Қайсар Бекенов: «Біз былтырғы құрамнан кем емеспіз деген сенімім бар»
Бүгін жаңа футбол маусымына дайындығы, трансферлік саясаты және шетел клубтарының астаналық футболшыларға қызығушылығы туралы «Астана» клубының бас менеджері Қайсар Бекенов баяндайды.
- Қайсар Рауфұлы, «Астана» клубының жаңа маусымға дайындығын қалай бағалайсыз? Барлығы жоспардағыдай өтіп жатыр ма?
Дайындық жоспар бойынша өтіп жатыр. Бапкерлік құрамның оқу-жаттығу жиынына жасалған жағдайға көңілі толуда. БАӘ жақсы дайындалып, екі жақсы жолдастық кездесу өткізді. Түркиядағы ОЖЖ-да командаға барлық жағдай жасалып, келесі маусымға алаңсыз дайындықтарын жүргізіп жатыр.
- Сіздің клубтың назары нақты бір ойыншыларға бағытталған сияқты. Қазіргі таңда клуб қосымша 9-10 легионер қатыстыра алады. Осыған орай жоспарларыңызда жаңа футболшылар сатып алу бар ма?
- Барлығы кандидаттардың деңгейіне байланысты болады. Егер бапкерлер штабымен бірге қандай да бір ойыншы, шынымен, команданы күшейтіп, оның деңгейі жоғары болса, онда біз онымен жұмыс істей бастаймыз. Жалпы, біз қазір 9-10 легионер шақыртпасақ та, бұл мүмкіндікті жазда, яғни Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңі қарсаңында пайдалана аламыз. Алайда бізге УЕФА тарапынан футболшылар сатып алуға тыйым салынған. Бұл бізге деңгейі жоғары ойыншылар табуға қиыншылықтар туғызуда. Дегенмен, клубтағы селекциялық жұмыс уақытылы жүріп жатыр.
- Клубтың Чемпиондар Лигасындағы мақсатын ескерсек, бұл жаңашылдықтар командаға басымдық бере ме?
- Меніңше, бұл клубтарға еуропа алаңдарында барынша бәсекелес болуға мүмкіндік береді. Себебі біз ойнаған барлық команда дерлік футболшы таңдауда еш қиналмады. Өйткені оларда легионерге деген лимит болған жоқ. Сондықтан бұл жаңашылдықтар құрамамызды сапалы әрі деңгейі жоғары ойыншылармен толықтыруға керемет мүмкіндік.
- Рохер Каньяс жарты жылға АПОЭЛ-ге кетті. Қалған командалар жаңа ойыншылар шақырып жатқанда, бұл ойыншысыз көктемгі ойындарда қиын болмай ма?
- Жалпы, Станимир Стойлов пен Саян Хамитжанов өз сұхбаттарында айтқандай, бұл командаға да, ойыншының өзіне де жақсы. Каньясқа басқа чемпионатта, Еуропа Лигасының көктемгі ойындарына жолдама алған мықты клубта ойнауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, бұл чемпионаттың көктемгі кезеңінде Иван Маевскийдің ойынын бақылауға да таптырмайтын мүмкіндік. Себебі бапкерлер штабы бұл трансферді жоғары бағалаған еді. Сол себепті Каньястың арендаға кетуі барлық тараптарды қанағаттандырды. Меніңше, біз қарсыластарымыздан қалыспай, қарқынды жұмыс жұмыс істеп жатырмыз. Клуб сапына өз елдерінің намысын қорғайтын бірнеше футболшы қосылды. Сондықтан бұл команда өткен жылғы құрамнан еш кем емес.
- Иван Маевскийді қалай бағалайсыз? Оның мықтылығы неде? Мысалы, Каньяспен салыстыра аласыз ба?
Бұған дейін айтқандай бапкерлер бұл трансферге риза. Біз оны бұрыннан бақылап, мүмкіндік пайда болған кезде бірден сатып алдық. Оның мықты жақтары – футбол интеллектісі, ол алаңда көп жұмыс істейді. Осыған қоса Иван қорғаныс жағынан өте мықты. Осылайша, ол біздің командаға қарсыластың шабуылдарын тоқтатуға көп септігін тигізбек. Каньяс екеуін салыстыру қиын. Себебі Рохер алаңдағы мақсат-міндеті бойынша шабуылға бағытталса, Маевский классикалық тірек жартылай қорғаушы.
- Жазда, яғни еурокубоктар алдында, «Тоболға» арендаға кеткен Сергей Малый мен Алексей Щеткин командаға қайтып келуі мүмкін бе? Осыған қоса қостанайлық клубқа Джордже Деспотович та кетті.
- Иә, бұл футболшылар және Каньяс командаға қайтып келуі мүмкін. Барлығы жазда қандай позицияны күшейтуге байланысты болады.
- Агим Ибраими бойынша жағдай түсініксіз. Трансферлік терезе жабылды. Бапкерлік штабтың македониялық ойыншымен жазда «Валенсияға» кететін Неманья Максимович туралы ойы қандай?
- Ибраимиге байланысты айтатын болсам, футболшы трансферге шығарылған. Бірақ қазір Еуропада трансферлік терезе жабық және Агимнің денаулығы сыр берген. Осыған қарамастан біз барлық тарапты қанағаттандыру үшін футболшы мен оның агентімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Максимович жайында жағдай әлі анық емес. «Валенсиямен» де ойыншының өзімен де келіссөздер жүріп жатыр. Біз Максимовичке сенім арта аламыз ба жоқ па осыны нақтылап алу керек. Барлығы жүріп жатқан келіссөздерден кейін анық болады.
- Өзін Африка Ұлттар Кубогында керемет көрсете білген Джуниор Кабананга бойынша көп ұсыныс түсіп жатқан болар?
- Шынымен, еуропалық және азиялық клубтар тарапынан Джуниорға деген көп қызығушылық бар. Бірақ біз бұл ойыншыға сенім артып, біздің командаға үлес қосады деп отырмыз. Сондықтан, Джуниор бойынша сұмдық бір ұсыныс түспесе, ол «Астана» сапында ойнай береді.
- Елордалық футбол клубының бренді барынша насихатталып, бұл бағыттағы жұмыс айқын көрініп жатыр. Сіздердің жанкүйерлерге көңіл бөліп, түрлі акциялар ұйымдастырып, ойыншылар медиа тұлғаларға айналып келеді. Жаңа маусымда жанкүйерлерді тағы қандай тосын сыйлар күтіп тұр?
- Біз жанкүйерлермен жұмыс бойынша әлі де қалып келеміз, алайда осы олқылықты барынша тез жоюға күш салудамыз. Дайындаған барлық тосын сыйды айтқым келмейді, бірақ келесі маусым жанкүйерлер үшін табысты әрі қызықты болатынына сенімдімін. Қайталап айтайын, біз үшін жанкүйрлерімізбен жұмыс өте маңызды, сондықтан бұл бағыттаға жұмысты қазіргіден де көп күшейтеміз.
Сұхбат алу кезінде қолдау көрсеткен "Астана" клубының баспасөз қызметіне алғысымызды айтамыз
суреттер - "Астана" ФК