Қайсар ӘБДІРАЙЫМОВ: «ВИКТОР ПАСУЛЬКО «ОРДАБАСЫНЫ» АЛҒА СҮЙРЕДІ»
«Ордабасы» командасының жарқын жетістіктері атап айтқанда, 2011 жылғы ел кубогының және 2012 суперкубокты жеңіп алуы тікелей бас бапкер Виктор Пасульконың ерен еңбегі екенін біз ешқашанда жоққа шығара алмаймыз.
Виктор Василевич команданы мықты футболшылармен жасақтап, тұңғыш рет облыс футболының тарихында Еуро лига командалары арасында күш сынасты.Еуролигаға қатысып қана қойған жоқ,азулы командалармен тіресіп тіпті, алғашқы айналымда Сербияның «Ягодина» командасын жеңіп жарысты жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Екінші кездесуде Норвегияның ғана емес, Еуропаның азулы командаларының біріне баланатын «Русенборгпен» өз алаңында тең түсіп ,қарымта кездесуде ғана есе жіберді.Матчтың соңғы секундтарында гол жіберіп алған құраманың сапында аса тәжрибелі ойыншы команда капитаны Қайрат Әшірбеков жарақатына байланысты жасыл алаңға шықпады.Төреші түсініксіз жағдайда А.Касьяновтың салған 11-метрлік айып голын есепке алмады. Міне, осындай психологиялық жүктемелер команданың тең ойынды ұстап қалу мүмкіндігінен айырды. Солай бола тұра команда қай жағынан алып қарағанда да өз атына лайық дәрежеде өнер көрсетті. Бас бапкердің тактиканы дұрыс таңдап футболшылармен тіл табыса білуінің арқасында жеткен жетістігі де ойдан шығып отыр.
Чемпионатты жетінші орынмен аяқтаудың өзі зор жетістік болып табылады. Дегенмен, жұмыс болғаннан кейін кемшіліктердің де болмай тұрмайтыны белгілі . Бұл ретте, жұмыла көтерген жүктің арқасында «Ордабасы» командасының ұжымы өз биіктерінен көрінді. Еуропа сапарынан кейін команда да құлдырау кезеңі басталды.Жанкүйерлер ел чемпионатының жоғары орындарынан көрінуге үміт еткен команда әр тур сайын жеңіліске ұшырап, облыс басшылығы мен команданың жанкүйерлері артқан сенімді жоғалтып ала жаздады. Осы бір қиындық орын алған сәтте тығырықтан шығу мақсатында команданың бас бапкері Виктор Пасулькоға сын ескертпелер жасауға тура келді. Бапкердің уәжі «Футболшылар өздерінің физикалық күш жігерлерін дұрыс сақтай алмады. «Русенборгпен» болған ойында бар мүмкіндікті сарп етіп, кейінгі ел чемпионатындағы ойындарда шаршап қалды деген түсініктеме берді. Сонда клуб басшысы ретінде «Сіз Туркиядағы оқу жаттығу жиыны кезінде осы мәселені неге алдын ала ойластырмадыңыз.? Еуропа лигасында ойнайтынымызды алдын ала білдіңіз. Сіздің талаптарыңыздың барлығында мүлтіксіз орындадық. Құрамаға аламын деген ойыншыларыңызға жағдайымызға қарап ешқандай да қарсылық білдірген жоқпыз.Сонымен бірге Қазақстан чемпионатында ойып тұрып орын алатын Фархадбек Ирисметов сынды дара ойыншыларды сақтап қала алмадыңыз» деген бағыттағы уәжімізді айтқан болатынбыз. Виктор Василевичтің күні бүгінге дейінгі талабы шет ел аренасында ойнап жүрген кәсіби клубтардағыдай жағдайдың жоқ екендігін алға тартады. Орталық стадионның біздің клубтың иелігіне қарамайтынын айтқанымызбен оны иландыра алмадық. Расында да, УЕФА –ның талабына сай емес Шымкенттегі орталық стадионның жағдайы оны толғандыратындығын, футболшылардың жаттығу жұмыстарын жасау қиындық соғатындығын жеткізген еді. Сонымен бірге, Еуро лига кездесулерінің Алматыда өткендігіне өкініш білдірді. Сол матч өз алаңымызда өткенде, бәлкім нәтиже басқаша балар ма еді деген ойын да жасырмады. Ел чемпионаты аяқталған соң бас бапкер В.Пасулько мен «Ордабасы» кәсіби футбол клубымен жасасқан келісім-шарт аяқталды. Сондықтан да, ұжым болып және жергілікті жанкүйерлердің атынан тәжірибелі маман Виктор Пасулькоға жылы лебізімізді білдіріп, алғыс айтып, өз еліне шығарып салғанбыз.
Қазіргі таңда бас бапкер де, футболшылар да чемпионаттан кейінгі демалыста. Келесі жылы премьер- лига командаларында облысымыздың намысын қорғайтын «Ордабасы» командасының алдында жаңа белестер, биік мақсаттар тұр».