Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы «Астананы» Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығуымен құттықтайды!
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы «Астана» футбол клубын және барша футбол жанкүйерлерін елордалық ұжымның УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығуымен құттықтайды.
«Астана» маңызды кездесуге салмақты көңіл-күймен және мұқият дайындықпен келді. Өйткені, бұл кездесуде жеңіске жеткен командаға Еуропа Лигасының топтық кезеңінен орын бұйырып, жеңіліп қалған команда жарыстан қош айтысатын еді. Стадионға жиналған жанкүйерлердің қолдауымен алға ұмтылған елордалық футболшылар Кипрден келген қарсыласқа лайықты қарсылық көрсетті.
Елордалық ұжымның және Қазақстан Ұлттық құрамасының қақпашысы Ненад Эрич салқынқандылық танытып, мінсіз ойнады.
Қиын сәтте «Астана» командасын қолға алған Григорий Бабаянға да жеке алғыс білдіруге болады. Ол еурокубоктың топтық кезеңіне клубпен бірге шыққан алғашқы қазақстандық бапкер ретінде тарихқа енді.
Сонымен қатар, «Астана» алғаш рет еурокубок маусымында экстра-тайм ойнап, ол аяқталған соң матч соңындағы пенальти сериясында сынға түсті. Дәл осы сәт қазақстандық футболдың тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы барша футбол жанкүйерлерін «Астана» футбол клубының жеңісімен құттықтай отыра, елордалық ұжымға топтық кезеңде жарқын жеңістер мен табыс тілейді!