KZ
KZ RU
27 мамыр 2013 20:56

Қайрат Әшірбеков: «Әр ойын сайын жеңіске талпынамыз»

27 мамыр 2013 20:56
Аталмыш кездесуден кейін Қайратты сұхбатқа тартып, осы ойын жайлы және өзге де мәселер туралы сұраған едік.
 
- Қайрат, "Астанамен" болған ойын жайлы айтып берсеңіз. Еліміздің басты фавориттерінің бірін қалай жеңе алдыңыздар?
- Мұның алдында өз алаңымызда "Жетісудан" жеңіліп қалған едік. Ел чемпионатының аутсайдері, оның үстіне, қаржыдан қағажу көріп жүрген ұжымнан жеңілу бәрімізге ауыр тиді. Сондықтан, осы жолы қалайда үш ұпайды еншілегіміз келді. Алаңның әр бөлігі үшін таласып, тізгінді қолымыздан шығармауға тырыстық. Бірақ, сенесіздер ме, "Астана" қақпасына гол соғып алған соң, өзіміздің күшімізден өзіміз шошып кеттік те, не істерімізді білмей қалдық. Қарқынымызды бәсеңсітіп, "Астананың" шабуылдауына мүмкіндік беріп қойдық. Алайда біздің жеңісіміз - заңдылық.
 
- Үзіліс кезінде бас бапкерлеріңізден қандай тапсырма алдыңыздар? Виктор Пасулько есепті ұстап тұру үшін қорғанысқа көңіл бөлуді сұрады ма, әлде жиірек шабуылдауды талап етті ме?
- Шабуылдауды сұрады. Өйткені, қорғанысқа жатып алу дегеніміз - ойын тізгінін қарсыластың қолына ұстатып қою деген сөз. "Астана" кез-келген қорғанысты бұзып өте алатын команда. Сондықтан, допты өз алаңымызда емес, "Астананың" алаңында ұстау керек болды. Көбінесе қарымта шабуылдарға иек артуға тырыстық.
 
- Қорғаушыларыңыз Мұхтар Мұхтаровтың алаңнан қуылуы ойын барысына қаншалықты әсер етті?
- Үйреніп қалдық қой. Әр ойын сайын осындай проблемаға кездесіп жатамыз. Ойыншыларымыз алаңнан жиі қуылады. Не себеп екенін түсіндіре алар емеспін. Әлбетте, кем құрамда ойнаған жаман. Тактика деген жайында қалып, қарабайыр ойынға көшесің. Амал жоқ, он ойыншымен қарсы тұруға мәжбүрміз. Бірақ соның өзінде "Астанаға" еш мүмкіндік бермедік. Ойыннан кейін "Муханың (Мұхтаров) қызыл қағазына бекер уайымдаппыз ғой" деп жігіттермен бірге бір күліп алдық. Өйткені, бұл қызыл қағаз "Астанаға" пайда әкелген жоқ.
 
- Ал қорғаушыларыңыздың алаңнан қуылғанын әділеттілік деп ойлайсыз ба?
- Мен алыста тұрғанмын. Сондықтан, қызыл қағаздың орынды көрсетілді ме, жоқ па бұл жағын нақты айта алмаймын. Бірақ төрешілер қателеспейтін шығар. Жалпы, Қазақстанда төрешілік жоғары деңгейде.
 

- Енді келесі кездесуді «Атырауға» қарсы өткізесіздер. Алдарыңызға қандай міндет жүктелген?

- Өз алаңымызда ойнаймыз. Сондықтан, бізге тек жеңіс керек. Шымкенттік футболсүйер қауым бізден тек қана жеңіс күтеді. Оларды жерге қаратпауға тырысамыз. Әр ойын сайын "Орда" турнир кестесінде жоғары өрлеп келеді. Біз жеңістерімізді жанкүйерлерімізге арнаймыз. Осы жеңісіміз бізді одан сайын жігерлендіріп, алдағы ойындарға да күш береді деп үміттенеміз.