KZ
KZ RU
20 тамыз 2013 23:00

Қазақстан футболының жарқын жеңісі

20 тамыз 2013 23:00

    Енді бір рет «әуп» деп жіберсе, Қарағандының «Шахтері» Чемпиондар лигасының топтық турниріне жолдама алады. Плей-офф кезеңінің бірінші кездесуі аясында «Астана-Аренада» Шотландияның «Селтигін» қабылдаған «кеншілер» 2:0 есебімен жеңіске жетті.

«Шахтер» (Қарағанды) — «Селтик» (Глазго, Шотландия) – 2:0
Голдар:
Финонченко, 12. Хижниченко, 77.
Ескерту: Муйоколо, 45.
«Шахтер»:
Мокин, Василевич, Порываев, Джидич, Малый, Симчевич, Вичюс, Казарян, Каньяс, Финонченко (Зенькович 82), Хижниченко.
«Селтик»:
Форстер, Исагирре (Балде, 82), ван Дейк, Малгрю, Муйоколо, Лустиг (Мэтьюз, 67), Браун, Коммонс, Лэдли, Самарас, Форрест
Бас төреші:
Павел Краловец (Чехия)
Астана. «Астана-Арена».

   
Қонақтар ойынды өте қарқынды бастағанымен Виктор Кумыков шәкірттері 12-минутта-ақ есеп ашты. Қорғаушылардың арасынан сытылып өткен командамыздың капитаны Андрей Финонченко допқа бірінші болып жетіп, қақпаға дәл тоғытты. Одан кейін жерлестеріміз бұдан да сауатты ойнап, шотландиялықтарға еш мүмкіндік бермеді. Рас, қонақтардың алыстан бағыттаған жойқын соққыларының бірі қақпа маңдайшасынан кері серпілді демесеңіз, өзге сәттерде Александр Мокин мен оның сенімді қорғаушылары қауіптің бетін дер кезінде қайтарып отырды. Ал кездесудің 72-минутында оң қапталмен өрбіген қарымта шабуылдан соң Сергей Хижниченко бірден допты қақпаға қақыратпақшы болған, қорғаушы жанталаса «теңбіл снарядтың» алдына жата қалды. Дегенмен, бірінші болып «кеншілеріміз» жетіп, әуелете асырылған жартылай соққы, жартылай пасты Хижниченко баспен қақпаға дәл қадады. Есеп – 2:0, «Шахтер» Шотландияның «Селтигін» естен тандырды.

 Енді жауапты ойын бір аптадан кейін Глазгода өтеді. Жерлестерімізге сәттілік! Ал бейсенбі күні «Ақтөбе» Еуропа лигасының плей-офф кезеңі аясында Украинаның «Динамосын» қабылдайды. «Шахтердің» жеңісті жолын Владимир Никитенко шәкірттеріне жазсын деп тілейік!

 

 

Фото: Динара Байқадамова sports.kz