «Қайраттың» сапында ойнадым. Алматыда туып өстім. Бапкер болғаннан кейін әлде бір командаға басымдық бере алмаймын. Екі клубтың ойыншылары еліміздің ұлттық құрамасына тұрақты шақырылады. Өте тартысты ойын үшін қолдау көрсетемін. Футболшылар жарақаттан аман болсын. Ең бастысы ойынның жанкүйерлер көңілінен шығуы.
 
- Маусымашар ойыннан не күтесіз?
- «Астананың» негізі құрамы сақталды. Ал, «Қайратқа» жаңа бапкер келді. Яғни, алматылық ұжым жаңа ойын көрсетеді деп ойлаймын. Ең бастысы бапкердің футболшыларға өз ойын жеткізе білуі. «Қайрат» ойынды өз алаңында қабылдайды. Бұл – негізі басымдықтың бірі. Жанкүйерледің сенімін ақтайтын ойын болады деп үміттенемін.